Жаңалықтар

Сексендегі сергек жандар

Әдетте біз кәсіпкерлер туралы әңгімелесек, кейіпкерлеріміз көбінесе қынулы жастар болып келеді. Ал сексеннен асса да, жүріс-тұрысы сергек, қимылы ширақ, шаруадан қалмаған ата-әжелеріміз бар екенін ескере бермейміз.

Біз бүгін өздерінің адал еңбектерімен үй-жайының берекесін келтіріп, айналасына үлгі болып отырған қадірлі қарттарымыздың кәсіптері туралы айтпақшымыз. 

Мәдина апаның иранбағы

Осы қазан айының басында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуанышбай Князбаев ағамызбен әңгімелесіп отырып, қазыналы қарттарымыздың арасында әлі күнге дейін еңбекті серік еткен үлкен кісілеріміз аз емес екенін айтқан еді. «Егер көзіңмен көргің келсе, алып барайын» деді ол сөз желісін жалғастырып. Мұндай жақсы ұсынысқа бірден келісе кеттім.

— Қалада сексен үшке келген Мәдина Әуелбаева деген апамыз бар, ауласы тұнып тұрған бау-бақша көрінеді, сол кісіден бастайық, — деді Қуекең.

Содан, бісміллә деп, ардагер апайдың ауласына аяқ бастық. Айтса айтқандай екен, жемісі жайқалған бау-бақшаны көргенде таңырқап тұрып қалдық. Аула қанша кең болғанымен көкөністен бос орын жоқ. «Бұның бәрін кім игеріп жатыр екен, апай үлкейді ғой» деген ой келді.

Үйге кіріп, дыбыстадық. «Бері келіңдер!»деген бұйрықты дауыс шықты. Апай диванда демалып жатыр екен, тіктеліп отырып қасына шақырды. 1990 жылдардың басында аудандық партия комитетінде бір кабинетте отырып жұмыс істегенбіз. Таныр ма екен деген ой келді, күмәнім бекер болды. «Сен Қыдыралысың ғой, сен Қуанышбай емессің бе?» деп жазбай таныды.

— Жаңа ғана шарбақтан екі шелек помидор жинап келіп, демалып жатыр едім, — деді апай.

— Ауладағы бау-бақшаларға кім қарайды? — деп көкейде тұрған сауалымызды бірден қойдық.

— Мен де, басқа кім, банкілерді де өзім жабамын, — деді Мәдина апа жұлып алғандай.

— Сендер асықпаңдар, мен айтайын, — деп, әңгімесін бастап кетті. Біз тапжылмай тыңдай бердік.

— Қай істің де нәтижелі болуы үшін оған ынта-жігеріңмен, жан-тәніңмен кірісуің керек. Сол іске құмартып, жақсы көргенің ләзім. Сонда ғана жетістігің болады. Бау-бақша деп жатырсыздар ғой, осы туралы айтайын. Мен бау-бақша өсіруге құмар болдым. Сонау 80-90 жылдары интернет қызметі жоқ кезде білетіндерден сұрап, жеміс-жидектерді қалай өсіру керектігін блокнотыма жазып алып жүретінмін. Аудандық партия комитетінде есепші болып жүргенімде ішінде кітапхана болды, оған түрлі журналдар келетін. Соның ішіндегі бау-бақша туралы жазылғандарын көп оқитынмын. Содан бір күні Красноярскіде тұратын бағбан орысқа хат жаздым. Ол кісі жеміс ағаштарын қалай өсіру жөнінде кеңестер беріп, маған пошта арқылы үш түрлі жүзімнің тұқымын жіберді. Міне, содан бастап мен ауламда жеміс ағаштарын өсіруге ден қойдым, — деп апай әңгімесін жалғастыра берді.

Тыңдап отырып, шындығында, бау-бақша өсіру үшін көп ізденіп, зерттеп, беріліп еңбек ету керектігін түсіндік. Апай бізді ауласына ертіп шығып, жеміс ағаштарын көрсетті. Өзі өсірген төрт түрлі жүзім сорттарынан бізге үзіп берді. Шабдалы, алма, өрік, шие дейсің бе, қарауға көз керек, барлығынан да жеміс алыпты. Одан басқа аулаға картоп, сәбіз, қызанақ, қияр, қауын, қарбыз егіп, піскендерін жинап алып жатыр екен. «Ой, апа, не деген еңбек, мынадай жұмыс атқарған адамның ауыруға да уақыты болмайды ғой» деп басын шайқады Қуанышбай ағамыз.

