Тарих

Болмыс- бітімі бөлек жан…

ТАҒЗЫМ

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жазушы, облыстық«Ақтөбе» газетінің меншікті тілшісі болып қызмет атқарған Ибадулла Сұлтанов биыл 80 жасқа толар еді…
Ол елу үш жыл ғұмыр кешті. Отыз жылдай қолынан қаламы түспеген ерекше талант иесі, елдің белгілі азаматы Ибадулла ағаның артында кезінде оқырманның жоғары бағасына ие болған әдеби туындылары қалды.
Ғасырға жуық тарихы бар облыстық газеттің шежіресінде оның есімі құрметпен аталады.

Мың тараулы өмір жолында мен де талай жаны жайсаң ағалармен, ізгі ниетті інілермен қызметтес болдым. Кейбірімен жақын араласып, достық қарым-қатынасымыз үзілген емес. Өткенге көз жіберіп, сондай абзал жандарды ойлағанда, Ибадулла Сұлтанов көз алдымызға келер еді. Ол кісінің дүние салғанына отыз жылға жуық уақыт өтсе де, жарқын бейнесі жадымызда сақталды.

Әр адам өзінше ерекше. Дегенмен, Ибадулла ағаның болмыс-бітімінен басқаларға ұқсамайтын мінез бар екенін аңғаратынмын. Ол кісі ойындағысын бүкпей, тіке айтатын. Бұл қасиетінің оның өміріне қалай әсер еткенін білмеймін, бірақ сол мінезі оны өзгешелеу көрсетуші еді. Кезінде ол облыстық «Ақтөбе» («Коммунизм жолы») газетінің Байғанин, Темір, Ойыл аудандарындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті. Мен ол уақытта редакция жауапты хатшысының орынбасары едім. Меншікті тілшілермен қоян-қолтық жұмыс жасаймыз. Ол жылдары газет аптасына бес рет жарық көретін. Сәйкесінше, материал да көп түсіп жатады. Оқырман хаттары мен аудандағы тілшілердің материалдары кейде редакцияның қоржынында біраз жатып қалатын. Әрине, аудандағы тілшілердің мақалаларының шығуы, біріншіден, оларға абырой болса, екіншіден, еңбекақыдан бөлек қосымша табыс көзі — қаламақысын да алады. Сондай сәттердің бірінде Ибадулла ағам ауданнан тікелей маған қоңырау шалып, жазған мақалаларының неге шықпай жатқандығын сұрағаны бар. Мен ол кісіге: «Мақалаларыңызды енді бірден өзіме жіберіңіз, кідіртпей шығару мүмкіндігін қарайын» дедім. Кейін ретіне қарай аудандардан жазылған материалдарды уақытында газетке шығартып жүрдім. Өз еңбегінің нәтижесін көріп, ондай сәттерде Ибадулла ағамыз алғысын білдіру үшін маған тағы қоңырау шалады…

Ол кісімен қызмет бабымен де, басқа жағдайда да талай кездесіп, араласып, дәмдес болғанбыз. Бірде бір аудандағы совхоздың директоры орнынан алынатын болып, кеңшардағы қалыптасқан ахуалды газетке жазу үшін Ибадулла ағам екеуміз сапарлас болдық. Ауылда үлкен жиын болды. Совхоз басшысы «жұмысын дұрыс ұйымдастырмағаны және мал басының көп шығынына жол бергені үшін» қызметінен кететін болып шешілді. Тұрғындардың жартысы директордың кетуін қолдаса, қалғандары оған қолдау білдірді. Мен сол сапарда Ибадулла ағаны тағы бір қырынан таныдым. Халықтың алдына шығып сөйлеген ол адами факторды алдыңғы орынға қойды. «Азайған мал басы орнына келер, ал, адам тағдырымен ойнауға болмайды» деген орынды пікірін айтты. Кейін осы сапар туралы екеуміздің бірігіп жазған мақаламыз газетке шығып, нәтижесінде әлгі совхоздың директоры басқа басшылық жұмысқа ауыстырылды. Ол кездегі газетпен кез келген құзырлы мекемелердің басшылары да санасатын. Басылым бетінде жарық көрген материал ешқашан жауапсыз қалмайтын. Әрине, кейде аймақтардағы тілшілер жазған сыни мақалалар аудан басшылығының көңіліне жақпай қалып, журналистің қуғынға ұшырап жататын кездері де аз болмайды. Аудандағы меншікті тілшілер жиналған редакцияның жылдық қорытынды жиналыстарында ылғи суырылып шығып, өз ойын батыл айтатын Ибадулла Сұлтанов елдегі келелі мәселелерді де жиі қозғайтыны есімде.

