Ауыл

Ауылдағы гүл салоны

Байғанин ауданы Қарауылкелді ауылында гүл салоны бар. Мемлекеттен қолдау алған кәсіпкерлер шаруасын дөңгелетіп отыр.

Мейірхан, Гүлбанат Елубаевтар — аудандағы үлгілі жас отбасылардың бірі. Әрекет еткенге берекет келетінін ерте түсінген жас отбасының басты ұстанымы — еңбек! Кәсіп ашпас бұрын үйде отырып, қолдан түрлі тәттілерден букет жасап сата бастаған. Кейіннен ауладағы сарайды шағын дүкенге айналдырып, ауданда алғаш гүл салонын ашты. «Байғанин фловерс» деп аталған бұл шағын дүкендегі гүлдер  көпшілікке қуаныш сыйлап, түрлі мерекелердің сәнін арттыра түсті. Сол кезден бастап жастар гүл дүкенін кеңейтуді басты мақсат етіп қойып, талмай еңбектенді.

Көп ұзамай бұл мақсаттары да орындалды. Аудан орталығынан жалға алатын орын табылып, оны өз қолдарымен әрлеп, кәсіптерін кеңейтті. Жас кәсіпкерлер қазір 3 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Гүл салонында тек гүлдер ғана емес, сонымен қатар сыйлыққа берілетін түрлі ойыншықтар, кәдесыйлар, шарлар, т.б. тауардың түрі бар.

Кәсібін кеңейткен Мейірхан мен Гүлбанат бастапқыда қолдарында ештеңе болмағандығын, бірақ ниеттенген жанға әр істің орайы келіп, берекесі келетінін айтады. Кәсіпті дамытуға мүмкіндік берген мемлекеттік бағдарламаға да дән риза.

Рита ХАЛЫҚҚЫЗЫ,

Байғанин ауданы,

Қарауылкелді ауылы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button