Жаңалықтар

Тұрғын үй мәселелері талқыланды

Ақпараттық сағат

Жергілікті «Ақпараттық сағат» бағдарламасында облыстың құрылыс саласының дамуы және сәулет құрылысы мәселелері талқыланды. Бағдарламаға облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Байрон Өтешов пен облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары Таңат Шегебаев қатысты.

Бағдарлама барысында облыстағы тұрғын үй саласы, азаматтарға баспана алуға мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарламалар мен салынып жатқан құрылыстардың сапасы, оларды бақылау мәселелері талқыланды.

Байрон Өтешовтің айтуынша, өңірде мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп келеді.

— Премьер-Министр мен облыс әкімі арасындағы меморандумға сәйкес 2020 жылдың аяғына дейін 1 миллион шаршы метр үй құрылысы жүргізілуі тиіс. Қаңтар-қазан айларында 700 мыңдай шаршы метр тұрғын үй тапсырылды. Бұл былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 110 пайызға артық. Жыл аяғына дейін тағы да тапсырылатын нысандар бар. Оның ішінде «Нұр Ақтөбе» ауданындағы мемлекет қаражатына салынып жатқан, коммерциялық көп қабатты үйлер және халықтың өз қаражатына салынып жатқан жеке тұрғын үйлер де бар. Жалпы алғанда облыс тұрғындары «Нұрлы жер» бағдарламасы аясындағы «7-20-25», «7-10-20» сынды бірнеше бағдарламалар арқылы баспаналы бола алады. Жергілікті атқарушы органдарда пәтер кезегінде тұрған азаматтар да құжаттарын жинап, екінші деңгейлі банктер арқылы осы бағдарламалар бойынша несие рәсімдей алады, — деді ол.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы туралы да айтылды. Жергілікті әкімдікте тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға ең төменгі 2 пайызбен несие алып, пәтер сатып алуға мүмкіндік беретін бағдарламаға көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі баласы бар, толық емес отбасылар қатыса алады. Бастапқы жарна — үй құнының 10 пайызы.

— Осы бастапқы жарнаны төлеу үшін көмек ретінде сертификаттар беріледі.  Биыл 2,5 миллиард теңгеге сертификаттар берілді, — деді Б.Өтешов.

Облыста «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында да тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын дамыту жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді.

— Бұл бағдарлама бойынша биыл облыста 9,1 миллиард теңге бөлінген болатын, оның 7 миллиардтайы игерілді. Жыл аяғына дейін «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясындағы барлық нысандарды тапсырамыз. Жалпы, пандемия кезінде өңірде құрылыс жұмыстары тоқтап қалған жоқ, — деді Б.Өтешов.

Өңірдегі құрылыс сапасына қатысты Таңат Шегебаев мағлұмат берді. Облыс тұрғындары тарапынан сапасы нашар тұрғын үйлер туралы арыз-шағымдар ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер арқылы жиі айтылатыны белгілі.

— Біз мұның барлығынан хабардармыз. Алайда құрылыс сапасына тексеріс жүргізе алмаймыз, себебі Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексіне байланысты заң аясында біздің қолымыз байлаулы. Оған қоса ел Президентінің 2026 жылдың аяғына дейінгі тексеруге жариялаған мораторийі де бар.  Бұрын құрылыс сапасын қабылдау комиссиясы құрамында жүріп тексеру жүргізетін едік, қазір бізде ондай құқық жоқ. Тек мемлекеттік қызмет көрсету заңына сәйкес, берілген үй жобасына құрылыс сәйкес келе ме, жоқ па, сол арқылы ғана дұрыс-бұрысын көре аламыз. Тұрғындардың арыз-шағымдарын көріп, біліп отырмыз. «Нұр Ақтөбедегі» кейбір үйлерге қатысты да шағымдар бар. «Жилище» тұрғын үй кооперативіне қатысты да шағымдарды өздеріңіз білесіздер. Бүгінде осы кооперативке түскен шағымдарға байланысты бұл мекеменің басшысы уақытша қамауға алынды, іс қаралып жатыр. Облыс әкімінің бірінші орынбасарының төрағалығымен құрылған жұмыс тобының бес отырысының кемінде үшеуінде осы «Жилище» кооперативіне қатысты мәселе көтерілді. Бүгінгі күні құрылысы біткен үйдегі пәтерлеріне кіре алмай отырған тұрғындар аталған кооператив құрамынан шығып, басқа кооперативке кіріп, сол арқылы құжаттарын әзірлейтін болады, ал құрылысы бітпеген үйге қатысты инвестор қарастырылып жатыр, — деді Таңат Шегебаев.

Бағдарламада тұрғын үй шаруашылығына қатысты басқа да мәселелер талқыланды.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button