«Аудандағы жақсы жетістіктерді ғана жаза беру мүмкін емес. Бұл бір жағынан журналист деген атымызға лайық болмас та. Ал, кем-кетікті айтып жаза қалсақ, басшылар жағы жақтырмайды. «Өзің су ішіп отырған құдығыңа түкіргенің бе» дейді олар. Жұмысымыз ауданда болғанымен, арқа сүйеріміз өздеріңсіңдер ғой» деп, бізге қарайтын. Ол ауыл адамдарының тұрмысы мен елдегі көкейкесті мәселелерді қозғап, мақалаларына арқау етті. Әсіресе, ел мен жердің жай-күйін шебер суреттеп, қоғамға ой сала білді. Журналист болғандықтан оның да басынан талай қызықты оқиға өткені анық. Соның бірсыпырасын маған да айтып бергені бар…

Бірде ол іссапармен Ойыл ауданына барады. Шөп шауып жатқан бригаданың басына келсе, ондағылардың бәрі көлеңкеде ұйықтап жатқанға ұқсайды. Күн ашық,

жұмыс жасауға кедергі боларлық ештеңе білінбейді. Ибадулла ағамыз: «Оу, жігіттер, бұл не жатыс?» десе, аналар: «Трактор бұзылып тұр» депті, мұны көзге ілмей. Қарапайым түріне қарап, жәй жүрген адам шығар деп ойласа керек. Көліктің құлағында ойнайтын Ибекең бөгелмей трактордың от алдыру тетігін тартып қалып, «гүр» еткізіпті де, «Мен облыстық газеттің тілшісімін» деген екен, манадан маужырап жатқандардың көздері атыздай болып, лезде атып тұрыпты…

Облыстық газет ауыл адамдарына ең жақын басылым болды. Алыстағы ағайын газет бетінен өздеріне таныс адамдар туралы және кейбір мәселелердің шешілу жолдарын оқып біледі. Тілшілердің ауыл-ауылдарды аралап, шаруашылық бастарында көпшілікпен жиі жүздесіп тұратыны есімізде. Көлік таңдамай, жүк машинасының қорабында, трактор кабинасында, мотоциклдің артында кетіп бара жататын тілшілер қауымының еңбегі шынымен бағалауға тұрарлық. Олар бірде мал қыстауында шопанмен сұхбаттасып отырса, енді бірде шөп шабушылардың ортасында жүруші еді.

Қой төлдету кезінде де бұрқыратып мақалалар жазып жататын. Сексенінші жылдардың ортасында облыстық газетте «Малшының мың бір мұқтажы» атты айдармен топтама материалдар шыға бастағанда оған да үлкен үлес қосып, малшылардың проблемаларын көтерген болатын. Ол жылдарда «Коммунизм жолы» газетінің аудандардағы тілшілері  — Шалқардан Манасбай Оралбаевтың, Октябрь ауданынан Елеусіз Кенебаевтың мақалалары, сондай-ақ Жолдымұрат Сегізбаев жіберген материалдар күн құрғатпай келіп жататын. Осылармен бірқатарда Байғаниннен келетін Ибадулла Сұлтановтың мақалаларының шоқтығы биік болатын. Аптасына бес рет оқырмандарына жол тартатын облыстық газет ауылдардағы шағын жаңалықтардан бастап, өңірдегі іргелі істерді, түрлі саладағы жетістіктерді жария ететін.

Газет ісінің ыстығы мен суығына төзіп, қарымды қаламымен оқырман қауымның сүйіктісіне айналған қаламгерлердің бірі бола білген Ибадулла Сұлтановтың шығармашылық жолы оқырмандары мен ауылдастарының көз алдында өтті. Оның тағы бір қыры — жазушылық қасиеті еді. Күйбеңі көп газет шығару ісін белсене жүріп, ол шығармашылықпен айналысуды естен шығарған жоқ. Әрқашан адалдық пен кішіпейілдікті ту етіп ұстаған жанның ақын-жазушылардың ордасы болған Алматыны аңсамауы, даңққа, атаққа құмартпауы да сол қарапайым ғана болмысынан шығар деп ойлаймын.

Оның «Дала жігіті», «Жолмен жарысып», «Дөң асқан» секілді очерктері, ал «Шүкәйт астаудың хикаясы», «Қош бол, келін», «Қайсар» атты әңгімелері мен «Таң қараңғысы» повесі республикалық басылымдарда жарық көріп, оқырмандар мен әдебиетшілердің оң бағасына ие болды.

