Басты жаңалықтар

Қала шетіндегі елді мекендер ескерусіз қалмайды

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласы маңындағы елді мекендерді аралады. Құрашасай, Ясный-1, Ақшат, Ақшат-3, Өнеркәсіп аймақтарындағы жолдардың жөнделуі, инфроқұрылым жүйелерін тарту жұмыстарымен танысты.
— «Қалаға қарасты ауылдық елді мекендер тасада қалып қоймауға тиіс, облыс орталығында халық санының өсуіне байланысты түрғындар тарапынан жол салу, газ, ауызсу, электр жүйелеріне сұраныс артып отыр. Біз бұл мәселені дер кезінде шешуді қолға алдық», — деді ол.

Облыс басшысы Өнеркәсіп ауданындағы жолдың орташа жөндеу жұмыстарын қарады. Ұзындығы 7 шақырым болатын көшенің 800 метрі жөнделген. 2020 жылдың тамыз айында басталған жұмыс 2021 жылы аяқталады. Ол үшін бюджеттен 90 миллион теңге бөлінді. Бұдан соң Құрашасай ауылындағы жылу қазандықтың қайта жөндеу жұмысымен танысты. 37 нысанды жылумен қамтамасыз етіп отырған қазандық қайта жөндеу жұмыстарын дер кезінде аяқтай алмай, жылу беруді он бес күнге кешіктірген. Облыс әкімі мекеме басшылығына жіберген қателіктері үшін қатаң ескерту берді. Құрашасайдағы ұзындығы 1,2 шақырым автожол орташа жөндеуден өткен. Мұнда облыс басшысына қала сыртындағы елді мекендерде жүргізілген және келесі жылғы жоспарланған жолдардың жөндеуі таныстырылды.

2021 жылы Ясный, Құрашасай, Пригородный, Ақшат, Заречный-3, Заречный-4 тұрғын үй алабындағы жалпы көлемі 56 шақырым болатын топырақ жолдарға асфальт төселеді. Ол үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 400 миллион теңге қаржы қаралған. Облыс әкімі жөндеуден өтуі тиіс жолдардың мұнымен шектелмеуін, сондай-ақ, Рауан, Бауырластар, Жаңақоныс елді мекендеріндегі жолдарды жөндеуді тапсырды. Ол сондай-ақ, қала сыртындағы елді мекен тұрғындарын толғандыратын тағы бір мәселені айтып өтті. Қыста қалың қардың басуынан көлік қатынасы қиындауына байланысты биыл бұл проблеманы болдырмау қажеттігін тапсырды.

  • «Облыс басшысының тапсырмасымен аталған елді мекендерге кіреберіс жолдар мен қоғамдық көлік жүретін және әлеуметтік мекемелерге баратын жолдарды асфальттауға басымдық бердік», — деп атап өтті қала әкімі.

Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласы «Оңтүстік айналма жолының» 21,5-35,3 шақырым аймағында атқарылған қайта қалыпқа келтіру жұмыстарын қарады. Жүзеге асырылып жатқан жоба Елек өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысын қамтиды. 2019 жылы 3,4 миллиард теңгеге жұмыс жүргізілсе, 2020 жылы жұмыстарды жалғастыруға 1,9 миллиард теңге бөлінді. 2021 жылы толық пайдалануға беріледі. Төрт жолақты айналма жол қаладағы көлік кептелістерін азайтуға және кедергісіз транзиттік қозғалысқа ықпал етеді.

Өңір басшысы Ақшат, Ақшат-3 тұрғын үй алаптарында болды. Ақшат елді мекенінде іске қосылған сумен жабдықтау желісінің жұмысымен танысты. 2020 жылдың маусым айында 16 километр су құбыры желісін орнату жұмыстары басталып, қазан айында аяқталды. Нәтижесінде 285 тұрғын үй ауызсумен қамтамасыз етілді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында атқарылған жобада жергілікті 10 азамат жұмыспен қамтылды. Облыс әкіміне 2020-2021 жылдары елді мекендерге жүргізілген және жоспардағы инфроқұрылым жұмыстары стенд арқылы таныстырылды. Биыл құны 5,831 миллиард теңгеге 15 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 2,055 миллиард теңгеге ауызсумен қамту, 2,139 миллиард теңгеге электрмен және 1,637 миллиард теңгемен көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстары жасалуда. Ал келесі жылы құны 15,715 миллиард теңгеге 29 жоба іске асырылады. Мағаджан, Рауан, Сая, Ақжар плюс, Парасат, Сарбаз, Белогорка, 41-разъезд т.б. тұрғын үй алаптары жарық, көгілдір отын, ауызсумен қамтамасыз етілетін болады. Ақшат-3 елді мекенінде электр желісімен жабдықтау жұмысы жыл соңына дейін аяқталады. Жоба іске қосылса 1100 тұрғын үй электр қуатына қол жеткізбек. Келер жылы газ, су мәселесі оңды шешімін табатын болады.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин қала басшысына аяқталуға жақын жорбаларды жыл соңына дейін бітіруді, 2021 жылға жоспарланған жобалардың құжаттарын тезірек әзірлеуді тапсырды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button