Жаңалықтар

Әскери қызметкер алғысқа бөленді

Облыстық полиция департаменті «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6655-әскери бөлімінің аға маманы Андрей Петровты қылмыстың алдын алғаны үшін марапаттады.

Әскери қызметкер бойжеткен қызды зорлықтан құтқарып қалған. Оқиға биыл
15 маусымға қараған түні сағат 03.00 шамасында болған. Андрей өз пәтерінің балконына шыққан кезде, көмекке шақырған әйелдің даусын естиді. Сыртқа жүгіріп шыққан ол әйелге зорлық-зомбылық көрсетіп жатқан ер адамды көреді. Оның бірден қолын қайырып, қылмыстың алдын алады. Осы қылмыстың куәгері ақтөбелік Толғанай Лесбаева  видеожазбаға бәрін түсіріп алып, «102» пультіне қоңырау шалып, полиция қызметкерлерін шақырған. Андрей полицейлер келгенше сытылып кетуге тырысқан күдіктіні жібермей, ұстап тұрған. Бүгінде айыпталушы сот шешімі бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қырағылық пен батыл іс-әрекеті үшін облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Атығай Арыстанов 6655-әскери бөлімінің аға маманы Андрей Петровқа және куәгер Толғанай Лесбаеваға салтанатты түрде Алғыс хаттар табыс етті.

— Кәсібіне адал ел азаматтарының арқасында көптеген қылмыстарға жол берілмеуде. Сіздер үлкен батылдық танытып, дер кезінде күдіктіні қолға түсіруге көмек көрсеттіңіздер. Ал мұндай ерлік істер өскелең ұрпаққа үлгі болары сөзсіз, — деген А.Арыстанов өз ризашылығын білдірді.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button