Ауыл

Жылтыркүрең Жылтырдың атын шығарып тұр

Бап шаба ма, бақ шаба ма? Әрине, бап шабады екен. Оны Жылтыр ауылының тұрғыны Ернұр Жұмабайдың ісінен көрдік.

Бала кезінен ат құлағында ойнаған Ернұр жүйрікке құмар болып өсті. Атқа құмарлығы жоғары оқу орнын бітіріп келген жігітке жұмысты емес, жүйірік ұстауды таңдатты.  Бұдан төрт жыл бұрын өз ақшасына ағылшын жылқысын  сатып алып, баптауға бар ынтасымен іске кірісті.

Шалқарда атбегілік үрдісі жақсы дамыған. Сонымен қатар жүйрік аттарды сатумен айналысатындар көп. Солардың бірінен «жүзден жүйрікті» таңдап алған Ернұр оған «Жылтыркүрең» деп ат қойды.

Жылтыркүрең екі жылдан бері ірілі-ұсақты бәйгелерге 16 рет қатысыпты. Жақында ғана Атырау облысы Қызылқоға ауданының 75 жылдығына орай өткізілген бәйгеде отыз аттың ішінен мәреге екінші боп келіп, ауылының атын тағы шығарды.  Ал оның алдында Жылтыркүрең бес рет бас бәйгенің алдын бермеген. Атбегінің айтуынша, шабандозы ағасының 12 жасар ұлы.

— Қазір бір жүйрік ат сатып алсаң, бір көліктің құнымен бірдей. Бірақ мен атымнан ақша аяған емеспін. Айына жем-шөбіне, басқа да дәрумендерге 50 мыңдай қаржы жұмсалады. Қыста жоңышқа береміз. Жілік майын толтыру үшін бидай жегіземіз. Күніне 5-6 шақырым жаймен жүргізіп, көктем айларында желдіртіп, бәйгенің алдында осылай жаратамыз. Аттың шабуы оның бабына байланысты. Ат пен үстіндегі бала бір-бірін түсінісуі керек, — дейді Ернұр Жұмабай.

Жылтыркүрең өзі бір көліктің құнын сұрағанымен жүлдесі екі жылдан бері иесіне бір жылда 2 миллион ақшалай сыйлық пен екі мотоцикль мінгізген.

Ернұр тұлпарын алдағы болатын үлкен бәйгелерге дайындап жатыр. Алдағы жылы республикалық «Алтын тұлпар» 51 шақырымдық бәйгесі мен 41 шақырымдық «Атбегілер кубогы» жарысына қоспақ.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button