АуылБасты жаңалықтар

Мемлекеттік бағдарламаның шапағаты

«Жұмыспен қамту жол картасы — 2020»

Байғанин ауданында  «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр.  Өңірде түрлі саланы қамтыған 13 жобаны іске асыру жоспарланған болатын. Бұл мақсатта бюджеттен 927 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген.

— «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» бағдарламасының арқасында жолымыз да жөнделіп, мектептеріміз жаңарып қалды. Жаңа шағын аудандағы үйлерге де электр қуаты берілді. Сондай-ақ ауыл халқы таза ауызсумен  қамтылады. Газ құбыры да осы мемлекеттік бағдарламаның арқасында тартылып жатыр, — дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жолдыбек Айсұлтан.

Оның айтуынша, «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» бағдарламасының аясында аудан орталығындағы 4 көшенің жолы жаңартылыпты. Бұл жобалар —    Қ.Жазықов көшесіндегі, Переезд-2 көшесіндегі,  Ақтөбе-Атырау тасжолынан Барақ батыр көшесіне дейінгі,  Ешбаев көшесінен Асау батыр көшесіне дейінгі автокөлік жолдарының құрылысы.

Сонымен бірге 4 білім шаңырағы жаңартылып жатыр. Олар — аудан орталығындағы Қарауылкелді, №2 Қарауылкелді, №3 Қарауылкелді орта мектептері, сондай-ақ Жарқамыс ауылындағы мектеп ғимараттары. №2 Қарауылкелді мектебінің мердігері — «Техно С» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қалған үш мектептің жұмыстарына жауапты — «СтройМастерКласс» серіктестігі. Бұл 4 жоба бойынша жалпы 58 адам жұмыспен қамтылған. Оның 28-і жұмыспен қамту орталығы арқылы келіпті.

Байғанин балалар спорт мектебінің ғимараты да осы мемлекеттік бағдарламаның арқасында сән-салтанаты келісіп, заман талабына сай жөнделген.

Сондай-ақ биыл Қаражар ауылында сумен қамту нысандарының құрылысы аяқталып, ауыл тұрғындары таза сумен қамтылады. Қарауылкелдідегі Жаңақұрылыс-4, Жаңақұрылыс-5 көшесіне де су құбыры желілері тартылған. Сонымен қатар осы жаңа шағын аудандағы, яғни Жаңақұрылыс-1 көшесіндегі 150 тұрғын үйге де осы «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» бағдарламасының аясында электр желісі тартылған.

— Қазір Ноғайты ауылының халқын көгілдір отынмен қамту мақсатында аталған елді мекенге жеткізуші және ауылішілік газ құбырының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстары желтоқсан айында аяқталады, — дейді  Жолдыбек Айсұлтан.

«Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» бағдарламасының арқасында қолға алынған осы 13 жобаны жүзеге асыру барысында 252 адам жұмыспен қамтылған. Оның 126-сы жұмыспен қамту орталығы арқылы келіпті.

Газдандыру

КЕМЕРШИГЕ ГАЗ ЖЕТТІ

Күні кеше ғана Кемерши ауылына газ құбыры тартылып, ауыл халқы көгілдір отынның қызығын көріп мәз.

«Аманмұнайгаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі мұнай кен орнынан келетін ілеспе газды ауыл халқы тегін тұтынады. Мұны естіген кемершиліктердің қуанышында шек жоқ.

Кемерши — Қызылбұлақ селолық округінің орталығы. Бұл округте 3 елді мекен (Кемерши, Жаңатаң, Бұлақтыкөл) бар. Бүгінде осы 3 ауылдың да халқы көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Былтыр «Аманмұнайгаз» ЖШС Жаңатаң мен Бұлақтыкөлге газ құбырын тартып беріпті.

— Небары екі жылдың ішінде шалғайдағы 3 ауылға газ құбыры тартылды. Қазір осы 3 ауылдың да халқы газды тегін тұтынып отыр. Бұл ретте «Аманмұнайгаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығына үлкен рақмет айтамыз. Расында, аталған серіктестік халық үшін ізгі іс тындырды. Жалпы біздің селолық округте 300-ге жуық түтін, 2200 тұрғын бар, — дейді Қызылбұлақ селолық округінің әкімі Жалғас Талдықов.

Ауыл шағын болғанмен болашағы зор. Кемершиліктер өркениет игілігінің бәрін көріп отыр.

— Осы ауылда туып-өстім. Жасым 78-де. Ауылға газ құбыры тартылып, бәріміз мәзбіз. Тезек теріп, қи ойып, көмір тасып, ағаш жарып, күл шығарып, бозала таңнан қас қарайғанша тыным көрмей, әуреге түсетін жұрт бұл бейнеттен біржолата құтылды. Ауыл тұрғындары кеңес дәуірінде көрмеген игілікті көріп отыр. Бұл — Тәуелсіздіктің жемісі, — дейді ауыл ақсақалы Әбіл Әбдірахманов.

Айта кету керек, қазір аудан тұрғындарының 54,4 пайызы газбен қамтылған. Биыл үш ауылға — Кемерши, Ноғайты, Жарлыға газ құбырын тарту жоспарланған болатын. Ноғайты мен Жарлыға желтоқсан айында көгілдір отын берілетін болады.

Ауызсу

АУЫЗСУ ТАЛАПҚА САЙ МА?

