Жаңалықтар

Қайырымдылық челленджі басталды

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық «Жас Отан» жастар қанаты, облыстық және қалалық жастар ресурстық орталықтарының ұйымдастыруымен «Қайырымды қаладан —  қайырымды қоғамға» атты қайырымдылық челленджі басталды.

Аталған шара Ақтөбе қаласындағы «Қазақ халқына мың алғыс» стеласының алаңынан бастау алды. Қаз-қатар тізілген автокөліктер шаһардың басты көшелерімен жүріп өтті. Әрбір автокөлікте еліміздің көк байрағы желбіреді. Сондай-ақ бұл күні әлеуметтік осал топтағы және зейнет жасындағы қала тұрғындарына бір күндік тегін такси қызметі көрсетілді.

— Бұл автошеруді «Жас Отан» жастар қанаты Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Түркістан, Қызылорда облыстарында да ұйымдастырды. Өздеріңізге белгілі, бүгінгі күнге дейін «Мен туымды мақтан етемін» деген атаумен түрлі іс-шаралар мен флешмобтар өтті. Елдігімізді сақтаудың бірден-бір белгісі — мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеу. Ту — Тәуелсіздігіміздің басты нышаны.

Азаматтардың рәміздерге деген көзқарасына қарап, олардың өз еліне деген сүйіспеншілігін, оның келешекке деген сенімін анықтауға болады. Сондықтан қазақстандықтардың бойында, бірінші кезекте, жастардың бойында мемлекеттік рәміздерге деген құрметті қалыптастыру — басты саяси міндеттердің бірі, — дейді Nur Otan партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсенбаев.

Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрсұлтан Қалдыбаевтың айтуынша, қайырымдылық шарасына қаладағы «Батыр» және «Ақберен» такси қызмет көрсету орталықтары қолдау көрсеткен. Мұндай шаралар жыл соңына дейін әртүрлі форматта челлендж ретінде жалғасатын болады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button