Басты жаңалықтар

Көгілдір отын, мектеп, жол — жалғасқан жұмыстардың жемісі

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс бабымен Алға, Темір және Мұғалжар аудандарына барды. Бұл жолы аймақ басшысы құрылысы аяқталып, халық игілігіне берілген нысандарды аралады, тұрғындармен жүздесті.

Алғадағы алғыс

Алдымен облыс әкімі Алға ауданы Сарықобда ауылдық округіне қарасты Болгарка елді мекені тұрғындарының қуанышымен бөлісті. Биыл ауылға газ құбыры тартылып, көгілдір отын пайдалануға берілді. Бұл игілікті жергілікті тұрғындар көптен күткен болатын. Жол, интернет, ауызсу мәселесі шешілген елді мекен үшін газ құбыры басты шаруалардың бірі еді…

Қазір ауылдағы 100-ден аса үйде 427 адам тұрады. Кезінде көппен бірге қаңырап қалған ауылға соңғы 5-6 жылда қайтадан жан бітіпті. Жаңа үйлер салынып, айналасы шаруа қожалықтарына толған. Ауылдың қасынан Ақтөбе-Шұбарқұдық тасжолы өтеді. Сол себепті қатынастан кедергі жоқ.

Тұрғындар алдында сөйлеген сөзінде:

Кеңестік кезеңде көмір жаққан ауылдарға енді жаппай газ тарту, асфальт салу — тәуелсіздік жемістері. Қазір барлық ауылдардың ажары кіріп жатыр. Оны өздеріңіз де көріп отырсыздар. Алға ауданында газ бармаған екі-үш ауыл ғана қалды. Рас, ауыл тұрғындары талай қиындықты бастан кешірді. Нарық қысымына шыдай алмай, көптеген жұмыс орындары жабылып қалды. Соған қарамастан, сіздер ауылда тұрып, сабырлылық таныттыңыздар. Шыдадыңыздар. Күттіңіздер. Сіздердің ауылда мал ұстап, кәсіптің көзін тауып отырған еңбектеріңізді түсініп, үміттеріңізді ақтау үшін қызмет ететін боламыз, — деді облыс басшысы.

Ауылдың үлкені Амангелді Тырнақов облыс әкіміне ауылдастары атынан алғысын жеткізіп, ақ батасын берді. Оңдасын Сейілұлы ауылдың жас  тұрғыны, төрт баланың әкесі Нурик Өтепбергеновке газ плитасын сыйға тартты.

Көгілдір отынды алғаш пайдаланғандардың бірі  Марина Маринованың қуанышында шек жоқ. Ол енді от жағып, күл шығарудың машақатынан құтылады. Өйткені үйіне көгілдір отынның кіруі үшін ақшасын аямаған.

— 59 жылдан бері ауылда тұрып келеміз. Осы жерде өсіп-өрбідік. Үйіміз барлық талапқа сай, жылу жүйесін қосуға дайын. Бұрын отынға малдың тезегін жинап, қыста көмір жағатынбыз. Қысқы отынға жыл сайын 150 мың теңге жұмсалатын. Енді отынға деген шығынымыз азаяды, — дейді болгарлық әйел.

Аз күнде округтің орталығы Сарықобдаға да газ жіберіледі. Мердігерлердің айтуынша, құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Жыл соңына дейін Алға ауданы үшін халықты газбен қамту 97 пайызды құрайтын болады.

Темірдегі тілек

7 мыңнан астам оқушысы бар Темір ауданында  үш қабатты мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Аудан орталығы Шұбарқұдық кентіне барған облыс әкімі Қызылжар шағын ауданында салынған жаңа мектептің ашылу салтанатына қатысты.  Көптің атынан сөз алған ардагер ұстаз Темірхан Әділханұлы облыс басшысының ауылдарды жиі аралайтынын, халықтың тілегін тыңдап, түйткілді мәселелерді шешуге күш салатынын, бұл мектептің де сондай талаптың арқасында салынғанын айтып, алғысын білдірді.  1500 тұрғыны бар Қызылжар шағын ауданы күннен-күнге өсіп келе жатыр. Құны 1 миллиард 200 миллион теңгені құрайтын, 320 оқушыға арналған мектептің жанында 60 орындық интернат бар. Бұл аудан орталығындағы үш ауысымды мектептің санын азайтып, жаңа ауданның тұрғындарына тиімді болып отыр. Білім шаңырағын аралаған Оңдасын Сейілұлы оқушылармен кездесті.

— Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің болашағы — сіздерге осындай үлкен мектеп салып беріп отырмыз. Енді осы мектепте ұстаз бен ата-ананың тәрбиесін қатар алып, жақсы оқып, сапалы білім алуларыңыз керек. Қайда жүрсеңдер де елдің атын шығарып, биік белестерге жетулеріңе тілектеспін, — деген облыс басшысына 8-сынып оқушысы Ерхан Қартбаев заманауи жабдықтармен қамтылған кең әрі биік спортзалы бар мектеп салып бергені үшін рақмет айтты.

