Тарих

Бір суреттің ізімен

Ақтөбелік кәсіби қаламгерлердің ақсақалы, ұлт зиялысы Жиенғали Тілепбергенұлының туғанына биыл 125 жыл толып отыр.

Жазушының жүз жылдық мерейтойы Ақтөбе жерінде дүркіреп өтті. Одан бері де ширек ғасыр өтіпті. Мерейтойдың өтуіне мұрындық болған — жиенғалитанудың тұма бастауында тұрған, жерлесіміздің ескі басылым беттерінде жарияланған сөз мұраларын тірнектеп жинап, тұңғыш жинағын құрастырып, бастырушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішев болатын. Жазушының кезекті мерейтойлары қарсаңында жергілікті баспасөзге үнемі мақалалар жіберіп, ақтөбеліктердің жадына салып отыратын әдебиеттанушы ғалым Тұрсынбек Кәкішев — жасын жасай алмай, алмағайып заманның аласапыранында аштан өлген Жиенғали Тілепбергенұлының жанашыры да, жоқшысы-тын.

Мерейтой ерекше өтті. Жем, Темір, Қандыағаш, Ақтөбе жерлерінде конференциялар ұйымдастырылып, жазушының басы қарайтылып, зиратына ескерткіш тас қойылды. Марқұмның рухына Құран бағышталып, Темірде ас берілді. Бүгінгі таңда сол қабірдің де кетеуі кетіп, азып тұрған жайы бар. Конференция күндерінде жазушының баласы ғалым ағамызды үйіне шақырып, қонағасы берді. Сол күні әкесінен сақталып қалған қолжазбаларды, фотосуреттерді, қойын дәптер мен анықтамалық құжаттарды Тұрсынбек Кәкішев Нұраш ағайдан алып, маған тапсырды. Жиенғалитану мен үшін осы күндерден басталған еді, жетекшім де, тақырыбым да айқындалып, ғылыми зерттеу жұмысымның да бағыт-бағдары сол конференция тұсында нақтыланып қалған болатын.

Фотосуреттер үшеу еді: біріншісі — Жиенғалидың «Ғалия» медресесі шәкірттерімен бірге түскен, екіншісі — Құдайберген Жұбанов және Жиенғали Тілепбергенов екеуі отбасымен түскен cурет, ал үшіншісі — маған беймәлім бір досы екеуінің отбасыларымен бірге түскен фотосуреті. Онда Жиенғали, алдында құндақтаулы баласы бар (ол — Нариман) әйелі Әлфия, балдызы Айман және мен білмейтін тағы да төрт адам бар. Әрине, бұл ерекше фотошежіре мені өте қызықтырды. Бұл суреттегі отбасы туралы Нұраш Жиенғалиев еш нәрсе білмеді, Кәкішев ағай да оларды танымайтын болып шықты. Бір білсе осы кісі білер деп, сол кездегі Қ.Жұбанов атындағы университеттің қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі Есет Құдайбергенұлы Жұбановтан да сұрап көрдік. Бірақ Есет ағай да танымайтынын айтты. Сонымен фотосурет жұмбақ күйінде, сырын ашпай, Нұраш ағайдың мұрағатында мүлгіп жата берді.

2019 жыл. Алматыдан телефон соқты. Қоңырау шалып тұрған Гауһар Қуандыққызы Шаңғытбаева екен. Мен оны танымаушы едім. Гауһар өзі университетке хабарласып, менің телефонымды сұрап алыпты. Салғаннан сөзіміз жарасып, қызық әңгіме өрбіді. Оған себепші болған — жоғарыда аталған фотошежіре. Гауһарға дәл сондай суретті бөле апасы Қызғалдақ 2010 жылы берген екен. Содан бері суреттегі өзінің нағашы ата-әжесімен бірге түскен азаматтардың кім екенін анықтай алмай, ол да мен сияқты сұрастырумен, іздестірумен жүріпті. Ақыры интернеттегі «Ақтөбе» газетінің сайтынан менің Жиенғали туралы мақалам мен оған қоса берілген фотосуреттерді көзі шалып, аспаннан іздегені жерден табылғандай қуаныпты. Сөйтіп, жұмбақ адамның кім екенін анықтап, қуанышы қойнына сыймаған Гауһар дереу мені іздеп тауыпты. Менің де қуанышымда шек болмады. Мен үшін жұмбақ болған жандар — ақтөбелік ақтаңгер ақын Қуандық Шаңғытбаевтың қайын атасы мен енесі болып шықты. Яғни суреттегі бейтаныс жандар — Гауһардың анасы Мәриямның әке-шешесі Ілияс Темірбеков пен оның жары Зүбайда және олардың екі қызы екен.

Гауһар Қуандыққызы — журналист екен әрі есімі танымал баспагер, Алматыдағы «СаГа» баспасының бас редакторы. Бір-бірімізге кітаптарымызды жібердік: маған Гауһардың өзі құрастырған әкесінің «Шайыры», ал Гауһарға мен құрастырған Жиенғалидың екітомдығы бұйырды. «Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» дегендей, тез тіл табысып кеттік, әсіресе, Жиенғали Тілепбергенұлының туындыларындағы суреттелген оқиғалардың тарихи негізінен хабары мол, мұрағаттық танымы терең, ізденістің адамы екендігіне тәнті болдым. Өзі талапқойғыш редактор, өз ісінің білгірі екен.

Жиенғали туралы жазылған естелік, әңгімелер, тіпті шағын деректер болса да, біз үшін аса бағалы. Сондай бір газет мақаласы — Жақан Сыздықовтың «Жиенғали Тілепбергенов» атты естелік әңгімесі («Қазақ әдебиеті», 1967, 22 сентябрь). Осы мақаланың толық сырын ашу Гауһар екеуміздің кейінгі зерттеулеріміздің еншісі болмақ.

Ілияс Темірбеков пен Жиенғали Тілепбергенов — жерлес, яғни Темір-Орқаш топырағының тумалары, идеялас, рухтас, тіпті ағайынды-тумалас жандар. Ілияс Темірбеков — Қазақстанның Халық ағарту комиссары, ал Жиенғали халық ағарту институтының директоры, «Кедей», «Бостандық туы», «Сыр бойы» газеттерінің редакторы болған. Қазақтың біртуар азаматтары, сонау өмір мен өлім тайталасқан қиын-қыстау заманда бір-біріне сүйеу, селкеусіз сеніскен дос болған асыл жандардың бірі небәрі – 34, екіншісі 38-ақ жыл ғұмыр кешіп, арманда кете барыпты…

 Ғайша НИЯЗОВА,

жиенғалитанушы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

Басқа жаңалықтар

Back to top button