— Менің ермегім осы ғой, — деп апай бау-бақша туралы әңгімесін тағы да жалғастыра берді, біз тыңдай бердік. — Мен Красноярскідегі зейнеткер орыстан келген жүзім сортынан баданадай мейіз жасадым. Оны жасаудың тәсілін марқұм күйеуім Мәукен екеуіміз санаторийге барғанда бір өзбек бағбаншыдан жазып алғанмын. Қайнатып алған суға ас содасын салып, басқа да компоненттерін қосып, кептірілген жүзімді соған малып дайындап қойған ағашқа ілесің, астына күкірт түтетіп ыстайсың. Өзбекстаннан келген өрік пен мейізден күкірттің иісі шығатыны сол.

Мәдина апа өзі жинаған бау-бақша туралы жазылған кітап, журналдарды алдымызға жайып тастады. Өзі қолдан өсірген жемістері қойылған дастарханға шақырды. Әрине, әңгіменің бәрі бау-бақша туралы болды.

Сөз арасында «Мен әскер семьясынанмын» деп өзінің өмір жолын да айтып өтті. Әкесі Әуелбай Алдашев соғысқа дейін аудандағы Айшуақ жерінде ел басқарып, көп жандарға қамқор болған, халық сыйлаған адам екен. Ұлы Отан соғысына аттанып, 1942 жылы ерлікпен қаза тауыпты.

«Мен 1937 жылы 16 қазанда №13 Елтай ауылдық кеңесінде дүниеге келдім. Өмірімше мектеп-интернатта, аупартком, ауаткомда есепші болып, зейнеткерлікке шықтым. Әке-шешемде ер бала болмай, мен ер баланың орнында жүрдім» деді апа. Бұл кісінің ер мінезді, қайсар болып өсуі де осыдан болса керек.

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген, біз сексеннің үстіне шыққан Мәдина апайдың бағынан үлкен көтеріңкі көңіл күймен шықтық. «Әттең, барлық үлкендеріміз осындай еңбек үлігісін көрсетсе, мекеніміз, жалпы өңіріміз гүлдей жайнап кетер еді-ау» деген ой Қуанышбай ағай екеумізге қатар келгені анық еді.

…Жақында Мәдина апаның үйіне тағы да барып шықтым. Бау-бақша ауласы тап-таза болып жиналған. Бағбан апаның келер жылға әзірлігі байқалып-ақ тұр.

Сеңгір биіктегі еңбек үлгісі

Бір ағамызға «Мен қойшының баласы болдым…» деп әңгіме айтып отырсам, — «Қойсайшы, бәріміз де қойшының баласы емеспіз бе» дегені бар еді. Сол айтқандай, жалпы, ата-бабамыз күні кешеге дейін төрт түлігін жайлап күн көрген ғой. Әке-шешелеріміз совхоздың малын бақты, біздерді оқытты, тоқытты, қызмет істедік, зейнеткерлікке жақындағанда «мал шаруашылығымен айналыссам ба екен, балалар еңбекке ұмтылар» деген ой келді. «Сөйтсем қайтеді?» деп жанашыр адамдармен ақылдассам, «Ой, малға да малдай адам керек» деп жасқап, ойландырып тастайды. Бірақ мен сол шаруа қожалығын ашуға тәуекел еттім. Оңай емес екен, баяғы совхоз кезіндегідей алдыңа ешкім ештеңе әкеліп бермейді. Өзің ұмтылуың керек, өзің табуың керек.

Енді тәуекел еткенімнің тағы бір себебін айтайын. Ол ештеңеден тайсақтамауға, еңбек етуге жетелеген алдыңғы буын ағаларымыздың үлгісі еді.

