Басты жаңалықтар

Италақазды жемейтін қазақ едік…

Жақыныңа жанашыр бол!

Әлемді індет жайлап, үйде қамалып отырғалы басыңа келмейтін ой жоқ. «Аты өшкір бұл індет қайдан тарады, оған не себеп болды?» — деп, дал боласың.

Асылы, біздің арғы аталарымыз — дана, «Ауру — астан» деп бекер айтпаған. Қандай жағдайда да індеттің бір себебінің аспен байланысты болатынын білген. Көшіп-қонып, ен даланы жайлап жүрсе де, осыны ұдайы, қатты ескеріп отырған. Тамақ таңдауға, ас ішуге келгенде кірпияз, адал, арам деп бөлген. Өзге халық жеңсік ас санайтын даланың аң-құсының өзіне сақтықпен қараған. Жер бетінде жүгірген аңнан құлан мен бөкеннің, киік пен қоянның, көкте ұшқан құстан дуадақ пен үйректің, бөдене мен қаздың, судан балықтың етін ғана жаратқан. Тіпті, қаз атаулының да бәрін бірдей жарата бермеген. Айталық, сол үйрек пен қаздың бір тұқымдасы — италақаздың етін жемеген, арамға санаған. Жазығы — ұясын ескі інге, көне жұрттың орнына салады. Ал ондай жерде індет, ауру қаупі болуы мүмкін.

Тіпті кешегі алпысыншы жылдарға дейін біздің шешелеріміз дала құсы түгілі, өзі асырап, бағып отырған үйдің құсының өзіне сақтықпен қарайтын. Тамаққа жарататын тауықты үйде бөлектеп, қырық күн аяғынан байлап, қолдан жемдеп бағып барып соятын. Сондағы айтатыны — бос жүрген тауықтың жемейтіні жоқ, арам. Солай қадағалап баққан құстың өзін, ол тауық, не үйрек, не қаз болсын, қазанға салғаннан кейін бір қайнатып, сорпасын төгетін. Бүгінде ол ұмытылды. Қазіргі әйелдер мұндай сақтық шараларын артық санайды.

Біздің халқымыздың асқа мұншалықты талғаммен қарауы, көп елдермен салыстырғанда, төрешілдік сынды көрінуі де мүмкін. Өңештен өткеннің бәрін тамақ қылу біраз елдерге тән. Алғаш рет мен жетпісінші жылдары Болгарияға туристік сапармен барғанымда, кәдімгі құрбақаның дүкендерде жүзімнің жәшігі сынды жәшіктерге салынып, тірілей сатылатынын көріп шошығаным бар. Бақсам, біздің кез келген суымызда өріп жүретін құрбақа батыс елдерінде жеңсік ас саналады екен. Ал бізде сол кезде: «Балығын жесең, оның бақа, шаянын да жеуің керек қой» деп, өзен-судағы кәдімгі балықты өмір бойы ауызына салмайтын адамдардың бар екенін  айтатын.

Кешегі кеңестік заманның бастапқы жылдарында қазақ екі аштықты бастан кешірген. Аштан ісіп-кеуіп өлейін деп жатса да, құрт-құмырсқа, жәндікті қорек қылмаған. Бірен-саран балпақ, тышқан, сарышұнақ аулап жан сақтағандар болған. Бірақ олар көпшілікке қосылмай, айдалада қашып жүрген. Жалпылама бұл мақұлықтарды да арамға жатқызады. Алайда оның негізгі төркіні, кейін белгілі болғанындай, оба ауруын тарататын қаупінде екенін оқымаған қазақтың өзі көкірегімен сезген сияқты.

Қазір әлемде коронавирус індетінің қайдан таралғаны екі ұдай талас туғызуда. Соның ішінде жарғанаттан шықты дейтіндер басымырақ. Жарғанаттың бойында бұл аталған вирустың тұрақты жүретіні ғылымға әлдеқашан белгілі болған. Тікелей адамға жұқпайтыны дәлелденген соң, маңыз берілмеген.

Бірақ біздің халқымыздың жарғанаттан әркез қауіп етіп отыратынын, қазіргі жастар білмегенмен, аға буын ұмытпаған болу керек деп ойлаймын. Біздің бала кезіміз де, тіпті жігіт, үй болған шағымызда да, шешелеріміз, үлкен әже-аталарымыз: «Түнге қарай бесікті жабыңдар? Жарғанат қонар, сәбидің қанын сорар» деп ескертетіні есте қалыпты. Ал өзен-су жағалап, балық аулап демалып жүргенде, таза ауада ұйықтаған кейбір ағаларымыздың: «Тынығудың орнына, әлсіреп, шаршап қалыппын. Жарғанат қонған жоқ па екен?» деп жатқанын талай естуші едік. Бірақ оған мән бермеуші едік.

