Жаңалықтар

 «Ауыл»  бағдарламалық  жобасын  таныстырды

Кеше Ақтөбе облысы бойынша «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының кезектен тыс мәжілісі өтті. Бұл шараға «Ауыл» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Оразбек Далмағамбетов, партияның аудандық саяси кеңестері сайлаған делегаттар, партия мүшелері қатысты.

Мәжілісте  «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы бағдарламасының жобасын талқылау,  облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттарға ұсынылатын кандидаттардың партиялық тізімдерін бекіту, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының кезектен тыс XVIII съезіне облыс атынан делегаттар сайлау мәселелері қаралды.

Партияның саяси кеңесі Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлауға қатысу туралы шешім қабылдаған болатын. Кешегі мәжіліске Zoom бағдарламасы арқылы қатысқан партия төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рахымбеков партияның сайлауалды бағдарламасы жобасы туралы айтты. Оның айтуынша, партияның сайлауалды бағдарламасы жобасы жеті бағыттан тұрады. Оның ішінде сананы өзгерту, жастар, білім мәселесі, отбасы құндылығын арттыру,  ана мен бала құқығын қорғау, балаға берілетін жәрдемақының бірыңғай стандартын әзірлеу, ауылдың, ауыл шаруашылығының деңгейін арттыру, агронеркәсіпті, кәсіпкерлікті дамыту, отандық өнімге қолдау көрсету сынды бағыттар бар.

Партия белсендісі, облыстық мәслихат депутаты Гүлжанат Ерғазина «Ауыл» партиясының «Ел аманаты» жалпыұлттық сауалнамасы туралы айтты. «Ел аманаты» жалпыұлттық сауалнамасының мақсаты —  әрбір қазақстандықты толғандыратын және көптеген жылдар бойы өз шешімін таппаған қоғам мен мемлекеттің ең өткір әлеуметтік-экономикалық проблемаларын жинау. Сауалнама 25 қыркүйек-10 қараша аралығында жүргізілген.

— Мен жұмыс істейтін ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры жыл сайын ауыл шаруашылығын қолдау үшін 6,5 миллиард теңгеге жуық қаражат бөліп отыр.  Біздің мекеме ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлермен тығыз байланыста. Сауалнамаға тек «Ауыл» партиясының ғана емес, осы кәсіпкерлер де қатысқан болатын. Нәтижесінде көптеген мәселелер анықталып, ұсыныстар жинақталып, орталық аппаратқа жіберілді. Әрине, қазіргі таңда мемлекет тарапынан іске асырылып жатқан жұмыс өте көп, мемлекеттік бағдарламаларға сұраныс та көп. Дегенмен, проблемалар да бар. Оның бірі — шаруалардың сұрап отырғаны жеңілдетілген несие және кепілге қоятын мүлкінің жетіспеушілігі. Осындай мәселелердің шешімін табу қажет. Партияның сайлауалды бағдарламалық жобасында осы мәселелер нақты көрсетілген,  — деді ол.

Төлеутай Рахымбеков осындай мәселелерді  биік мінберлерде көтеру үшін, шешімін табу үшін «Ауыл» партиясының жергілікті мәслихаттарға, Парламент Мәжілісіне сайлануы маңызды екендігін айтты. Шара барысында облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттарға ұсынылатын кандидаттардың партиялық тізімдері бекітіліп, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының кезектен тыс XVIII съезіне облыс атынан делегаттар сайланды.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button