Жаңалықтар

«Саулықтың» сөзі де ем

Волонтерлер жылы аясында медицина қызметкерлерінен құрылған «Саулық» еріктілер командасы жыл басынан бері бірқатар қайырымдылық шаралардың басы-қасында болып, көпшіліктің алғысына бөленіп жүр. Құрамына жиырмадан астам ақ халат киген жастар енген еріктілер тобына аудан орталығындағы дәріхана қызметкерлері де үнемі қолдау білдіріп, ізгілікті шараларға дәрі-дәрмекпен атсалысып отырады.

— Адамның басты байлығы денсаулық екені белгілі. Біз құрған еріктілер тобын «Саулық» деп атадық. Лайым деніміз сау болып, бір-бірімізге мейіріммен қарап, тілеулес болып жүрсек, одан артық адамзат баласына не қажет?!

Міне, біздің басты ұстанымымыз осы — жұртшылыққа мейірімділік нұрын шашу. Жыл басынан бері бірнеше шаралар ұйымдастырып, тұрғындар денсаулығының бүтіндігі үшін үлкен бастамаларды қолға алудамыз. Індетке орай елімізде төтенше жағдай талаптары енген бойда біздің еріктілер қорғаныш бетперделерін әзірлеп, оны орталық жерлерде жұртшылыққа алғашқылардың бірі болып тегін таратқанын нақты айта аламыз,— дейді аталған команда мүшесі, тәжірибелі медбике Зәмзагүл Әбдікәрімова.

Таяуда ғана бұл топ Шалқар қаласында тұратын бір топ мүгедек жандардың үйлеріне барып, медициналық қызметтер көрсетті. Осы игілікті іс аясында олар аталған санаттағы тұрғындарды электрокардиограммаға түсіріп, қан қысымдарын өлшеп, анализдеріне талдау жасап, мүмкіндігі шектеулі жандардың бір шаруаларын тындырды. Сондай-ақ өздері жинаған қаржы есебінен аз қамтылған отбасыларға азық-түлік пакеттерін таратып, тегін психологиялық көмектер  берді.

Еріктілердің қызметін көргендердің бірі аудан орталығындағы Газшылар қалашығының тұрғыны, І топ мүгедегі Аманғали Тілеуқұлов. Бұл кісі қос жанарынан айырылған, өздігінен жүріп-тұруы қиын. Зайыбының да денсаулықтан шағымы бар екен. Олар үйлеріне келіп ем-дом жасаған жастарға ризашылығын білдіріп, батасын берді.

«Шынайы жанашырлық көрсету — қазақ халқына тән қасиет. Міне, нағыз волонтер болудың озық үлгісі деп осыны айтуымыз керек» деген Мемлекет басшысының сөзінен жігер алған жергілікті жас дәрігерлердің жылы сөзінің өзі — халыққа ем. «Саулық» құрамындағы жастар осылайша жақсылық жолында қызмет етуде.

 Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар қаласы. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button