Жаңалықтар

Бекеттен басталған жол

Қайырқожа Елеусізов — облыстағы есімі елге танымал азамат ағалардың бірі. Жиырманың үстіне енді шыққан қынулы жас шағында ауылдық жерде агроном болып еңбек жолын бастаған ол шаруашылыққа да жетекшілік етті, аудан тізгінін де ұстады. Облыстағы басшылық деңгейінде де бірсыпыра қызметтер атқарды.

Ең бастысы, қай буында қызмет істесе де өзінің елмен қоян-қолтық араласып жүретін, көпшілік мүддесін алдыңғы орынға қоятын іскерлік қалпынан ауытқыған емес. Қандай да күрделі мәселені шешу барысында сергектік танытып, білімі мен тәжірибесін ортақ шаруаға тиімді пайдалана білетін оның көшбастаушылық қасиетімен де даралана білген тұстары аз емес.

Бүгінде жетпіс жастың биігіне көтерілгелі тұрған Қайырқожа Жұмағалиұлы әлі де сапта. Ол үшін тынымсыз еңбек ету өмірінің өлшемі іспетті.

Ізімбетте қалған із

Мынау өмірде қандай биікке көтерілсең де санаңда балалық кезің өткен аяулы мекен сағыныш болып сақталып қалады екен. Ол үшін сондай қымбат жер — Ізімбет бекеті.

Ең алдымен ойға оралатыны — доңғалақтары бір қалыппен сарт-сұрт еткен вагондардан құралған ұзын-сонар құрамалардың батыстан — шығысқа, шығыстан — батысқа үздіксіз ағылып жататыны.

Пойыздардың өзі әртүрлі. Жолаушылар тасымалдайтын жүйрік пойыздар бұл бекетке тоқтамай, жылдамдығын азайтпастан зуылдаған күйі өте шығады. Қиялшыл бала оларды көз ұшынан көрінбей кеткенше соңынан қарап, ұзатып салады. Ал жүк таситын құрамалар қосалқы жолдарда кейде сағаттап тұрып алады. Әкесі Жұмағали ауыр балғасы қолында, вагондардың жарақтылығын тексеріп, теміржолды жағалап кетеді. Кейде күні-түні тыным тауып, демалмайтындай көрінетін. Сөйтсе, демалуға болмайды екен.

Осы аумақты қамтитын теміржолшылар сол жылдарда жолды қалыпты ұстаудан республикада ғана емес, Одақ бойынша алдыңғы орындардан көрініпті. Бір деректерден кейінірек оқығаны бар, әкесі еңбек ететін бригадада еңбек өнімділігі 115 пайызға жеткен. Жолдарды ұстаудың өзіндік құны жиырма пайызға дейін кеміп, бір жылдары қыруар қаржы үнемделген. Сол бригаданы басқарған Молдаш Жаңабергеновке Социалистік Еңбек Ері атағы беріліпті.

Ал осындай атақта азды-кемді үлесі бар әкесі де әртүрлі марапаттан құр қалған жоқ. Ересек тартқан тұсында әке жанына ілесіп жүріп, кейде құралдарын жеткізіп беретін. Сондайда теміржолшы еңбегінің қаншалықты қиындығын көзімен көрген ол соған қарамастан, кейде өзінің болашағын осы мамандықпен байланыстырып та қоятын. Тіпті сегізінші сыныпты бітірген жылы теміржол техникумына барсам деген тілегі де болған. Алайда отбасындағы жалғыз баланың әке көрген бейнетті тірлікті көруін үйдегілер қаламады.

Негізінде, Ізімбеттегі мектеп бастауыш болып саналатын. Оның мұғалімдері кезінде жер аударылып келген орыстар болды. Солардың алдынан өткен шәкірттердің жерде қалғаны жоқ.

Ол орта мектепті бітіріп, Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтына жол тартты. Бір қызығы, тәжірибелі теміржолшының баласы агроном болуды қалапты.

