Әлеумет

Тұрақты зейнетақы аударымдары —  қомақты зейнетақы кепілі

Зейнетақымен қамсыздандыру — қазіргі зейнеткерлер арасында ғана емес, жалпы халықтың белсенді түрде жұмыс істеп жүрген бөлігін де қызықтыратын өзекті мәселе. Адамдар өз болашағын жоспарлауға сауатты қарай бастады, тиісінше, қазыналы қарттыққа, берекелі болашаққа деген талпыныс та күшейді. Осыған байланысты біз бүгін «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры Жанар Шайхимовамен сұхбаттасқан едік:

—  Бүкіл әлемді дүрліктірген коронавирус індеті (COVID-19) зейнетақы қоры филиалының жұмысына қалай әсер етті? Карантин кезінде салымшылар мен алушыларға қалай қызмет көрсете алдыңыздар?

— Наурыз-сәуір айларында коронавирус індетінің таралуына байланысты қалыптасқан жағдайды ескере отырып, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында бірқатар шектеу шараларын алғашқылардың бірі болып енгізді. Осыған байланысты Қордың барлық бөлімшелері қызмет көрсетудің жаңартылған режиміне көшті: кейбір бөлімшелер қашықтан жұмыс істесе, қалған бөлімшелерде алдын ала жазылу бойынша құжаттарды байланыссыз қабылдауды жүргізген кезекші қызметкерлер жұмыс атқарды. Құжаттарды байланыссыз қабылдау зейнетақы қызметтерінің қашықтан алу мүмкін емес басым (кейінге қалдырылмайтын) түрлері бойынша жүзеге асырылды: салымшының/алушының қайтыс болуына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініштерді ресімдеу (жерлеу және мұра); Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кетуіне байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініштерді ресімдеу және басқа да қызметтер. Қордың өзге қызмет түрлерін біз ENPF ұялы қосымшасы және Қордың www.enpf.kz корпоративтік сайтындағы Жеке кабинет арқылы онлайн режимінде алуға табанды түрде талап қойып, ұсыныс жасадық.

Алайда эпидемиологиялық жағдай біршама жақсарған тамыз-қыркүйек айларында  барлық филиалдарымыз әлеуметтік қашықтық шараларын сақтай отырып, салымшылар үшін есігін айқара ашты. Салымшыларымыздың көпшілігінің бізге үнемі қоңырау шалып, қашан ашылатынымыз туралы біліп отырғандары қуантады.

Шектеу шараларына қарамастан, біздің филиал биылғы қаңтар-қыркүйек айлары арасында өз салымшыларына жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі әлеуметтік маңызды және азаматтарға қажетті қызмет түрлерін көрсетуді тоқтатқан жоқ. Биыл қаңтар айынан бастап қыркүйек айының соңына дейін Ақтөбе облыстық филиалы салымшылардың зейнетақы төлемдері бойынша 3 747 өтінішін қарастырды. Сонымен бірге осы уақыт аралығында 172 салымшының өз зейнетақы жинақтарын сақтандыру қорларына аудару жөніндегі өтініштері мақұлданды. Қаңтар-қыркүйек айлары аралығында Қор салымшыларына зейнетақы шоттарындағы қалдық бойынша 11 021 үзінді көшірме берілді. Осы уақыт аралығында салымшылардың қосымша деректемелеріне өзгеріс енгізу жөніндегі 8 474 өтініші қарастырылды, зейнетақы салымдары бойынша хабарлама алу түрлерін өзгерту бойынша 5 030 қосымша келісімшарт рәсімделіп, зейнетақымен қамсыздандыру шарттарының 6 941 телнұсқасы берілді.

2020 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында Ақтөбе облысы бойынша міндетті зейнетақы жарналарынан қалыптастырылатын зейнетақы жинақтарын есепке алуға арналған 37 617 зейнетақы шоттары ашылды. Сонымен қатар міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарынан қалыптастырылатын зейнетақы жинақтарын есепке алуға арналған 206 зейнетақы шоты және ерікті зейнетақы жарналарын есептеу бойынша 215 зейнетақы шоты ашылды.

—  Қордың қазіргі кездегі негізгі көрсеткіштері туралы ақпарат бере кетсеңіз?

