Жаңалықтар

Аудан аумағы әуеден бақыланады

Қобда ауданының әкімдігі тығылып той жасағандарды дронмен анықтап жатыр.

Қондырғының арқасында аудан аумағында бірнеше той тоқтатылған.

Бүгінде ауданда қызмет көрсету орындары мен әлеуметтік нысандардағы тәртіпті қадағалау мақсатында құрылған екі мониторингтік топ бар. Облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысын орындамаған азаматтарға ескерту беріліп, айыппұл салынып, үстерінен әкімшілік іс қозғалып жатыр. Күні бүгінге дейін аудан бойынша карантиндік талаптарға бағынбаған 22 жағдай анықталып, 916 740 теңге айыппұл салынған.

Осы жағдайлардың алдын алу үшін аудан әкімдігі  5 дрон құрылғысын сатып алыпты. Дронға жауапты мамандар кестеге сәйкес ауыл ішін әуеден бақылап отырады. Мәселен, мониторингтік  топ өкілдері дронның көмегімен 9 қараша күні сағат 12.00 шамасында аудан орталығындағы Алматы көшесінде киіз үй тігіп, той жасағалы жатқан ауыл тұрғынын анықтады. Бүгінде тұрғынның іс-құжаттары Қобда аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданып, айыппұл салынды.

— Бұл құрылғылардың пайдалану ауқымы кең. Дронды тек мониторингтік топ жұмысына ғана емес, өзге де қажеттіліктерімізге жаратып отырмыз. Қобда ауданы шекара маңында орналасқандықтан, шекара қызметкерлері де екі ел арасындағы заңбұзушылықтың алдын алу мақсатында пайдалана алады. Сондай-ақ учаскелік полиция инспекторлары да жедел іздестіру жұмыстарына және мал ұрлығының алдын алу мақсатында қолдана алады, — дейді аудан әкімі Болат Құлов.

Ақерке САТЫБАЛДЫ,

Қобда ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button