Шындығын айтқанда, оның да таңданатын ештеңесі жоқ еді. Ол жоғары сыныптарда оқып жүргенде жаз айларындағы каникулда Ізімбет бекеті аумағындағы «Ильичев» кеңшарының ауыл шаруашылығы жұмыстарынан қалмайтын. Егін де орды, шөп те шапты, келдек те терді. Сөйтіп, теміржол бойында өскенімен ауыл тірлігіне де терең араласқан жайы бар-ды.

…Бәрібір Ізімбеттегі балалық шақты әлі күнге дейін ойға алып қояды. Кез келген жүк пойызына секіріп мініп, көрші бекеттерге барып-келу бұлардың тұстастары үшін түкке тұрмайтын жайт еді. Қазір ойлап отырса күлкілі көрінгенімен, соның бәрі уақытында жарасымды сияқты болатын.

Көгілдір газ жеткізуші

Қайта құру кезеңі басталған 1985 жылы Қайырқожа Елеусізов аудандағы ірі шаруашылықтардың бірі «Победа» кеңшарының директорлығына тағайындалды. Бұл шаруашылықты өзіне дейін он жыл басқарған Николай Ли осы өңірдегі тәжірибелі де білікті басшылар қатарынан саналатын. Өзіне дейінгі өндірістік жетістіктерді лайықты жалғастырып алып кету жас директор үшін басты сын іспетті көрінген.

Алайда Қайырқожа Жұмағалиұлы шаруашылық мәселелерімен қатар әлеуметтік мәселелерге де ерекше назар аудара бастады. Ең бірінші болып кеңшар орталығы саналатын сол кездегі Покровка, бүгінде Сағашилі аталатын ауылға газ жеткізу жұмысын қолға алды. Ол уақытта бұл жоба орындалуы мүмкін еместей көрінетін. Ресей жеріне қарай тартылып жатқан газ құбырынан үлес алып қалудан жергілікті тұрғындар дәме етпек түгілі, ойға да алмайтын. Дегенмен жиындарда, түрлі кездесулерде «Біздің ауылымызға газ желісін әкелуге болмас па екен?» деген сынды екіұшты ойлар айтыла бастаған.

Орда бұзар отыз жастың бел ортасында тұрған жас басшы тәуекелі мол осы іске бел шеше кірісті. Былай қарасаң, аса қиын да шаруа емес секілді. Жаңажол-Октябрь газ құбыры желісі көзді қызықтырып, ауылдан бір жарым-екі километр шамасында өтіп жатыр. Қазақы ұғыммен айтсақ, қол созым жер.

Алайда бұл оңай жұмыс болмай шықты. Ең бірінші қиындық — газ желісін жүргізуге рұқсат алу екен. Ауылға жақын орналасқан газ құбыры учаскесінің қожасы «Актюбинскнефть» өндірістік бірлестігі екені анықталды. Оның басшысы Борис Свиридов алақанын жайып ондай өкілеттік қолында еместігін ашық айтты. Билік иесі Мәскеу, нақтырақ айтқанда, КСРО Мемлекеттік Жоспарлау комитеті екен. Оған барудың жолы Қазақ Республикалық Жоспарлау комитеті арқылы өтетіні мәлім болды. Сәтін салғанда осы мекемеде бөлім басқаратын ақтөбелік Қожанияз Есентаев жерлестеріне көмек көрсетуге құлшына кірісті. Соның нәтижесінде Мәскеуге жол салынғандай еді. Бірақ бұл істің жартысы ғана болатын.

Жоспарлау комитеті «Победа» кеңшарының келешек даму перспективасын ескере отырып, газ лимиті есебін жасады, содан кейін магистралды газ құбырына қосуға рұқсат берілді.

Енді техникалық талаптарға сәйкес магистралды газ құбырынан автоматты газ бөлу станциясына дейінгі желіге жоба жасау қажеттігі туындады. Оның тетігі сонау Самара қаласындағы «ГипроВостокНефть» институтына барып тіреледі екен. Бұрын осы ауданды басқарған облыстық атқару комитетінің төрағасы Сапар Сағынтаев бұл мәселенің оңтайлы шешілуіне ықпал жасады. Жобалау институтындағылар қажетті құжаттарды белгіленген мерзімінен аз уақытта жасап бергені бір үлкен қуаныш болды. Жоба облыстық бюджеттен қаржыландырылды.

