Ауыл

Қызылсуда медициналық пункт ашылды

Хромтау ауданының Қызылсу ауылдық округінде жаңа медициналық пункт халық игілігіне берілді.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық бюджет қаржысына бой көтерген бұл медициналық мекеменің  салтанатты ашылу рәсімі барысында санитарлық талаптармен қоса, әлеуметтік арақашықтық қатаң сақталды.

Жаңа медициналық ғимарат 30 адамға шақталған. Жоба құны — 51 млн 234,34 мың теңге. Құрылысты «Техно.С» ЖШС жүргізді. Құрылыс кезінде ауыл тұрғындары жұмысқа тартылған. Қазір бұл ғимаратта 1  мейірбике, 1 кіші қызметкер және 2  күзетші, 1  жылу қазандығының операторы жұмыс жасайды.

Қызылсу ауылдық округіне екі елді мекен қарайды. Олар — Сарысай мен Қызылсу ауылдары. Бүгінде округте 800-ден  астам халық бар.

Арайлым НҰРБАЕВА,

Хромтау ауданы.

Туған елге тағзым

КӨПІР САЛЫНДЫ, МЕКТЕП ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Ауданда «Туған елге тағзым» акциясына жерлестер белсенді араласып жатыр. Биылдың өзінде аталған акция аясында елді мекендерде бірқатар әлеуметтік нысандар бой көтерді.

Нақтырақ айтсақ, биыл қаңтар-қазан айлары аралығында  «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ауылдық округтерде бірқатар әлеуметтік нысандар бой көтеріп, пайдалануға берілді. Бұл бағытта құрылысы әлі жүргізіліп жатқан жобалар да бар. Мәселен, Қарлау елді мекенінде жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен 40 орындық мектеп құрылысы басталды. Жоба құны — 6 миллион теңге. Қазіргі таңда мектептің іргетасы құйылып, қабырғасы қаланып, ішкі қабаттарын бөлу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ аталған акция барысында Бөгетсай ауылында көпір салынды. Жобаның жалпы құны — 750 мың теңге. Бұл жұмысты Бөгетсай ауылының жастары жүзеге асырды. Қазіргі күні ауылға кіреберістегі көпір ел игілігі үшін қызмет етіп тұр.

«Туған елге тағзым» акциясының шарапатын қызылсулық тұрғындар да көрді. «ЮжПромСнаб» ЖШС-ның демеушілігімен Қызылсу ауылындағы Мәдениет үйі 15 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өтті. Нәтижесінде мәдениет ошағының терезелері мен есіктері жаңаланып, сыртқы жұмыстары жүргізілді.

Аталған акцияға Тасөткел ауылындағы мектептің 1973 жылғы түлектері де атсалысты. Олар ауылдың атауы жазылған стеланы құны 1 миллион теңгеге орнатып берді. Ал «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС басшысы Н.Бондаренко Көктау орта мектебінің ауласына және ауылдың орталық саябағына воркаут алаңын салуға 10 миллион теңге қарастырды. Қазіргі күні қажетті барлық жабдықтар алынған. Алдағы уақытта Көктаудың тұрғындары заманауи жабдықталған спорт алаңында жаттығатын болады. Бұл бұқаралық спортты дамыту әрі  салауатты өмір салтын ұстану бағытында атқарылып жатқан шаралардың бір парасы ғана.

Ләззат ӘБДІРОВА,

Хромтау ауданы.

Әлеумет

КӘСІПОРЫН ЖҰМЫСЫ ЖАНДАНАДЫ

Хром кенін өндірумен және байытумен айналысатын «Восход» ЖШС сатылмайды. Жұмыс келер жылдың 1 қаңтарынан бастап қайта жанданып, қалыпты режимге көшеді. Бұл туралы жұмысшылармен өткен кездесуде «Восход» ЖШС директорының орынбасары Лидия Суркова айтты.

Өндіріс орны жұмысшыларымен кездесуге облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі  басқарма басшысының орынбасары Бауыржан Оразаев пен Хромтау ауданы әкімінің орынбасары Меткүл Қосымбаева қатысты.

Кездесуде Бауыржан Оразаев кен өндіру ісінің жандануын бақылауда ұстайтынын жеткізді.

Кәсіпорын еңбеккерлері  жұмысқа қатынау үшін Хромтау қаласының 22-шағын ауданын автобустың бағыттық кестесіне енгізуді сұрады. «Бұл мәселеден аудан басшысы хабардар. Қазіргі таңда осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр», — деп жауап берген М.Қосымбаева өз сөзінде ауданның эпидемиологиялық жағдайына да тоқталды.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда ауданда эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Аудандық ауруханада арнайы төсек-орындар әзірленіп, дәрі-дәрмек қоры жеткілікті мөлшерде жинақталды. Бұл бағыттағы шараларды аудан әкімдігі жанынан құрылған арнайы мониторингтік топ қадағалап отырады.

Л.ӘБДІРОВА,

Хромтау ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button