Білім

Жобалар іске асады, мектептер  жаңарады

Біздің облыста білім беру саласына ерекше көңіл бөлініп, қолдау көрсетілуде. Облыс бюджетінің қомақты бөлігі осы салаға бағытталған. Бұл сала мемлекеттік үлкен қолдауға да ие. Тек қана  үш ауысымды мектептер мәселесін шешу мақсатында 2020-2022 жылдары біздің облыс үшін жалпы сипаттағы трансфертпен 9,5 миллиард теңге қарастырылған. Салынып жатқан 13 жаңа мектептің 3-еуінің құрылысы аяқталды. 7 мектептің жанынан қосымша құрылыстар салынуда. «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» мемелекеттік бағдарламасының арқасында облыста 56 білім беру нысанына күрделі жөндеу жоспарланды. Қазірдің өзінде олардың 46-сының жұмысы аяқталды. Біз осы және білім саласындағы атқарылып жатқан басқа да жұмыстар туралы облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаевамен әңгімелескен едік.

— Үш ауысымды, апатты мектептердің мәселесін шешуде қандай жұмыстар қолға алынып жатқанын, жалпы мектеп құрылыстары туралы толығырақ айтсаңыз…

— Апатты жағдайда тұрған және үш ауысымды мектептерді жою — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы. Бұл мәселені шешу облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің де жіті бақылауында тұр. Үш ауысымды мектептер мәселесін шешу мақсатында 2020-2022 жылдары біздің облыс үшін жалпы сипаттағы трансфертпен 9,5 миллиард теңге қарастырылды. Оның 3,9 миллиард теңгесі биыл бөлінді. Келесі жылға — 2,7 миллиард теңге, 2022 жылға 2,9 миллиард теңге бөлу жоспарланған. Құрылыс жұмыстары басталмас бұрын демографиялық және агломерациялық өсім мен жағдай алдын ала ескеріліп, талдау, сараптау жүргізілді. Қазір облыста 5875 орынға арналған 20 мектептің құрылысы жүргізілуде. Нақтырақ айтқанда, 4640 орындық 13 жаңа мектеп құрылысы мен 1235 орындық 7 қосымша құрылыс салынып жатыр. Айта кету керек, осы 20 жобаның 7-еуі жергілікті бюджет есебінен еңсе көтеруде.

Жыл соңына дейін 5 жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Салынып жатқан мектептер 3 ескі, 1 апатты мектептің мәселесін шешеді. Сондай-ақ 6 орын тапшылығы, үш ауысыммен оқытылатын 10 мектептің мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Мысалы, Байғанин ауданындағы Бұлақтыкөл мектебі ескі, қамыстан, ағаштан салынған мектептерді жою мақсатында салынды. 144 орынға арналған аталған мектеп 1988 жылы пайдалануға берілген. Қазір бұл мектепте 89 оқушы білім алуда. Жақында 100 орынға арналған жаңа мектептің  тұсаукесер рәсімі өткізіледі. Жаңа оқу жылының басында Ақтөбе қаласындағы Рауан елді мекенінде №74 жаңа мектеп ашылды. 300 орындық мектеп құрылысы 2019 жылдың тамыз айында басталған болатын. 26 оқу класы, информатика кабинеті, шеберхана, спорт зал, асхана, кітапхана, медициналық кабинетпен жабдықталған. Мектептің ашылуы Рауан елді мекенінің тұрғындары үшін көптен күткен қуаныш болды. Себебі  ата-аналар балаларын өзге мектептерге автобуспен тасуға мәжбүр болатын. Сонымен қатар Темір ауданында Қызылжар орта мектебі пайдалануға берілді. Соңғы жылдары аудан орталығының шеткі бөлігінде жаңа тұрғын үйлер көп салынды. Сол себепті мұнда әлеуметтік нысандарға сұраныс артты. Осы білім шаңырағының қолданысқа берілуі облыстағы үш ауысымды мектептердің мәселесін шешуге де септігін тигізді. Қызылжар мектебі — аудан орталығы Шұбарқұдық кентінде соңғы 30 жылдан бері тұңғыш рет жаңадан бой көтерген білім шаңырағы. 320 орындық мектептің жанында 60 орындық интернаты бар. 3 қабатты мектеп ғимараты заман талабына сай жабдықталған, бейнебақылау орнатылған, интернет желісіне қосылуға мүмкіндігі бар. Жалпы, қолданыстағы үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін 2024 жылға дейін шешу жоспарланып отыр.

— Кейбір білім шаңырақтарының маңынан қосымша құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын айттыңыз…

— Иә, облыс орталығында мектептердегі орын тығыздығы мәселесін шешуде мектептердің жанынан қосымша құрылыстар салынып жатыр. ­Өйткені Ақтөбе қаласының көп шағын ауданында жаңа құрылыс салуға жер тапшы. Сол себепті мектептердің маңынан қосымша құрылыстар салынуда. Қазір облыс орталығындағы 7 мектептің —  №13, №17, №23, №37, №53, №56, №68 мектептердің маңынан қосымша құрылыстар салынып жатыр.

— Шилісайдағы мектеп құрылысы туралы айтсаңыз. 600 орындық мектеп құрылысының қашан аяқталатынына шилісайлықтар алаңдаулы.