—  Осы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында 12,5 триллион теңге мөлшерінде зейнетақы жинақтары қалыптасты. 2019 жылдың 1 қазанынан бастап 2020 жылдың 1 қазанына дейінгі бір жыл ішінде бұл сома шамамен 1,9 триллион теңгеге немесе 20%-ға ұлғайды. Осындай әжептәуір көрсеткішке,  яғни өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 598,6 млрд теңгеге артық өсімге, негізінен, Қор салымшыларының шоттарына 1,08 триллион теңгеден астам таза инвестициялық табыс есептелгеннің арқасында қол жеткізілді.

Зейнетақы жинақтарының негізгі сомасы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптасып, 12,2 триллион теңге болды. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы — 301,9 миллиард теңге, ал ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 2,14 миллиард теңгеге жетті.

Биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қордағы жеке зейнетақы шоттарының саны 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,2 миллионға жуық бірлікке көбейді.

Шоттардың ең көп саны міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) бойынша ашылған – олар шамамен 11 миллион, дәлірек айтқанда 10 982 963 (жыл басынан бергі өсім – 11%). Одан әрі міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптасқан шоттар — 521 681 (өсім – 2%), ерікті зейнетақы жарналарының (ЕЗЖ) саны да біртіндеп өсуде, қазір Қордағы осындай шоттар саны — 56 517 (өсім – 4%).

Ақтөбе облысында осы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша міндетті зейнетақы жарналарынан қалыптасқан, жалпы жинақтары 635,1 миллиард теңге болатын 527 421 жеке зейнетақы шоты, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарынан қалыптасқан, жалпы жинақтары 19 миллиард теңге болатын 37 598 жеке зейнетақы шоты және ерікті зейнетақы жарналарынан қалыптасқан, жалпы жинақтары 604,3 миллион теңге болатын 7 186 жеке зейнетақы шоты бар.

—  Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында шотты қалай ашуға болады?

— Қазір Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша жеке зейнетақы шотын ашу үшін жеке тұлғаға өтінішті ресімдеу мақсатында Қорға келудің қажеті жоқ. Алғашқы жарна келіп түскен кезде шот Қордың ақпараттық жүйесінде автоматты түрде ашылады. Бұл ретте жеке тұлғаны сәйкестендіру зейнетақы жарнасын аудару кезіндегі (сіздің жұмыс берушіңіз жіберген) төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетілген дербес деректер бойынша жүзеге асырылады. Қор салымшының қолданыстағы құжатының деректемелері туралы барлық қажетті мәліметтерді мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алады.

—  Зейнетақы жинақтарының жай-күйін қалай тексеруге болады?

— Жинақтарыңыздың жай-күйі туралы ақпаратты бірнеше тәсілмен біле аласыз. Олар —  электрондық тәсілдер: Қорға ұсынылған электрондық пошта арқылы;  электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) немесе логин мен парольді пайдалана отырып, Қор сайтының Жеке кабинеті (сайтта немесе мобильді қосымшада) арқылы; циярлық қолтаңбаны пайдалана отырып, электрондық үкімет порталындағы Жеке кабинет арқылы немесе мобильді азаматтар базасында тіркелген салымшының ұялы телефон нөміріне келетін бір реттік sms-пароль арқылы біле аласыз. Сонымен бірге  Қор кеңсесіне тікелей хабарласқан кезде;  пошта байланысы қызметтері арқылы (пошта хабарларын ақпарат алудың осы тәсілін таңдаған және Қор дерекқорындағы пошта мекенжайы өзекті болып қала беретін салымшылар алады) біле аласыз.  Әрине, ең жедел тәсіл Қор сайтындағы Жеке кабинет арқылы ақпарат алу. Сондай-ақ Қордың смартфондар мен планшеттерге арналған жаңартылған ұялы қосымшасын да пайдалануға болады.

—  Смартфон арқылы зейнетақы шотының жай-күйін қалай қадағалауға болады? Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ұялы қосымшасына қалай тіркелуге болады?

