Мәдениет

Мәскеудің жүлдесі

Жыл сайын Мәскеу қаласында дәстүрлі ұйымдастырылатын «Жаңа ғасыр таланттары» атты жалпыұлттық жас дарындар фестивалі биыл да жалғасын тапты. Бұл жолғы сайыста ақтөбелік бишілер тағы да топ жарды. №51 мектеп-гимназияның 10-сынып оқушылары Айымнұр Ещанова мен Жанасыл Коргулина әлем бишілері бақ сынаған сайыста жүлдемен оралды.

Былтыр да көктем мезгілінде жетекші Зердегүл Үркімбаеваның биші қыздары мәскеуліктерді ұлттық биімен тамсандырған еді. Ол сайыста ақтөбелік жас таланттар лауреат атанған болатын.  Бұл жолы  Айымнұр мен Жанасыл Мәскеу сахнасында көпшілікке «Самғау», «Қыз-жігіт» деп аталатын ұлттық билерін тарту етті. Якутия, Мәскеу, Санкт-Петербург және Қазақстанның түкпір-түкпірінен 1500-ден астам биші қатысқан халықарлық сайыста біздің қыздар І дәрежелі дипломант атанды.

– Биылғы фестивальға бишілер көп қатысты. Барлығы да кәсіби бишілер. Бұл жолы біздер ұлттық биімізді насихаттадық. Айымнұр мен Жанасыл халықаралық сайысқа алғаш қатысып отырса да, үлкен жетістікке қол жеткізді. Мен шәкірттерімнен үлкен үміт күтемін,- дейді Зердегүл Үркімбаева.

Айымнұр 4 жасынан балабақшадағы би үйірмесіне қатысыпты. Ал мектепішілік сайыстарда ол  жүлделі орындарды иеленіп жүр. Айталық, былтыр қала мектептері арасында өткен арулар сайысында Аружан «Мектеп аруы» атанды.

Бұрын-соңды қалалық, облыстық байқауларға қатысып жүргенімізбен, Мәскеу сахнасына шыққанда қатты қобалжыдық. Бірақ өзімізді өзгелерге таныта білдік. Сайыс барысында біз өзге елдің бишілерімен танысып, олардың өнерін тамашаладық. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш, – дейді ол. Ал Жанасыл қаламыздағы «Фриски» би тобының мүшесі екен. «Келешекте би өнерін жалғастырамын», – дейді ол.

Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button