— Бұл жобаның әкімшісі — Ақтөбе қаласының әкімдігі. Жобаның  жалпы құны — 1,4 миллиард теңге.  2019-2020 жылы құрылыс үшін 700 миллион теңге бөлінді. Мектеп келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бүгінде Ақтөбе қаласы әкімдігінің жоспарлауы бойынша Шилісай елді мекеніндегі бала санына қарай отырып, көпбалалы, аз қамтылған ата-аналардың өтініш, тілектері бойынша әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына арнап мектептің жанынан интернат ашуды ұйымдастыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

— «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасының да мектептердің жаңаруына септігі көп. Биыл аталған бағдарламаның аясында қанша жоба жүзеге асты?

— Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасының арқасында облыс бойынша барлығы 56 білім беру ұйымына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізілу жоспарланған болатын. Бұл мақсаттағы жұмыстарға  республикалық бюджеттен 4 690,5 миллион теңге қаражат бөлінді. Жобаның басты мақсаты — отандық өндірушілерге қолдау көрсету, жаңа жұмыс орнын құру, соның ішінде жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыссыздарды жұмысқа тарту. Бүгінде 46 нысанда жөндеу жұмыстары аяқталды. 10 ғимараттың жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Жыл аяғына дейін 10 нысанның  жөндеу жұмыстары аяқталады. Жоба аясында 1405 уақытша жұмыс орны ашылды (1309 орын жоспарланған болатын). Оның 688-і (649 орын жоспарланған болатын) жұмыспен қамту орталығы арқылы құрылды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында Ақтөбе қаласындағы 4 білім шаңырағына —֫ №13, №23,№53, №68 мектептерге қосымша  құрылыс жүргізіліп жатыр. Бұл жобаларға жалпы 2,1 миллиард теңге қаражат бөлінді.

— Балапандарды балабақшалармен қамту мақсатындағы жұмыстар қалай жүргізіліп жатыр?

— Мектепке дейінгі ұйымдардың саны 540-қа жетіп отыр. Балабақшалар саны кәсіпкерлермен байланысты нығайту арқылы жүзеге асырылуда. Қазір біздің өңірде 3-6 жастағы балалардың барлығы бірдей балабақшамен қамтылды. Бұл — үлкен жетістік. Бұл көрсеткішке қол жеткізу мақсатында биыл 1332 орындық 17 балабақша ашылды. Індеттің алдын алуда мектепке дейінгі ұйымдардың жұмыс тәртібіне өзгеріс енгізілгені белгілі. Мектепке дейінгі ұйымдарда кезекші топтарға қабылдау ата-аналардың қалауы бойынша ұйымдастырылып жатыр. Облыс бойынша 425 балабақшада кезекші топтар ашылды. 1619 кезекші топқа 21 514 (50,9 пайыз) балапан барып жүр.

— Жаңа оқу тоқсаны басталғалы қанша кезекші сыныптар ашылды? Қашықтан оқу процесі қалай ұйымдастырылып жатыр?

— Бұл оқу тоқсанында да облыстағы оқушыларға аралас форматта білім беріліп жатыр. Осы тоқсаннан  бастап контингенті 300 оқушыға дейінгі 222 мектеп (53,7 пайыз) штаттық режимде жұмыс жасауда. Бұл мектептердегі оқушы саны — 18 640 бала.  Өңірдегі 191 мектеп (46,3 пайыз) қашықтан білім береді.  Онда 141 034 бала оқиды. Бастауыш сынып оқушылары ата-аналарының өтініштері бойынша кезекші сыныптар ашылды. 3432 кезекші топта 44 499 (28 пайыз) оқушы білім алуда.

— Компьютермен қамтылу туралы айтсаңыз…

— Қашықтан оқытылатын мектеп оқушыларын интернет желісімен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 492,1 миллион теңге бөлініп, 14201 роутер (модем)

сатып алынды. Мектеп балансындағы 12 550 компьютерлік техника қажетті отбасыларға таратылды. Жасалған есепке сәйкес 24 605 компьютерлік техниканы сатып алу жоспарланған болатын. Оның 19 146-сы  ел Үкіметінің резервінен 2,9 миллиард теңгеге, 5459  ноутбукті  жергілікті бюджеттен бөлінген 1,1 миллиард теңгеге алу жоспарланды.  Қазірде облысқа келген барлық компьютерлік техникалардың саны — 11 981. Айта кету керек, компьютерлер Білім және ғылым министрлігінің ұсынылған талаптарына сәйкес келген жағдайда ғана қабылданып алынуда. Техникалық ерекшелікке сәйкес келмеген құрылғыларды техниканы жеткізушілер ауыстырып береді.

— Педагог мәртебесін көтеру және оның  еңбегін лайықты түрде бағалау мақсатында қолға алынған шаралар туралы айтсаңыз…

— Облыстың білім беру қызметкерлеріне жергілікті ерекшелік белгісі, атап айтқанда, «Ақтөбе облысының үздік педагогі» төсбелгісі,  «Ақтөбе облысының құрметті ұстазы» құрметті атағы, біржолғы сыйақы төлемдері тағайындалды.

Болашақ мамандарға да қолдау көрсетілуде. Биылдың өзінде жергілікті бюджет есебінен  бөлінген 80 гранттың  50 пайызы  педагогикалық мамандықтарға берілді.

Облыс педагогтері толығымен ІT біліктілік бойынша   курстан өткізілуде. 1 қыркүйектен бастап облыс бойынша қалада орналасқан орта білім беру ұйымдарына жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі енгізілді. Білім беру қызметкерлерінің қосымша жалақы қорын төлеуге республикалық бюджеттен 16 187 480 мың теңге, облыстық бюджеттен 6 811 171 мың теңге бөлінді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button