Денсаулық

Тамыр тарылмасын десеңіз…

Елімізде қан қысымы жоғарылап кететін адамдардың саны жылдан жылға көбейіп барады. Медициналық есептеулерге сүйенсек, елімізде әрбір оныншы адам жоғары қан қысымымен сырқаттанады.  

Қан қысымының қалыпты көрсеткіші тонометр бойынша 120/80 болуы керек.  Егер тонометр тілі 140/90, 150/100, 160/110, 170/120, 180/130 көрсететін болса, бұл қан қысымы көтерілуінің екінші және үшінші сатысы. Әсіресе, үшінші сатысы науқас үшін қауіпті.

Қан қысымының көтерілуі адам ағзасындағы қан айналымының бұзылуынан, жүрек-қан тамырларының тарылып, оның ішіндегі қанның қоюлануынан болады. Бұл көбіне аз қимылдайтын адамдарда жиі кездеседі. Бір орында көп отыратын немесе кешке дейін төсектен бас көтермей жататын адамның денесі қозғалыста болмағандықтан, ағзадағы, тамырдағы қан қоюланады да, ішкі температураның қысымы жоғарылайды. Осындайда адамның басы ауырып, самай тұсындағы тамырлары солқылдап соғады. Қан қоюланбас үшін әрдайым қимыл үстінде болған жөн. Жейтін тағам көлемінің артуы да қан қысымына алып келеді. Салмақтың артуы кезінде қан тамырының қысымы жоғарылайды, бұл өз кезегінде жүрекке салмақ түсіреді.

Ал жоғары қан қысымының алдын алғысы келетіндер жиірек қимыл-қозғалыста болғаны дұрыс.  Адам қимылдаған сайын оның ішкі қуаты да артып, іске қосыла бастайды. Сондай-ақ ағзадағы қан айналу үдерісі де жақсара түсіп, адамның тәбетін арттырады.

Зерттеушілер еліміздегі қан қысымымен ауыратын адамдардың ең басты қателігі дұрыс тамақтанбау екенін анықтаған. Тамақтың уақтылы асқазанға түсіп, уақтылы табиғи жолмен сыртқа шыққаны денсаулыққа тікелей әсер етеді.

Тағы бір мәселе, шайды аз ішу керек. Бүгіндегі шайлардың тоқсан пайызы қызыл бояумен боялады. Сол бояу қан тамырларының тар тұстарына жинала бастайды. Бірте-бірте бояу қалың қатпарға айналып, қан айналу үдерісін баяулатады. Нәтижесінде өз арнасына сыймай қалған қан басқа шабады. Қысым басқа көтерілгенде кейбір жіңішке тамырлар шыдас бере алмай,  жарылып кетеді. Бұл науқас үшін аса қауіпті жағдай. Тек шай ғана емес, сары уайымға түсіп немесе қатты ашуланған адамның да қан тамырлары бірден жарылып кетіп жатады.

Сонымен өте қауіпті бұл дертке шалдықпау үшін өзімізге төмендегі төрт жағдайды жасауымыз керек: дене салмағын азайту,  алкоголді ішімдік пен темекіні тастау, шай мен кофені аз ішу, жаттығуды көп жасау және көп жүру.

Сауығуды ойласаңыз, бұл ауруға мән беріңіз. Дүниежүзінде миллиондаған адам қан тамыры қысымын төмендету үшін дәрі-дәрмекті ұзақ және тұрақты түрде қабылдайды. Ендеше, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік».

Ақмарал ӘБІЛОВА,

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің №4 медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің бас маманы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button