Жаңалықтар

Сегіз қылмыстың дерегі

Дөңгелек үстел

«Дәріс» ақпараттық-кеңес беру орталығы Қазақстандағы АҚШ Елшілігінің шағын гранттар бағдарламасының қаржылай қолдауымен «Адам саудасын бірге тоқтатамыз» жобасын жүзеге асыруда. Аталған жоба аясында өткізілген дөңгелек үстел барысында облыстық әкімдік, прокуратура, полиция департаменті, сондай-ақ қоғамдық ұйым өкілдері өзара пікір алмасты.

Басқосуда құқық қорғау органдарының өкілдері мен «Дәріс» ақпараттық-кеңес беру орталығының мамандары әлемдегі және еліміздегі адам саудасы, азаматтардың еңбек құқығының тапталуы, осы бағыттағы жұмыстарды жүргізуде пандемия кезінде болған қиындықтар туралы баяндады.

Облыстық полиция департаментінің адам саудасы жөніндегі бөлім басшысы Арман Нажмадиновтің айтуынша, биыл жыл басынан бері облыста 8 қылмыс тіркелген. Оның бесеуі адам саудасына қатысты болса, үшеуі — жеңгетайлықты ұйымдастыру дерегі.

— Қазіргі таңда облыстық полиция департаменті өңірдегі «Малика», «Дәріс» дағдарыс орталықтарымен бірлесіп жұмыс жасап, қиын жағдайға тап болған азаматтарға қолдау көрсетуде. Соңғы жылдары өңірімізде адам еңбегін қанау, жалақы төлемеу деректері көп тіркелуде. Атап айтсақ, адам саудасына қатысты өткен жылы 6 дерек тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 8-ге жетіп отыр, — деді А.Нажмадинов.

Дөңгелек үстел барысында құқық қорғау органдарының өкілдері бүгінгі күні облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқармамен жан-жақты жұмыс жүргізіп, аудандарда тексеріс шараларын ұйымдастырып жатқанын атап өтті.

Атап айтсақ, бұған дейін Шалқар, Темір, Мұғалжар аудандарындағы шаруа қожалықтарына жүргізілген тексеру жұмыстарының нәтижесінде азаматтарды өз еркінсіз ұстау, еңбегін пайдалану бойынша екі дерек анықталған.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button