Сонау бір кезде белгілі қаламгер Тобық Жармағамбетов Ибадулла ағамызға арнайы хат жазыпты. Алдымен амандық-саулық сұрасып, одан кейін өзінің Нұрпейіс Байғанин туралы повесін жазып бітіргені туралы, оның қысқаша мазмұны мен алғашқы әсері туралы айтады. Одан соң журналист інісінің шығармашылығына ойысады. «…Повесіңнің жай-жапсарын Мұхтарға айтып қойдым. Сюжеті өте жақсы екен деп жатыр. Тек әлгіндегідей көзге көрінбейтін детальдармен байыт. Біз жалпы халық үшін жазамыз және солардың өмірін жазамыз ғой. Сондықтан жазушыға тән сезімдер қалған адам баласының бәрінде бар…»  — деп, өз ойымен бөліседі. Осындай тұлғалы қаламгерлермен аралас-құралас, сыйлас болуының өзі Ибадулла Сұлтановтың қаламгерлік қарымы мен адами асыл қасиеттерінің биік болғанын көрсетсе керек. Менің есімде де ол осындай болмыс-бітімімен қалды…

Раукен ОТЫНШИН,

Қазақстан Журналистер одағы

облыстық ұйымының төрағасы,

ҚР Мәдениет қайраткері.

ҚАРАСӨЗДІҢ ДЕС БЕРМЕС ЖҮЙРІГІ ЕДІ

Ол кезде журналистер қауымы, бірін-бірі көрмесе де, сырттай біліп жүретін. Мен де Ибадулла Сұлтановтың өзінен бұрын мерзімдік басылым беттерінен есімін көріп, содан бастап бірте-бірте өмір дерегіне қанық бола бастадым.

Көрші Байғанин ауданының азаматы екенін, алғашқы тырнақалды шығармасын «Жұлдыз» журналынан оқып, жазушылыққа талабы барын, КазГУ-дің журналистика факультетінде сырттай оқитынын білдім. Өзі тұратын Абай атындағы кеңшарда еңбек жолын шоферліктен бастапты. Бастап қоймаған, ондаған жыл кеңшардың көне жүк көлігін жүргізіп, өмірдің біраз ыстық-суығын көрген.

Кеңестік заманда алыс аудандарда тұратындарға жаңалық жеткізетін қазіргідей қалта телефон емес, газет-журналдар еді. Жаңалықтарды білмек боп, тағатсыздана күтіп жүретінбіз. Бір күні облыстық «Коммунизм жолы» газетінде жоғары білімді журналист Ибадулла Сұлтановтың Темір, Байғанин, Ойыл аудандары бойынша газеттің меншікті тілшісі болып тағайындалғаны туралы хабар жарқ ете қалды. Келесі күннен бастап газет беттерінде мақалалары бұрқырап шыға бастады.

Арада біршама уақыт өткенде біздің Ойыл ауданына өзі де келеді. Онда аудандық газетте қызмет істейтін едім, екеуміз аудандық партия конференциясында кездестік. Бір-бірімізбен бұрыннан білетін адамдардай, жатырқамай таныса кеттік. Жиналыстан соң үйге ертіп әкелдім. Өзіміз сияқты ауылда өскен қарапайым азамат алғашқы дастарқан басында баршаны өзіне тартып ала қоятын әсерлі әңгімесімен үйіріп әкетті. Аудан орталығында өткен конференцияға дейін біздің бұрынғы тұрған ауылымыз — «Жетікөл» кеңшарын аралап қайтқан екен. Сол сапарында кездескен адамдарды, болған үйлерін, көрген оқиғаларын әдемі юмор қосып, мөлдіретіп айтады. Жолығысқан адамдарының есімдерін білмейді, бірақ біз оның әлгі адамдардың портреттерін көз алдымызға аудармай келтіргеніне қарап кім екенін біле қоямыз. Өзі болған ауылдарды, бастан кешкен оқиғаларды да соншалықты дәлдікпен суреттейді. Бұл оған жаратылысынан біткен әңгімешілдік, жазушылық қасиет еді.

Ибадулла мақаланы да көп бап тілемей тез жазады екен. Шайдан кейін, тамаққа дейін төрде етпеттеп жатып жазып, шамалы уақыт өткенде «оқып шықшы!» деп алдыма тастай салды. Қолжазба тап-таза, бір сөз сызылмаған не түзелмеген. Бір демде жазылған конференциядан есепті менің қарсылығыма қарамастан, поштамен, екеуіміздің атымыздан облыстық газет редакциясына жіберді. Артынан қарасам, газетке  мақала бір сөзі өзгермей шыққан екен.