Үкімет басшысы Асқар Маминнің тапсырмасына сәйкес 2023 жылдың соңына дейін қала мен ауыл халқының бәрі бірдей таза ауызсумен қамтылуы тиіс. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жолдыбек Айсұлтан Байғанинде бұл міндеттің дер уақытында орындалатынына сенімді.

Қазір  «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында  Қаражар елді мекеніне сумен қамту жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатта бюджеттен 231,4  млн теңге  бөлініпті.

Аталған ауданда 23 елді мекен бар. Халықтың ауызсумен қамту көрсеткіші — 79,7 пайыз.

— Үкімет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында  биыл Алтай батыр, Көкбұлақ, Қосарал, Қораши елді мекендерін ауызсумен қамту мақсатында жобалық-сметалық құжаттар әзірленген болатын. Құжаттардың бәрі де сараптамадан өтті. Келесі жылы Дияр, Қопа, Баршақұм, Жаңатаң ауылдарына су құбыры тартылады. Сондай-ақ Қарауылкелдідегі су жүйесі кеңейтіледі. Ноғайты ауылындағы  көлемі 25 текше метр болатын су жинақтау  мұнарасын  қайта жаңарту жоспарланып отыр. Қазір бұл жобалар бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр. Яғни келесі жылы 10 елді мекеннің тұрғындары сапалы ауызсу тұтынатын болады, — дейді Жолдыбек Айсұлтан.

Оның айтуынша, жоғарыда аталған елді мекендердің барлығына орталықтандырылған ауызсу тартылған жағдайда аудан халқының 93,8 пайызы (!) орталықтандырылған ауызсумен қамтылмақ. Ал елді мекендер бойынша көрсеткіш — 78,3 пайыз. Яғни аудандағы 23 ауылдың 18-інде су құбыры тартылады.

— Үкімет басшысының тапсырмасына байланысты халық саны 200 адамнан кем елді мекендерде жергілікті бюджет есебінен сумен жабдықтау жүйесінің жергілікті түрлерін орнату (жеке ұңғымалар) ұсынылады.  Бұл жобаға қалған 5 елді мекен — Ақтам, Айрық, Көптоғай, Жыңғылдытоғай және Шұқырши ауылдары кіреді, — дейді Жолдыбек Айсұлтан.

Ауыл шаруашылығы

МАЛ БАСЫ ӨСІП КЕЛЕДІ

Ауданның негізгі шаруашылығы мал шаруашылығы  болғандықтан  жыл сайын  мал  басы өсіп келеді. Өңірде 40 мыңнан астам ірі қара, 18 мыңға жуық жылқы бар. 10 айда ауыл шаруашылығы  саласында   өндірілген өнім көлемі — 14,410 млн теңге.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мұрат Жармағамбетовтың айтуынша, мал тұқымын жақсарту мақсатында 79 шаруа қожалығына 45,7 млн теңге көлемінде субсидия берілген.

— Қазір шалғайдағы аудан халқы қысқа әзір. Биыл мал қыстату науқанына 220,9 мың тонна мал азығы жоспарланып, 222,7 мың тонна мал азығы дайындалды, — дейді Мұрат Жармағамбетов.

Оның айтуынша, мал тұқымын асылдандыруда «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасының септігі көп. Аталған бағдарламаның аясында аудандағы 9 шаруа қожалығы асылтұқымды ірі қара мал сатып алу үшін 344,2 млн теңге көлемінде төменгі пайызбен несие алуға құжат тапсырыпты. Қорытындысында 8 жоба мақұлданған. 1 жоба бойынша құжаттар сарапталуда. Аталған бағдарламаның арқасында «Мұхамедияр», «Рауаж», «Асылбек», «Таң», «Құлагер» секілді  шаруашылықтар мал тұқымын асылдандырып жатыр.

«Бизнестің жол картасы – 2025»

ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ ИЕГЕРЛЕРІ

Байғанин ауданында кәсіпкерлікті қолдау мақсатында көптеген шаралар жүзеге асырылуда. Соның бір парасы — аудандағы екі кәсіпкер Жанар Қоштанбекова мен Медет Бақдәулет «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасының арқасында бірі 3,4 миллион теңге, екіншісі 5 миллион теңге қайтарымсыз грант иеленді.

— «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында облыс орталығында өткен  қайтарымсыз гранттардың конкурсына біздің ауданнан  4 үміткер қатысқан болатын. Конкурс қорытындысында олардың екеуі жеңімпаз атанды.

Жанар Қоштанбекова киім цехын ашу жобасымен 3,4 миллион теңге қаражат ұтып алды.  Қазір Жанар Қуандыққызы киім цехын ашуға кірісіп кетті.  Кәсіпкер цехта 20 жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр.

Ал Медет Бақдәулет жүн өңдеу  цехына құрылғылар алу  мақсатында  5 миллион теңге ұтып алды. Жүн өңдеу — еліміз бойынша өзекті мәселе. Негізгі шаруашылығы  мал шаруашылығы болғандықтан біздің ауданға шикізат өнімдерін қайта өңдейтін өнеркәсіп керек. Медет Ғайноллаұлы осы мақсатта жүн өнімдерін қайта өңдеуді қолға алуда, — дейді аудандық өнеркәсіп және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Руслан Обаев.

P.S.

Биыл аудан орталығындағы 6 көшеге күрделі жөндеу жүргізілді. «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында 4 көше, «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында 2 көше жаңарды. Келесі жылы 7 көшені жаңарту жоспарланып отыр.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button