Мектеп ұжымына сәттілік тілеп, ата-аналарды жаңа мектептің ашылуымен құттықтаған облыс басшысы мектеп директорына 1-сыныпқа робототехника сертификатын табыс етті.

Одан әрі облыс әкімі бастаған топ Досжан ишанның басына барып, зиярат етті.

Темірліктер үшін ағартушы ұстаз  Досжан ишанның алар орны ерекше. Мемлекет қорғауына алынған ескі мешіт құлап, үйіндіге айнала бастаған еді. ХІХ ғасырдан ескерткіш болып қалған мешітті сақтап қалу үшін оның сырты қапталып, күмбезді кешенге айналмақ. Қазір айналасы қоршалып, 300 түп тал егілген. Түнек үйі салынып жатыр. Алдағы уақытта бұл жер үлкен тарихи орынға айналады. Аспанасты музейін жасақтау үшін қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Облыста экотуризмді дамыту мақсатында бұл жерге туристердің де назарын аудару — басты шаруа.

Бұл үлкен құрылыс жұмыстарының басталуына себепші болған облыс әкімі Оңдасын Сейілұлының өзі. Өзінің бастамасымен арнайы қор құрып, азаматтардың басын біріктіріп, қазір олардың атсалысуымен іске асып жатыр. Ертең осы жерден күре жол өтетін болады. Сол кезде осында келіп аялдап, демалушылардың, тәу етушілердің қатары көп болмақ. Абаттандыру үшін егілген талдардың бірде-біреуі шықпай қалған жоқ. Барлығы тамыр алып кетті. Көміліп қалған атаның құдығы аршылып, тазаланды. Жұрт соның суын ішіп жатыр. Осы жердегі су қоры  Шұбарқұдық кентіндегі 17 мың халықты ауызсумен қамтып отыр, — дейді Темір аудандық мәслихат хатшысы Боран Ізбасов.

Қандыағаштағы қуаныш

Облыс басшысының сапары Мұғалжар ауданында жалғасты. Еңбек селолық округінің орталығы Сағашилі ауылында биыл 5 көшеге асфальт төселген. «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асқан жобаның жалпы құны — 184 миллион теңге. Бұған жергілікті жерден 28 тұрғын жұмысқа тартылған. Округ әкімі Аманбай Қаюповтың айтуынша, келесі жылы екі көше жөнделмек. Орталықта барлығы 11 көше бар. Адам аяғы көп жүретін жерлерге тротуарлар салу жұмыстары да күн тәртібінде тұр. Келесі жылы Басшилі ауылының кіреберіс 1,5  шақырым жолы жасалады. Бұл ауылдағы жұмыстарға облыс әкімінің көңілі толды. Құрылыс жұмыстары дер кезінде аяқталған. Сондай-ақ бұрын көшені жағалай отырғызылған қарағай көшеттері бой көтеріп, орталық көшенің көркін келтіріп отыр.

Биыл Қандыағаш қаласындағы 25 көп қабатты тұрғын үйлердің ауласына абаттандыру жүргізілген.  «Самал» шағын ауданында орналасқан №49 үйдің тұрғындары облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен іске асқан жұмысқа ризашылықтарын білдірді. Бес қабатты үйдің ауласына асфальт төселіп, балалар ойын алаңы жасақталған. Орталық көшеге қосылатын жол да бар. Бұрын бұл жерлерге келген адам да, көлік те сазға бататын. Тұрғындар бұл қиындықтан құтылдық деп қуанып отыр.

Бұрын қонақ келсе, қысылатын едік. Үйіміздің алды  керемет жөнделіп қалды. Көлік қоятын тұрағымыз, балалар ойнайтын алаң бар. Жол тегіс. Осы жерде 30 жылдан бері тұрамын. Бұған дейін қаншама рет айтылып келді. Сол тілегіміздің орындалғанына қуаныштымыз. Облыс әкімі өтінішімізді орындады. Енді осы жерді таза ұстап, қадағалау — біздің жұмысымыз, — деді  Айдарбек Жарылқағанов. Бұған 23,5 миллион теңге жұмсалды.  Қаладағы №3 орта мектептің алдын абаттандыру, жол төсеу облыс әкімінің қадағалауымен біткен іс. Жалпы ұзындығы 274 метр жолы мен абаттандыруға 34,1 миллион теңге бөлінген. Мектеп ұжымымен кездескен аймақ басшысы қаланы көріктендіру жұмыстары мұнымен тоқтап қалмайтынын айтты.

— Әлеуметтік нысандар салынып, жаңарып, жол жөндеу жұмыстары ойдағыдай орындалып жатыр. Оған өздеріңіз куәсіздер. Мен сіздердің, жалпы мұғалжарлықтардың ендігі тілектерін жақсы біліп тұрмын. Бәріңіздің күтіп жүргендеріңіз Ақтөбе-Қандығаш тасжолы ғой. Сәл шыдаңыздар. Жол салушы мердігерлерді анықтап жатырмыз, ؅— деген облыс басшысы келесі жылдан бастап үлкен жолдың құрылысы басталатынын айтып қуантты.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button