Екеуміздің осылай басталған сыйластығымыз ұзаққа созылды. Ол да өзім сияқты жалғыз жігіт екен. Анасының тәрбиесімен өскен, соның жағдайына қарай ерте үйленген. Сол кезде алты-жеті бала онда да бар. Осындай тағдыр ұқсастығы бізді тез жақындастырды ғой деп ойлаймын. Ойылға келсе, ешқайда бұрылмай біздің үйге бас тіреп, сағынысып кездесіп жүрдік.

Мен облыстық газет редакциясына  қызметке ауысқаннан кейін тіпті жиі кездесіп тұратын болдық. Оның үстіне енді жұмыстас едік. Меншікті тілші ретінде тиянақтылығына, шығармашылық қарымдылығына таңғалмасқа болмайтын. Әр бөлімге атқұрғатпай әрі сапалы жазатын. Алдын ала жасалған редакцияның тоқсандық, жылдық жоспарындағы өзіне қатысты тапсырмаларды орындамай қалу деген оның тарапынан мүлдем кездеспейтін. Редакцияға мақалалары жоспардағыдан артық түсіп, газет бетінде жарияланған мақалалары жөнінен де өзге меншікті тілшілерден алда жүретін. Бір қызығы, ол кезде меншікті тілшілердің жұмыс қорытындысы тоқсан сайын редакция алқасында талқыланып, баға берілетін. Сондайда Ибадулланың алдына түсу үшін пысықтау әріптестері өздеріне жақтас іздеп, редакциядағы беделді ағаларын жағалау, көрсеткіштерін өсіріп көрсету сынды  айла-шарғыларға да баратын жағдайлары болатын. Ондайға Ибекең әр кез дайын болып, жиналыс үстінде сөзбен майдан ашатын еді. Сонда оның қарасөзге дес бермейтін айтқыштығына сүйсінбеске шараң қалмайтын. Біразға дейін сол жиналыстардағы әріптестерін әдемі шенеген сөздерін редакциядағы жігіттер ауыздарынан тастамай күлісіп жүретінбіз. Тіпті қазірде де еске алып қоямыз.

Елуден өте беріп өмірден өткен қаламгердің мұрасына көз жүгіртсек, негізінен, әдеби шығармаларын кеңшарда шофер болып жүргенде жазғанын көреміз. Бір-екі повесін әдеби журналдарда жариялап, кейін мерзімдік баспасөздерде жарық көрген шұрайлы әңгімелерін, тіпті аяқталмай қалған романын бастап, өндіре жазатын тұсы да — осы кез.

Қалай газетке жұмысқа ауысады, солай әдеби дүниелер жазуы тоқтайды. Оның орнына журналистік қызметке белсене кірісіп, бар күшін газет жұмысына сарқа жұмсайды. Газет жанрларын көркем шығарма сынды  кестелі тілмен жазуға тырысады. Ибадулла жазған газеттегі мақала тақырыбымен оқырмандарды кел мұндалап шақырып тұратын. Мысалы, оның  газет сынына кереңдікпен қарайтын бір ауданның байланыс бөлімінің басшысын сынаған фельетоны «Саңырауға сәлем айт» деп аталады.

Ол тілші болғаннан кейін де ұзақ уақыт Абай атындағы кеңшардың орталығында тұрып, жұмыс істеді. Жасы ұлғайған шешені бақты. Рухолла, Хафизолла, Өтеген, Ибрагим, Пернегүл, Әсел, Мейрамгүл есімді  шиттей балалары болды. Зайыбы Ұрқия екеуі осы балаларды жеткіземін деп аз еңбектенген жоқ. Ауылда тұрып мал бақты. Қаламмен бірге, әріптесіміздің қол еңбегіне де құлшынысы сұмдық еді. Ойылдың орман шаруашылығынан жеміс ағаштарын әкеліп егіп,  шарбағын саябаққа айналдырған-ды. Көкөніс егіп, ала жаздай тыным көрмейтін.

Қоғамда тәуелсіздіктің алғашқы нышандары сезіле бастағанда жаңалықтарға қаламымен белсене үн қосты. Айықпас дертке ота жасатып, жан азабын тартып жүрсе де, деректі «Асау-Барақ» повесін жазды.

Ибекең қонысын өзгертіп, ауданның орталығы — Қарауылкелдіге көшіп келгесін көп ұзамай дүние салды. Облыстық газеттің редакторы марқұм Қуаныш Тектіғұл еді. Қазаға өзі бастап, редакциядан көп адам бардық. Артында қалған жарына, бала-шағасына сүйеу болып, қайғыларын сейілтуге тырыстық.

Біз білетін, халқы таныған Ибадулла әріптесіміз сондай еді…

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button