Сондай жандардың бірі — сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал Қалабай Нұрмашев болатын. Шалқар ауылдық округінен қыстау, жайлауға жер алып, төрт түлікті өргізіп отырған Қалекеңді көргенде өзімнің бірер жыл бұрын шаруашылық ашуға шегіншектегеніме ұялдым. «Түстік өмірің болса, кештік мал жина» деген ғой атам қазақ, бұл күнде жасым келді деп отырып қалмай алға ұмтылып, атакәсіпті жалғастырып жүрген ақсақалдың игі ісі жастар түгілі, біз секілді жігіт ағаларына да үлгі болып отыр. Осыдан он жыл бұрын ашылған Қалабай ақсақалдың «Нұрдәулет» шаруа қожалығында бұл күнде бір отар қой, үйір-үйір жылқы, бірнеше табын сиыр жайылып жүр. Шөп шабатын техникалары да сақадай сай.

Биылғы қарттар мерекесі қарсаңында шаруашылық барысында ақылдасар ағамыздың бірі Қалекеңнің үйіне бас сұғып, құттықтап шықтық. Ағамыздың көл жағасынан «Аэропорт» кооперативін ұйымдастырып, бау-бақша егетінін білетін едік, сөйтсек, ауласы да жеміс-жидекке толы екен. Әрине, бұл істе өзімен тең жүріп еңбек ететін құдай қосқан қосағы Жаналтай жеңгеміздің де еңбегі зор.

Ауланы жасыл желекке бөлеу де үлкен еңбек. Қалекең бір жолдасының әңгімесін айтты. Үйіне қонаққа келген бір кісі кетіп бара жатып «аулаң кең жақсы екен, бірақ өлі екен» депті. Ойы сан-саққа кеткен жолдасы келген қонақтан оны қандай мағынада айтқанын сұрапты. Сонда қонақ: «Өлі емей немене, аулаңда бір тал немесе бір жеміс ағашы жоқ», — деген екен.  «Тіршілікте ешкімге жалтақтамай еңбек ету керек, балаларды соған баулу керек. Еңбек етпесең, кейін кетесің», — деді Қалабай ақсақал.

Қалекең дастарқан басында аз-кем өзінің өмір жолына да тоқталып өтті. Балалық шағы соғыспен тұспа-тұс келген, жігіттік кезі одан кейінгі тұралаған кезеңдерде өтіпті. Басынан өткен қиындықтарды айтқанда басыңды еріксіз шайқай бересің. Шешеден сегіз жасында қалса, әкесін тіпті көрмепті. Аяғынан тұрып, ел қатарына ілігуде өзіне қамқор болған ұстаздарын, жол көрсеткен ағаларын үлкен ризашылық сезіммен есіне алды.

— 1938 жылы 20 сәуірде Шалқардағы водокачканың түбінде дүниеге келіппін. Жылтырдағы Дамбар мектебінде жетінші класты бітірдім. Ол кезде 1-4 класс оқушылары аралас оқитын. Алғашқы ұстаздарымыз Бейсенбі Омашев, Қаншайым деген апай болды. Кейін Исағали Базарбаев деген ағай сабақ берді. Сол ұстаздардың тәлім-тәрбиесімен біз үлкен өмірге қанат қақтық.  Одан бері Фахат Беркімбаев, Задаш Мұстафин деген ағаларымыз ауыл шаруашылығы саласы бойынша оқуларға жіберіп, үлкен қамқорлық жасады. Мен сол кісілердің сенімін ақтап, зейнеткерлікке шыққанша «Шалқар» совхозында еңбек еттім. Кеңес заманында «Еңбек — бәрін де жеңбек» деген жігерлендіретін сөз болатын. Бұл қай кезеңде де өз мәнін жоймайтын даналық, — деді Қалабай ақсақал.

Қалекең соңғы кезде басшылардың бар мүмкіндігінше халыққа қамқор болуға ұмтылатынын әңгімеледі. Сонау 90 жылдары жабылып қалған «Аэропорт» бау-бақша кооперативін қайта жандандырып, жұмысын жолға қоюға күні кешеге дейін ауданды басқарған Бауыржан Қаниевтің көп қолдау көрсеткеніне ризашылығын білдірді. Жалпы, еңбек етемін деген жанға мүмкіндіктің табылатынын айтты.

Біз, кейінгі буын інілері, бұл күнде сексен деген жасқа дес бермей, ерен еңбек үлгісін көрсетіп жүрген Қалабай ақсақалға балалары мен немерелерінің қызығын көріп, бақытты ғұмыр кешуге тілектестігімізді білдірдік.

                                                                                            Қыдырәлі ӘЛИН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button