Жаңалықтар

Пандемия және бизнес

Тікелей эфир

Облыстық коммуникациялар қызметінде өткен тікелей эфир барысында  «Пандемия жағдайында бизнесті дамыту» тақырыбы талқыланды. Шараға облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан  Тілеумұратов пен өңірлік кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Рахат Тәжібаев қатысты.

Облыста 60 мыңға жуық белсенді шағын және орта бизнес субъектілері бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,7 пайызға артық. Осы 60 мыңға жуық субъектілердің көбі қазір өз қызметтерін жалғастырып жатыр.

— Алайда Ақтөбе облысының бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес бірқатар шағын және орта бизнес субъектісі қазір өз қызметін тоқтатып жатыр. Үлкен ойын-сауық мекемелерінің ішіндегі балаларға арналған орындар, караоке, бильярд, компьютер клубтары, үлкен мейрамханалар сынды бизнес субъектілерінің жұмысына шектеулер қойылғаны белгілі. Бизнесті қолдау бағытында елімізде бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр. Оның бірі — «Бизнестің жол картасы». Биылғы бизнесті қолдау мақсатында 3,3 миллиард теңге қаражат қаралып отыр. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда әлдеқайда артық, былтыр 2,4 миллиард теңге болған-ды. Қазіргі таңда осы бағдарлама аясында 492 жоба мақұлданды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 59 пайызға артық. Сонымен бірге үкімет тарапынан мемлекеттік бағдарламаларға өзгерістер енгізілді, — деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ өңірде «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында былтыр 83 жоба, биыл 110 жоба қолдау алған. «Еңбек» бағдарламасы бойынша шағын және орта бизнес субъектілерінің  960 жобасы мақұлданып, оларға 4 млрд теңгеден астам несие берілген.

Рахат Тәжібаев өңірлік кәсіпкерлер палатасы тарапынан кәсіпкерлерге қандай көмек көрсетіліп жатқанын баяндады. Оның айтуынша, елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бастап «Атамекен» Ұлттық  кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерге арналған жедел желіні іске қосты. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының еліміздің әр түкпіріндегі өңірлік филиалдары сарапшылары жедел желіге келіп түскен сұрақтарға уақытпен санаспай жауап беруге қатысты.

— Наурыз айынан бастап көптеген кәсіпкерлер жұмыстарын тоқтатқан болатын, бірқатары эпидемиологиялық жағдайға байланысты әлі күнге дейін жұмыстарын жалғастыра алмай отыр. Жедел желіге кәсіпкерлік саласының болашағы, пандемиядан кейінгі даму бағыты, бұрын алған несиелерді өтеу сынды көптеген сұрақтар келіп түсті. Бұл мәселелердің барлығын Ұлттық палата үкіметпен бірлесе отырып талқылап, зардап шеккен кәсіпкерлерге қолдау көрсету тетіктерін реттеді. Нәтижесінде салық төлеу, несиелерін өтеу мерзімін шегеру сынды мәселелерге қатысты жеңілдіктер  қарастырылды. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы да жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыс орнатып, кәсіпкерлердің құқығын қорғау бағытында жұмыс істеп келеді, — деді ол.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button