Жаңалықтар

Ісмер келіншек

Кәсіп

Қызылды-жасылды шарлар әлемі мен көздің жауын алар қолдан жасалған түрлі бұйым арасында бар назарын қолындағысына аударып, ынтамен іске кіріскен келіншек отыр. Жан-тәнімен жасап отырғаны көрініп тұр. Кездесу уақытын алдын ала келіссек те, Ұлжан Бозшинаны қызу жұмысынан бөле алмай, біраз кідірдік. Алдындағы телефоны оянғанда барып, бізді бір байқады. Байқағанымыз, жайылып отырып, әңгіме айтатын уақыты жоқ. Есікке де, телефонға да, тіпті қолына да маза болар емес. Тапсырысты да қабылдап, жұмысын да жалғастырып, бізбен де әңгімелесіп үлгеріп жатыр.

Кәсібінен береке тауып жүрген Сыр сұлуының ісмерлігі қанмен берілсе керек.

— Әкем ағаш шебері, ұста кісі болған. Оқушы кезімнен қолөнерге, тігуге икемім бар. Ата-анамның талабымен жоғары оқу орнына экономика саласы бойынша оқуға түстім. Оқуымды бітіріп, кейін Қандыағаштың жігітіне тұрмысқа шықтым. Сол кезден бастап бұрынғы машықтанған, сүйікті ісіме қайта оралуды ойлап, үйден тапсырыс қабылдай бастадым. Оның үстіне күнделікті тұтынушылар мен тапсырыс берушілердің қатары көбейе түсті. Былайша айтқанда, жұмысым жақсы жүріп жатты. Алайда уақыт өте өз мамандығым бойынша мемлекеттік қызметке жұмысқа орналасуды жөн көрдім, — дейді өнерлі келіншек.

Үш жылдан артық уақыт Мұғалжар аудандық әкімдігінде қызмет жасап, тәжірибе жинақтап, білімін шыңдап, жетістіктерге де жеткен Ұлжан бұл жұмыспен қош айтысуға шешім қабылдап, әрі қарай жеке кәсіп ашып, өз еркімен дамуды құп санайды. Кешегі мемлекеттік қызметкер — бүгінде түрлі мерекелік шаралардың көркін кіргізер әдемі бұйымдар жасаудың кәнігі маманы.

—  Бұрыннан жоспарлап, мақсат тұтып жүрген кәсібіме былтыр шындап кірістім. Бір жағынан, ұлттық дәстүрді дәріптейтін бұйымдарды жасау — мен үшін үлкен жетістік. Мәселен, шілдехана, бесік той, қырқынан шығару, тұсау кесуге арналған жұмыстарым мен тұрмысқа шыққалы жатқан қыздарға арналған түрлі мерекелік бұйымдарым жоғары сұранысқа ие. Жалпы, қазақ халқы ежелден қонақ күтуді дәстүрге айналдырған ғой. Кәсіпке келгенде бәрі оңай бола салды деп айта алмаймын. Елімізде індетке байланысты төтенше жағдай енгізілгенде, жұмыс біраз бәсеңдеді. Алайда бос уақытымның пайда болуы онлайн шеберлік сағаттарға қатысуға мүмкіндік берді. Сәті түссе, түрлі сабақтар мен біліктілікті арттыратын курстарға қатысуға тырысамын, — дейді кәсіпкер келіншек.

Болашаққа деген жоспарын жүйелі жүргізгісі келетін Ұлжан Серікқызы алдағы уақытта көп жұмыстар атқаратынына сенімді. Биыл маусым айында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау-Бизнес» жобасы аясында оқып, кейін бизнес-жоспар құрып, мемлекеттік бағдарлама негізінде 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болыпты. Енді оқудан алған білімі мен қаржылық қолдауды кәсібіне қатысты тың идеяларды іске асыруда пайдаланбақшы.

— «Бастау-Бизнес» — ынталы жасқа зор мүмкіндік  беретін пайдалы жоба. Осы ретте кәсіпке жаңа келген жас кәсіпкерлерге бағыт-бағдар беріп жүрген аудандық кәсіпкерлік палатасының бизнес-жаттықтырушысы Ілияш Еркенқызына, облыстық бизнес-жаттықтырушы Ақтоты Тасымбетоваға және аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Назерке Тігісоваға алғыс айтамын, — дейді Ұлжан.

Бізбен сөйлесіп отырып, шілдеханаға арнап, сәбидің емізігі формасында қорап жасап, оның ішін конфетпен толтырып үлгерген ісмер әрбір шаңырақтағы қуанышқа осылай ортақтасып, куә болып жүр…

 Айдана АЛТЫБАЕВА,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button