Қайырқожа Жұмағалиұлы жергілікті мұнайшылармен жақсы қарым-қатынаста болатын. Солардың қолдау-көмегімен жұмыс қызып жүре берді. Ауылдағылар да аянып қалған жоқ. Шаруашылықтағы машина-трактор шеберханасы мен автогараждың жұмысшылары да өздерінің игілігі үшін істеліп жатқан шаруаға ұйымшылдық таныта кірісті.

Кеңшарда газ жүргізу инженері деген штат белгіленіп, оған іскер маман Жомарт Інжілісов тағайындалды.

Әрине, мұнымен де іс тына қойған жоқ, алда әлі де біраз қиындықтар бар еді. Өлшемі өзгешелеу қардар құбырлар табыла қоймады. Тағы да жан-жаққа шапқылау басталды. «Қарашығанақгазстрой» тресі арқылы бұл мәселе де ақырындап шешілді. Ендігі проблема — «Энергия-3» деп аталатын автоматтандырылған газ бөлу станциясын қолға түсіру еді. Украина жеріндегі бір зауытқа шаруашылыққа келген «Колхида» ауыр жүк таситын автомобилін ауыстыру арқылы бұл жұмыс та орындалды.

Қысқасы, 1990 жылдың күзінде табиғи газ орталық қазандыққа жеткізілді және селолық клубқа қосылды.

1992 жылы Қайырқожа Жұмағалиұлы Ақтөбе ауданы әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды да, тұрғын үйлерге көгілдір газдың кіруін көзбен көре алмай кетті. Бірақ бұл үшін өкінген емес. Ең бастысы, үлкен бір шаруа тындырылды. Облыс басшыларының бірі болған Сапар аға Сағынтаев айтқандай, бұлар «өңірді газ желісіне қосудың пионерлері» еді.

Бір атап өтерлігі, ол директор болған жеті жыл ауқымында «Победа» кеңшары атағына сай жеңісті жолдан тайған жоқ. Шаруашылық астық оруда да, мал шаруашылығын дамытып, оның өнімдерін өндіруде де алдыңғы орындардан көрінді.

Агроном-әкім

Негізгі мамандығы агроном болып саналатын Қайырқожа Жұмағалиұлының қала іргесіндегі Ақтөбе ауданына әкім болып тағайындалуы, бір жағынан, заңды да болып көрінген. Өйткені, бұл өңірде сол кезде егіншілік, әсіресе, картоп өсіру шаруасы басты міндет болып табылатын. Аудан, бір жағынан, облыс орталығы тұрғындарын көкөніспен қамтушы база ретінде де белгіленген-ді. Рас, мал шаруашылығы да назардан тыс қалған жоқ.

Қалай болғанда да ол үшін Мұғалжар ауданында шаруашылық басқарған жеті жылы текке кеткен жоқ. Алқапты жаяу аралап, жер құнарын көзімен көріп, қолымен тексерген сәттері де аз болған жоқ. Еңбек адамдарымен етене араласты.

Сол жылдарда өзінің қолдау жасауымен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру әдіс-тәсілдерін жақсы игеріп шыққан Дүйсен  Мырзатаев біліктілігін де көтеріп, жоғары оқу орнын тәмамдап, жоғары дәрежелі маман болды. Ол суармалы жерден мол мал азығын дайындап, мал бордақылап, оның әр басын 450 килограмнан өткізіп тұрды.

Звено жетекшісі болған Раушан Дәулетова бір маусымда он мың центнер астық бастырып, социалистік жарыс жеңімпазы атанды. Оны сол кездегі игі дәстүрге сәйкес елеулі еңбегімен КСРО ұшқыш-космонавты Валентина Терешкова арнайы құттықтады, сондай-ақ ол таңдаулы комбайншылар қатарында республикалық «Социалистік Қазақстан» газеті редакциясы мен Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ол осындай адамдармен бірге жүріп еңбек етті. Басшы ретінде оларды қолдады, жағдайларын жасады, марапаттау шараларына ұсынды. Сол жылдарда жиналған тәжірибе уақыт өте келе толыға түсті.

