Әлеумет

Енді кепілдендірілген әлеуметтік топтама портал арқылы беріледі

Тікелей желі

2021 жылдан бастап кепілдендірілген әлеуметтік топтаманың (пакет) барлығы әлеуметтік портал қызметіне көшіріледі. Бұл туралы «Ақтөбе — адалдық алаңында» «Antikor live» жобасы аясында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова мәлімдеді.

Бұлбұл Ораққызының айтуынша, республика бойынша 2021 жылдан бастап  атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушы отбасыларының 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларына кепілдендірілген әлеуметтік топтама беру енді Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жүзеге асырылады. Осы жылдың қазан айынан бастап портал арқылы әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету пилоттық режимде енгізіліп, бүгінде 322 АӘК алушы портал арқылы өтініш жолдап, 576 балаға тапсырыс берді.

— Қазіргі уақытта атаулы әлеуметтік көмек алушыларды электронды-цифрлы қолтаңбамен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде. Электронды-цифрлы қолтаңбаны (ЭЦҚ) e.gov порталы арқылы үйден алуға болады. Халыққа қызмет көрсету орталықтарына да жүгіне алады. Бүгінде облыстағы барлық жұмыспен қамту орталықтарында және ауылдық округтерде өзіне-өзі қызмет көрсету орындары бар, ол жерлерде мамандардың көмегі арқылы ЭЦҚ алуға болады. Атаулы әлеуметтік көмекті 4115 адам алатын болса, соның 4045-інде электронды-цифрлы қолтаңба бар, — деді Бұлбұл Елеусінова.

Сондай-ақ, басқарма басшысы әлеуметтік қызметтер порталы арқылы кепілдендірілген әлеуметтік топтамаға тапсырыс беру мемлекет есебінен тегін жүргізілетінін, алайда бағасы белгіленген мөлшерден асатын тауар түрін сатып алған жағдайда, төлем айырмашылығы АӘК алушылардың өз қаражаты есебінен толықтырылатынын ескертті.

Ал тауардың немесе қызметтің сапасына өнімді жеткізіп берушінің өзі тікелей жауапты. Портал арқылы кепілдендірілген әлеуметтік топтамаға тапсырыс беру барысында үйіңізге жеткізіп беру қызметі де қарастырылған. Өз күшіңізбен алып кету тетігін де таңдауға мүмкіндік бар.

Басқарма басшысының айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек алатын тұрғындар қызметті көрсетуші мекеменің сайтына кіріп, ЖСН енгізу арқылы кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы қай жерден алып кетуге болатынын біле алады.

Айта кетейік, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек 2020 жылдың 10 айына  6201 отбасында тұратын 31246 аз қамтылған азаматқа 1832,5 млн теңге көлемінде тағайындалып, төленді. Көмек алушылардың негізгі үлесі, анығы, 62,7 пайызы —  он сегіз жасқа дейінгі балалар, оның 7354-і — 1 жастан 6 жасқа дейінгі кепілдендірілген әлеуметтік пакет алатындар.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button