Денсаулық

Сәулелі терапия аппараты қашан жұмыс жасайды?

Қатерлі ісік ауруын емдеудің бір жолы — сәулелі терапия. Қазіргі күні М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің базасында  сәулелік терапияға арналған 4 аппарат бар. Олар — «Агат», «Терагам», «Мультисурс», «Трубим».

Облыста  72 науқас сәулелік терапияға мұқтаж. Оның ішінде 38 науқас стационарлық ем қабылдап жатыр. Ал 34 науқас университеттің медициналық орталығындағы күндізгі стационарда Trubim және Multisource аппараттары арқылы сәулелі терапияны толықтай алып жүр.

Биыл 7 қыркүйекте «Терагам» сәулелі терапия аппаратының моторы істен шыққан. Бұндай құрылғы тек  Чехияда ғана шығарылады. Қажет бөлшектер Ақтөбеге бір аптаның ішінде  келмек. Осы құрылғы арқылы терапия алатын барлық науқастарға «Агат» аппараты арқылы ем жүргізілді. Барлығы да емнің толық курсын алды.

Барлық науқас «Агат» аппараты арқылы сәулелік терапиядан өткен соң, аппарат қазан айының соңында жұмысын тоқтатты. Себебі иондаушы сәулелену көзін қайта қуаттау керек. Қазір аппарат Ресейде қайта зарядталып, яғни  қуаттандырылып жатыр. Қуат көзі толған кезде Ақтөбеге жеткізіледі, яғни осы айдың жиырмасында орнатылады.

Осылайша сәулелік терапияға арналған барлық төрт құрылғы 20 қарашадан кейін жұмыс істейді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button