Ақтөбе ауданын басқарған үш жылда маман агрономның әкім де бола алатындығын дәлелдеп шықты. Шаруашылықтарда өнімділікті арттыру, алқап құнарлылығын сақтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Соның нәтижесінде азық-түлік молшылығын жасаудың нақты қадамдары жасалды.

Көп ұзамай Қайырқожа Елеусізов облыс әкімінің бірінші орынбасары — облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болып тағайындалды. Бұл оның тындырымды еңбегін бағалау іспетті еді.

Енді міндет жүгі ауырлады. Бұдан былай бүкіл облыстың шаруасын тізгіндеп ұстау оңай еместігі де түсінікті еді. Алайда ол жас кезінен бойына қалыптастырған жауапкершілік, іске бекемдік қасиеттерімен жұмысқа жедел кірісіп кетті. Әрине, бір адам бүкіл тірлікті жолға қояды деп айту қиын. Оның үстіне көпсалалы ауыл шаруашылығында науқан науқанға ұласып, қысы-жазы бір толас таппайтын жұмыстар жалғаса беретінін кез келген адам біледі ғой.

Оның үстіне өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңы елдегілер үшін оңайға соқпады. Бұрынғы қалыпты жұмыс істеп келген ауыл шаруашылығы құрылымдарын жекешелендіріп, мал мен техника үлес ретінде таратылды. Қаншама мал арзан күйінде айырбасқа жұмсалып жатты. Сондай жағдайда мал басын сақтау, жеке қожалықтарды күшейту жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, нәтиже де шамалы еді. Бұған, ең алдымен, облыс әкімінің осы салаға жауап беретін орынбасары бас ауыртуы қажет болды.

Қайырқожа Жұмағалиұлының аудандарды тынымсыз аралап, елмен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, талай тығырыққа тірелген тұсы да, одан шығу жолын іздестірген кезі де осы жылдар еді.

Шүкір, бүгінгі күні облыста мал басы өсіп, ауыл шаруасы көптеген жерде дөңгеленіп отырса, соның негізін қалауға ол да айтарлықтай үлесін қосты.

2002 жылдың күзінде оның облыс орталығы — Ақтөбе қаласының әкімі болып тағайындалуы көпшілікті таңғалдырғаны ақиқат. Жұртшылықтың көкейінде «агроном қаланы басқара ма?» деген сауал тұрғаны сөзсіз еді. Және бұл бұрын қалыптаспаған жағдай-тын. Сол кезде Ақтөбеде шығатын тәуелсіз басылымдардың бірі «Елу екі жастағы кәсіби агроном өз ғұмырының қырық бес жылында селолық жерлерде тұрды…» деп бір сөздің шетін шығарып қойғаны бар.

Қаланың қырық бесінші басшысы болып тағайындалған ол бұл міндетті де абыроймен атқарды деуге болады. Облыс орталығының жылуы мен суы үзілген жоқ, сол кездегі әртүрлі қоғамдық ұйымдар мен партиялардың да басшыларымен ортақ тіл табысып, күн тәртібіндегі күрделі мәселелерді ретімен шешудің мүмкіндігі қарастырылды.

Бүгінде ол кездер де артта қалды. Оның бер жағында облыстық төтенше жағдайлар саласында басшылық қызметте болған Қайрекең талай рет қарлы борандарда, жауын-шашында күн-түн демей жол үстінде,  жас жігіттерше қимылдап, жанындағыларға жігер беріп, далада, жел өтінде жүрді.

Бір сүйсінерлігі, ол әлі де сол қалпында. Бүгінде «Теміржолсу» деп аталатын мекемеде директордың кеңесшісі, «Ер Едіге» қайырымдылық қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы.

Жарты ғасырға жуық бірге ғұмыр кешіп келе жатқан серігі Балжан апай екеуі Бекболат, Жанар есімді екі перзент өсіріп, бүгінде олар да егемен елдің өркендеуі жолында аянбай қызмет етуде. Шүкір, немерелер де шаттықты шаңырақтың шуағын молайтып қояды. Өмір қызығының өзі осы емес пе?!

                 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button