Ауыл

Құс көбейіп келеді

Биыл жаппай кәсіпкерлікті дамыту және нәтижелі жұмыспен қамтудың мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы аясында қарғалылық 18 адам қайтарымсыз грант алып, өз кәсіптерін ашты.

Солардың бірі — Қосестек ауылдық округінің тұрғыны Евгения Скачкова. Былтыр Евгения қайтарымсыз грант алып, құс өсіруді қолға алды. Қазір жас келіншектің ауласында 86 қаз, 210 тауық, 50 үйрек пен бөдене бар.

Декреттік демалыста жүрген Евгения «Бастау-Бизнес» бағдарламасы бойынша курсқа қатысып, білім алып, өз жобасын қорғады. Осылайша мемлекет тарапынан 505 мың теңге қайтарымсыз грант алып, құс өсіру кәсібін бастап кетті. 

— Бұл қаражатқа 115 тауық пен 15 қораз сатып алдым. Сонымен бірге бір «Несушка» инкубаторына да қаржы жетті. Бір өкініштісі, алғашқы тәжірибе біз үшін сәтсіз болды, сатып алған құсымыздың 50 пайызы өліп қалды, — дейді кәсіпкер.

Бұл жас кәсіпкерлерді одан сайын қайрады. Инкубатордың көмегімен құс санын қайта көбейтіп алғандарын, тіпті сатуға шығарғандарын айтады.

—Тәуліктік балапандар 400 теңге, үйректер жасына қарай 450-ден 750 теңгеге дейін тұрады. Қазір құстың етті, жұмыртқаны көп беретін тұқымдарына мән беріп отырмыз. Ол үшін адлер күміс тұқымының жұмыртқаларын сатып аламыз. Бұл тұқым етті келеді, әрі ауруларға иммунитеті төзімді. 100 үйрек пен 1200 балапаннан кемінде 600 мың теңге табыс табуға болады. Барлық табысты ісімізді одан әрі дамытуға жұмсаймыз, яғни құс, инкубатор сатып алып жатырмыз. Бүгінде әрқайсысы 104 жұмыртқаға арналған 5 инкубаторымыз бар,   —  дейді Евгения Скачкова.

— Құс өсіру — көп еңбекті қажет ететін жұмыс. Құс шаруашылығының қыр-сыры туралы жолдасымыз екеуміз жұмыс істей жүріп, зерттедік, қазір интернетте ақпарат көп, қажеттінің барлығын табуға болады. Бастапқыдай емес, құстың жемін дайындау, дәрумендерін беру, күтіп-баптауды толық меңгеріп алдық. Сатып алушылар да бізге сеніммен қарайтын болды, қазір өзіміздің тұрақты клиенттеріміз де бар, — дейді кәсіпкер.

Евгения жақында кәсібін кеңейту үшін тағы да мемлекеттік бағдарламаларға жүгінді. Бұл жолы мемлекеттік «Кәсіпкер» бағдарламасы аясында 2 млн 100 мың теңге көлемінде несие алып,  комола тұқымды 7 бас ірі қара сатып алды. Болашақта кәсіпкер құс қорасын салып, бірден 1000 жұмыртқа басатын инкубатор сатып алуды жоспарлап отыр.

— Құс қорасын салу үшін үйіміздің қасынан жер алып, рәсімдеп қойдық.  Бірлескен еңбектің, ата-аналарымыздың қолдауы мен көмегінің арқасында ісімізді кеңейтуге қол жеткізіп отырмыз. Енді бұл істі отбасылық бизнес деп атауға болады, ал біздің фермамыз міндетті түрде «құс империясына» айналады,  —  дейді Е.Скачкова.

Виктория ЮСУПОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button