Денсаулық

Қауіп сейілген жоқ

Тікелей желі

Облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Алайда соңғы уақытта коронавирус жұқтырғандардың саны азаймай тұр. 12 қараша күні облыста 10  адамнан вирус анықталды. Оның алтауы Ақтөбе қаласынан болса, төртеуі Мәртөк ауданынан тіркелген. Мәртөкте тіркелгендердің екеуі Ресейден келсе, екеуі — Жамбыл облысының азаматтары. Аурушаңдықтың өсу  деңгейі — 0,3%.

Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Нұрсұлу Беркімбаева мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров әлеуметтік желі арқылы аймақтың эпидемиологиялық жағдайын баяндады.

Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, облыста инфекцияның таралуы республикалық орташа көрсеткіштен төмен.

— Ақпан айынан бастап Ресеймен шектесетін Мәртөк ауданында «Жайсаң» және Қарғалы ауданындағы «Әлімбет» шекара бекеттерінде санитарлық-карантиндік пункт жұмыс жасап жатыр. Алтыншы қазаннан бастап «Әлімбет» бекеті арқылы — 5391, «Жайсаң» бекеті арқылы 14960 адам өткен. Оның ішінде жиырма адамнан коронавирус анықталды. Сегіз адам — транзиттік көліктердің жүргізушілері.

Облыс бойынша мобильді-мониторингтік топтар жеке және заңды тұлғалардың объектілерінде, қоғамдық көліктерде қауіпсіздіктің сақталуын қадағалауда. Тұрғындардың бетперде тағуы, дезинфекциялық құралдарды пайдалануы секілді қарапайым сақтық шараларын қалай жасап жатқанын бақылап, рейдтік тексерулер жүргізіп жатыр, — деді бас санитарлық дәрігер.

Мобильді топтар жергілікті полиция қызметінен түскен материалдардың негізінде ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 425-бабының 1-бөлімі бойынша заң бұзғандарға 121 185 980 теңге көлемінде 1002 айыппұл салған. Оның ішінде той, садақа секілді шараларды өткізгені үшін тамақтану орындарына 7 986 750 теңге көлемінде 45 айыппұл салынған. Ал 3-9 қараша аралығында салтанатты шара өткізген он дерек анықталыпты.

Облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бірақ санитарлық талапты сақтамайтын болсақ,  ахуал бірден өзгеріп кетуі мүмкін. Сондықтан тұрғындарды қолды жиі жуып, бетпердені тағып, антисептикалық сұйықтықтарды пайдаланып, арақашықтықты сақтап жүруге шақырамын. Қауіп сейілген жоқ. Әр адам өз денсаулығына өзі жауапты. Егер ол өзін қорғаса, жақындарын да  індеттен сақтайды. Қорғаныс құралдары инфекцияның таралуын азайтуға септігін тигізеді. Осыны әрбір адам түсінуі керек. Түрлі мерекелік іс-шараларды, той және басқа да басқосуларды өткізуге тыйым салынғанын тағы да еске саламын. Сондай-ақ тексерілмеген ақпаратқа сенбеу керек. Коронавирус инфекциясы  бойынша барлық ресми ақпаратты облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті әлеуметтік желілер арқылы хабарлап отыр. Барлық мәлімет департаменттің сайтында тұр. Сондықтан жалған ақпаратқа сеніп, даурықпау керек, деді Нұрсұлу Беркімбаева.

Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, облыста коронавирус жұқтырған 74 адам, пневмонияға шалдыққан 33 науқас ауруханаларда ем алуда. Бір науқас жансақтау бөлімінде жатыр.

Жалпы, облыста КВИ-мен ауырған 3395 адам  тіркелді, оның ішінде 49%-ы ауру белгілерімен (1662) және 51%-ы симптомсыз (1733) жағдай. 3285 науқас жазылып шықты. Ақтөбе қаласында 2428 адам ауырса,  Әйтеке би — 20, Алға — 94,  Байғанин — 57, Ырғыз — 54,  Қобда — 14, Қарғалы — 50, Мәртөк — 70, Мұғалжар — 172, Темір — 190, Ойыл — 21, Хромтау — 116, Шалқар ауданында 109 адам вирус жұқтырған. Жалпы тіркелген 3395  науқастың 2,9%-ы сырттан келген.  466 науқас ауру адаммен байланыста болған. Профилактикалық мақсатта тексерілгендердің саны — 971. Қазіргі таңда үй карантиніне 263 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button