Мына індет кезінде осы жағдайлар еске түседі. Әрине, жарғанаттан таралғанның өзінде, бұл вирустың ешбір дәріге көнбейтін, өлмейтін уытты болуы — адамның қолымен өзгертіліп, өткірленген деген пікірлерге қосылғым келеді. Өркениет тапқан ақыл-ойдың барлық кезде адамзатқа қызмет етпейтіні белгілі болып қалды ғой…

Не болғанда да, бұл індет-пандемия біздің өмірімізге кірді. Әлем солай мойындап отыр. АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Еуропаның көптеген елдері қарсы тұра алмауда. Осы індетті ауыздықтайды-ау деп, біз дәметкен бұл елдерде індеттің екінші толқыны өршуде. Мұны күнбе-күн бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп, көріп отырмыз. Соны көре тұра, көп жерде қамсыздыққа жол берілгенін айтпасқа болмайды. Біздің елімізде де қазір бірқатар аймақтар қауіпті қызыл түске боялды. Президенттің елде ай бойы жедел карантин жариялауымен, алғаш індет таралған кезде жақсы сақтанғанымызды, бірақ одан кейін босаңсығанда, ел бойынша қатты шығынға ұшырағанды ұмытуға болмайды. «Бізде бәрі жақсы» деп кеңшілікке сала берген жақсылыққа апармайды. Жалпы індеттің жағдайын барлық жерде биліктің қатаң қадағалағаны жөн, бірақ оның көрсеткішіне айналмағаны  дұрыс болар еді. Санитарлық бақылау ұйымдары тікелей орталыққа бағынып, республикадан қадағаланса тиімдірек сияқты. Сонда нақты сырқатты жасыруға, азайтып көрсетуге жол берілмес еді. Әйтпесе мұндай қылықтың жақсы болмайтынын бабаларымыз  «ауруын жасырған өледі» деп әлдеқашан айтып кеткен.

Қауіпті індеттен қорғанудың оқшауланудан өзге тиімді жолын әзірге әлем таппай отыр. Екпе жөнінде де бір тұжырым жоқ. Және оның қашан қолға тиетіні белгісіз. Сондықтан әзірге ұсынылып отырған қорғаныш талаптарын қатаң сақтау қажет. Оның бір тәсілі — бетперде. Оны тастамауды әжептәуір үйрендік. Алайда бетперде қалың көпшіліктің ортасына кіруден тартынбайтын болсақ, қорғай ала ма? Қазір мейрамханалар мен дәмханалар шекті мөлшерде өткізіп жатырмыз деп, баяғыша той-садақа өткізуге үйреніп алды. Қасбеттен қабылдамай, келушілерді сыртқы жағынан, жасырын — жабық есіктен кіргізіп алып жатады. Олар үшін халықтың денсаулығынан қаржы қымбат, бизнесінің жүргені керек. Ал осыны күнде көріп отырып көпшілік те үндемейді. Себебі, топырақты өлімде, торқалы тойда төбе көрсетпеу — қазақ үшін қиын жағдай. Бірі барып жатқасын, екіншісі бөлініп қала алмайды. Сөйтіп өзімізді-өзіміз алдап жатырмыз.

«Ана тілі» газетінде қадірлі ақсақалымыз, академик Төрегелді Шармановтың «Жақыныңды қаншалықты жақсы көрсең, соншалықты одан алшақ бол» деп халыққа арнаған хаты жарияланды. Онда ол тоқсан жасқа толған мерейтойын көпшілікті жинап өткізбейтінін мәлімдеді. «Мерейтойыма қатысты жақындарымның, танып білетін достарымның, қалың әлеуметтің түрлі іс-шаралар өткізіп, мерейтойды атап өткілері келетіні түсінікті жайт. Бұл, әрине, олардың оң ықыласы, ізгі ниеттері, көрсетер сый-құрметі. Осының өзіне мен шын жүректен ризамын, алғысым зор. Өз тілектерін, құттықтауларын хат, электрондық пошта арқылы жіберіп жатса да төбем көкке жетер еді. Мен үшін халқымның сау болғаны анағұрлым маңызды. Отандастарымның денсаулығын қауіп-қатерге тігу — үлкен қылмыс. Көңілге бай қазағымның «сақ жүрсең, сау жүресің» деуі өзекті болып отыр» деп жазды.

Өкінішке қарай, біздің барлығымыз бірдей академик ағамыз сынды тұрғыда ойлап, салтанатты мерейтой, үлкенді-кішілі той-топыр өткізуден бас тарта аламыз ба? Әзірге ондай бас тарту, тиылу көп көрінбейді. Өзім білетін бір адамды ғана мысалға келтіруге болады. Ол біздің қатарымыз — Рақым Қарабалиев. Ақтөбе қаласында тұратын бұл азамат бірсыпыра жылдардан бері әке рухына тағзым ретінде Ойыл ауданында көптеген шараларға ұйытқы болып жүр. Ұзақ жыл орта мектептерде ұстаздық қызмет атқарған, әкесі — Ұлы Отан соғысының ардагері Қожас Қарабалиевті еске алуға арналған волейболдан аудандық, аймақтық біріншіліктер өткізіп келеді. Биыл сол Қожас Бақиұлының дүниеге келгеніне 100 жыл толды. Ал баласының мұны ескерусіз қалдырғысы келмейтіні түсінікті. Бірақ айнала тыйым салынып отырған кезде қалай өткізу керек?  Ойлана келе, пандемияға байланысты дастархан жаюдан бас тартып, әкесінің туғанына 100 жыл толуына байланысты отбасылық бюджетінен бөлінген 1 миллион теңге қаржыға садақалық ас дәмін әзірлеп, ауылдағы 100 отбасыға таратып берді. Бұл — жақсы үлгі ме, жақсы үлгі. Қазіргідей кезде көпке таратуға тұратын өнегелі іс. Осындай қадамдарды дамытқан жөн. Сосын, жоғарыда академик ағамыз айтқан —«Жақыныңды қаншалықты жақсы көрсең, соншалықты одан алшақ бол» дегені де қазіргі жағдайда қағида сияқты қабылдауға тұратын сөз. Расында да, халқымыздың бұрынғы қалыптасқан бауырмалдық әдеттерінен де әзірге тыйыла тұруға тура келеді.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button