Ауыл

Ауылын ойлаған азамат

Аудан орталығы Алғадан 60 шақырым алыс жатқан Амангелді ауылында қазіргі күні 200-ге жуық тұрғын бар.

Бұрын үлкен шаруашылықтың бір бөлімшесі болған бұл ауылдың сақталып қалуына ауыл іргесіндегі «Рейімқұл» шаруа қожалығы мен оның иесі, осы ауылдың перзенті Самат Қалдығұловтың ықпалы зор. Аталмыш шаруа қожалығы 1998 жылы құрылған. Бүгінде 1 мың ірі қара, 600-700 жылқы бағып отыр. Негізінен, ақ бас сиыр, симменталь және әулиекөл тұқымды сиырлар өсіріледі. Мүйізді ірі қарадан әр 100 басқа шаққанда — 80 бас, жылқыдан 70 бас төл алынып отыр.

Шаруашылық мал бордақылаумен де айналысады. Ауыл шетіне мал бордақылауға арналған 5 баз салыныпты. Мұнда 3 мың бас малға дейін ұстауға болады. Коронавирус індетінің таралуының алдын алу мақсатындағы шектеулерге байланысты биыл бордақылауға қабылданған мал саны азайған, дегенмен шаруашылық басшысы алдағы айларда семіртуге мал тапсырушылар қатары көбейеді деген сенімде. Жалпы, «Рейімқұл» шаруа қожалығы ауылдағы 20-дан астам адамға жұмыс тауып беріп отыр.

Жаз айларында егін, мал азығындық дақылдар егіледі. Шаруашылықтың 4,4 мың гектарға жуық егіс алқабы бар. Ауыл тұрғындары қыстық мал азығындық жем-шөптен тарықпайды.

Самат Қалдығұловтың алға қойған бір жоспары — облыс орталығынан ет сататын сауда орталығын ашу. Бүгінгі күні оның құрылысы жүріп жатыр. Айтуынша, бұл қала тұрғындарына етті делдалсыз жеткізуге, яғни оны өз бағасына сатуға мүмкіндік бермек.

Кәсіпкер шаруашылықпен қатар, өзі туған ауылдың тағдырына қатты алаңдайды. Мүмкіндігінше осы ауылдың тұрмысын жүдетпей, керісінше, көркейте түскісі келеді. 2018 жылы ауылға Мәдениет үйін салып берді. Оның ішінде 100 орындық тойхана да бар. Ауласы кең етіп қоршалған. Мұнда 120 түп алма, 37 түп шырша егіліпті. Ауылға ауызсу құбыры жүргізілген, таза су әр үйге келіп тұр.

— Ендігі мәселе — газ бен жол. Қазіргі күні облысымызда көптеген елді мекендерге газ тартылып жатыр. Қыста көмір тасу, оны жағуды қиын көріп, ауыл адамдары газдың жоқтығын сылтау етіп, басқа жаққа көшкісі келіп тұрады. Сондықтан бұл мәселені шешудің біз үшін маңызы өте зор, — дейді.

Амангелдіге газ тарту мәселесі біраздан айтылып келеді, қазіргі күні газ тарту үшін әзірленген жобалық-сметалық құжаттар мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, қорытындысы алынған.

«Рейімқұл» шаруа қожалығында ұзақ уақыт еңбек етіп, бұдан 4 жыл бұрын зейнеткерлікке шыққан Жаңабай Төребаев:

— Жастарға бұл ауыл тұрмыстарын түзеу үшін өте қолайлы деп ойлаймын. Ауыл шаруашылығында еңбек етіп, ай сайын тұрақты табыс табуға, қолда мал ұстап, оны көбейтуге болады. Ауылдың іргесінде өзен бар, бұлақтар көп. Бақша егіп, құс ұстауға да болады. «Рейімқұл» шаруа қожалығының арқасында ауылдың тұрмысы едәуір түзелді. Оған дейін тіпті малға керек жемді қаладан тасыған кездеріміз де болды. Мен осы шаруашылықта еңбек еткен жылдары айлығымыз ай сайын төленіп тұрды, мал да өсірдік. Соның арқасында қаладан үй алып, зейнеткерлікке шыққалы сонда тұрып жатырмын. Бірақ ауылда балам, немерелерім бар. Балам мен келінім де жұмыс істейді. Ауылдың жайма-шуақ тірлігін сағынып, жиі келіп тұрамын, — дейді.

Ауыл тұрғындары алдағы жылы осы жерден шыққан кәсіпкерлермен бірлесіп, ауыл ішіндегі бір көшені асфальттауды да жоспарлап отыр.

Айна САРЫБАЙ,

Алға ауданы,

Амангелді ауылы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button