Жаңалықтар

Азық-түлік қоры жеткілікті

Тікелей эфир

Коронавирустың екінші толқыны бола қалса, жұртшылық дүкендердегі қымбатшылыққа тағы да ұрынып, сөрелерде азық-түлік қат болмай ма? Өңірдегі азық-түлік қорының мөлшері қандай? Бейсенбі күні құзырлы орган өкілдері осы сұрақтар бойынша брифинг өткізді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен тікелей эфирде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай азық-түліктің негізгі 32 түрінің 24-і өзімізде өндірілетінін айтты. Ал қарақұмық, күріш, қант, тұз, сарымсақ, бұрыш, алма, балық, яғни барлығы 8 өнім сырттан әкелінеді екен.

— Өңірді өз өнімдерімізбен қамтамасыз ету мақсатында 176,3 миллиард теңгеге 27 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.

Қазіргі таңда біз халықты ет, бірінші сұрыпты ұн, нан-тоқаш өнімдерімен және күнбағыс майымен толық қамтамасыз етіп отырмыз. Сондай-ақ Мәртөк, Қобда, Қарғалы және Хромтау аудандарының ауыл шаруашылығы өндірушілері өз өнімдерін төмендетілген бағамен сататын «Табыс Агро» дүкендері жұмыс істейді. Бүгінгі таңда мұндай 4 павильон ашылды.

Биыл 280 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп, 342 тонна ет, 69 тонна сүт және сүт өнімдері, жалпы 820 тонна өнім сатылды, — деді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, әр ауданда 2020-2022 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу картасы бекітілген.

— Соңғы 3 жылда азық-түлік тауарларының аймақтық тұрақтандыру қорына 629 миллион теңге бөлінді. Қазіргі кезде тұрақтандыру қорында 2111 тонна картоп, 407 тонна сәбіз, 525 тонна пияз, 318 тонна қырыққабат, 20 тоннаға жуық қант, 75 тонна бірінші сұрыпты ұн, 60 тонна күріш бар. Сонымен қатар бірінші сұрыпты ұн мен әлеуметтік нан бағасын тұрақтандыру үшін жергілікті бюджеттен 600 миллион теңге бөлу мәселесі қаралып жатыр. Бұл облыс басшылығының ерекше бақылауында, — деген Құсайын Сәрсембай өңірде 1,5-2 айға жететін азық-түлік қоры барын, бұл жағынан алаңдайтын негіз жоқ екенін қосты.

Ал облыстық ветеринария басқармасының басшысы Кеңес Қанадбаев өз сөзінде 11 аса қауіпті ауруға қарсы вакцинация жүргізілетінін тілге тиек етті. Ақтөбедегі жануарларда құс тұмауы тіркелмеуі үшін де сақтық шаралары жасалыпты.

Спикерлердің сөзіне сенсек, азық-түлік қоры, төрт түлікті түрлі аурулардан аман алып қалу жағынан ешқандай мәселе жоқ. Өз кезегінде онлайн режимде ұйымдастырылған брифинг барысында әлеуметтік желі қолданушылары азық-түлік бағасына қатысты пікірлерін айтты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button