Мәдениет

Желтоқсанда жаңа ғимарат тапсырылады

Қобда ауданында бірнеше мәдениет ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Терісаққан ауылында 150 орындық Мәдениет үйі салынып жатыр.

Салынып жатқан Мәдениет үйінің құрылыс-монтаждық жұмыстарына республикалық бюджеттен 86,5 миллион теңге бөлінген. «Строй Мастер Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мамыр айында бастаған құрылыс жұмыстарына ауыл тұрғындарынан 11 адам тартылған. Жоспар бойынша нысанды мердігер мекеме желтоқсан айына дейін толық аяқтап, тапсыруы тиіс.

Терісаққанда ауылдық клубтың жаңа ғимаратының салынуы ауыл тұрғындары үшін де жағымды жаңалық болып отыр. Құрылыс жұмыстары толық аяқталған соң, ғимаратта екі мәдени нысан клуб пен кітапхана орналасады. Екеуінде барлығы 8 адам жұмыспен қамтылатын болады. Ауыл балалары үшін шығармашылық үйірмелер ашылып, жастардың қызығушылығын арттыру мақсатындағы мәдени шараларды ұйымдастырамыз, — дейді Қобда аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Төлегенқызы.

Айта кетейік, биыл  «Жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында республикалық бюджет есебінен 56,1 миллион теңге көлемінде қаражат бөлініп, «Виктория» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қызылжар ауылдық клубында да күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Ал аудандық бюджет есебінен Қобда ауылындағы Мәдениет үйі шатырының күрделі жөндеу жұмыстарына  11 миллион 300 мың теңге қаражат бөлініпті. Бүгінгі таңда  «ҚұрылысГрупп» ЖШС өз жұмыстарын аяқтаған. И.Білтабанов пен Ақырап ауылдарындағы Мәдениет үйінің жағдайы да аудандық әкімдіктің басты назарында. Бүгінгі таңда екі ауылдағы клубқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Сондай-ақ Қобда ауылында музей ғимаратын салу жобасы қайта сараптамадан өтуде. Мәдениет саласы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға да қомақты қаражат бөлініпті.

Ақерке САТЫБАЛДЫ,

Қобда ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button