Жаңалықтар

Кәсіпорындардың әлеуметтік жауапкершілігі сыналады

Байқау

Елімізде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін сарапқа салатын дәстүрлі республикалық «Парыз-2020» байқауы өтіп жатыр.

Бүгінде елімізде бірлескен әлеуметтік жауапкершілік идеясын дамыту, әсіресе, кәсіпорындарды ынталандырып, олардың әлеуметтік жауапкершілігін көтеруге айтарлықтай көңіл бөлінуде. Тарихқа үңілсек, 2008 жылдың қаңтарында Жезқазған қаласында өткен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы форумда Елбасы «Парыз» — бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі байқауы» туралы Жарлыққа қол қойылғандығын жариялаған болатын.

Он жыл бұрын, 2010 жылы «Парыз» байқауына біздің облыстан 31 кәсіпорын қатысты. Сол жылы «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясы бойынша Гран-приді «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ жеңіп алды. «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» номинациясы бойынша бірінші орынды Байғанин ауданынан «Мерей и К» ЖШС иеленді. Үшінші орындарды «Үздік ұжымдық шарт» номинациясы бойынша Қарғалы ауданынан «Степное» ЖШС иеленсе, «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясы бойынша Ырғыз ауданынан «Алтын Әсел» ЖШС жеңіске жетті.

Бүгінде «Парыз» байқауы бизнеске қатысты жобалар мен бағдарламалардың дамуын жүзеге асыратын, тиісті компаниялардың стандарттары мен өлшемдерін қалыптастыратын, әлеуметтік тәжірибелердің түрлі формаларын дамытатын технологияға айналды.

Биыл да облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы әлеуметтік серіктестеріне жыл сайын өтетін «Парыз» байқауы туралы айтып, ережелерін түсіндірді.

— «Парыз» байқауына шағын және орта бизнеспен қатар ірі кәсіпкерлік субъектісі де қатыса алады. Биыл да жылдағыдай әуелі облыстық кезең ұйымдастырылып, оған 28 кәсіпорын қатысты. Іріктелген кәсіпорындар республикалық байқауға қатысып жатыр. Әдеттгідей үздіктер «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», «Еңбек қорғаудағы үздік кәсіпорын» «Үздік ұжымдық шарт», «Экологияға қосқан үлесi үшiн» секілді төрт номинация бойынша анықталатын болады, — дейді басқарма басшысының орынбасары Клара Шамишева.

Атап айтсақ, байқауға біздің облыстан «ҚазТрансОйл» Ақтөбе мұнай құбыры басқармасы, «Сағыз Петролеум Компани» кәсіпорны, «Қазхром ТҰК» акционерлік қоғамы филиалы — Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, «ЭКО Пром KZ», «Қобда Жер», «ПО Глобал-Спецодежда» серіктестіктері, «Смағұл» шаруа қожалығы, «Сарбасов Н.Ж» және «Утенова У.Б» жеке кәсіпкерліктері қатысып, бақтарын сынап жатыр.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button