— ENPF ұялы қосымшасы – Қордың өзі әзірлеген жоба, оның көмегімен жеке зейнетақы шотыңыздан үзінді көшірме ғана алып қоймай, зейнетақы активтері бойынша ағымдағы көрсеткіштерді, шарттардың деректемелерін, жаңалықтарды, барлық филиалдар мен қызмет көрсету орталықтарының мекенжайлары мен байланыс нөмірлерін де көруге болады. Сондай-ақ бұл жерде тұтынушыға арналған зейнетақы калькуляторы да орналастырылған, оның көмегімен өзіңіздің болашақ зейнетақыңызды есептеуге болады. Онлайн-бот ең көп қойылатын сұрақтарға жауап береді, ал халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын тұлғалар мұнда өтініш жолдау және басқа да көптеген мәселелерін шешу мүмкіндігіне ие.

Қордың ұялы қосымшасын өз телефоныңызға Google Play немесе AppStore арқылы тегін жүктеп алсаңыз болады. Ұялы қосымшаға тіркелу үшін сіздің ұялы телефоныңызға смс-хабарламамен жіберілетін бір жолғы парольді пайдаланасыз.

Өз парақшаңызға кіру үшін қосымшаға кірудің де екі тәсілі бар: жеке сәйкестендіру нөмірін және пароль енгізу немесе электрондық цифрлық қолтаңбаңызды пайдалану, сондай-ақ ұялы құрылғысында бар болса, пайдаланушы Android үшін Touch ID және IOS үшін Face ID арқылы кіре алады.

ЖСН-ді логин ретінде пайдалану зейнетақы жинақтары туралы ақпарат алу тәсілі ретінде міндетті түрде интернет-ақпараттандыруды таңдауды көздейді. Ол үшін жеке басын куәландыратын құжатпен Қор кеңсесіне бір рет барып, қосымша келісімге қол қойып, enpf.kz сайтында тіркеуден өту қажет.

Сондай-ақ ENPF ұялы қосымшасында Push хабарламалар бар. Бұл қызметті пайдалану үшін қосымшаға кіріп, баптаулардағы «push хабарландыруларын қосу/өшіру» қызметін қосуыңыз керек. Осының бәрін жасаған соң, смартфоныңыздың экранында қысқа қалқымалы хабарламалар пайда болады, олар  міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының түсуі туралы уақтылы еске салып отырады.

 Салымшыларға өз болашағын жоспарлау бойынша қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

— Қор салымшылары үшін қамсыз қарттықты жоспарлау құралдары ретінде пайдалана алатын тәсілдер алуан түрлі. Бірінші кезекте, әрине, тұрақты зейнетақы аударымдары, себебі, ол — қомақты зейнетақы кепілі. Екінші кеңес — еңбек қызметін бастай отырып, өзінің еңбек қатынастарын ресми түрде, яғни еңбек шарты бойынша (егер ол тұрақты жұмыс болса) немесе азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша (егер жұмыс уақытша болса, мысалы, жобалық режим, штаттан тыс) рәсімдеу.  Бірінші жағдайда жұмыс беруші (заңды тұлға, жарналарды аудару жөніндегі агент) қызметкердің табысынан 10%-ы мөлшерінде зейнетақы жарналарын аударуға міндетті, екінші жағдайда, егер сіз АҚС шарты бойынша жұмыс істесеңіз, жұмыс беруші биылғы жылғы табысыңыздың 5%-ын  аударуы тиіс. Бұл жарналардың түсуін ұдайы бақылап отыру керек. Оның үстіне Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры осы тұрғыда барлық мүмкіндіктерді жасап отыр: электрондық жіберілім, enpf.kz сайтындағы жеке кабинет, үнемі жаңартылып отыратын ұялы қосымша, оған дәлел, тағы да қайталап өткім келіп отыр – жақында жарналардың түскені туралы push-хабарлама қажетті функциясы іске қосылды.

Сонымен қатар Қорда ЖЗШ ашып, өзіңізге ыңғайлы соманы белгілеп, ерікті зейнетақы жарналарын ай сайын өз шотыңызға салып отыруға болады. Бұл жерде аударымдардың мөлшері соншалықты маңызды емес, өйткені, түптеп келгенде, сіздің зейнетақы қоржыныңыздың қаншалықты толық екендігі олардың тұрақты аударылуына байланысты болады.

 Сұхбаттасқан Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button