Басты бет » Жаңалықтар » 17 кандидат көп дауыс жинады

17 кандидат көп дауыс жинады

Бүгін Nur Otan партиясы Ақтөбе қалалық филиалының кезектен тыс ХХXII конференциясы өтті. Оған Nur Otan партиясы Ақтөбе қалалық филиалының төрағасы Асхат Шахаров қатысты.

Конференцияны ашқан филиал төрағасы Асхат Шахаров партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырып, партияішілік іріктеудің екінші кезеңінде қалалық 31 бастауыш партия ұйымынан 65 делегат, дебатқа 34 кандидат қатысатынын жеткізді. Олардың қатарында мемлекеттік мекемелердің, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, спортшылар, белсенді жастар және кәсіпкерлер бар.
Айта кету керек, партиялық ішкі іріктеудің бірінші кезеңіне Ақтөбе қаласы бойынша 138 кандидат қатысты. Оның 32 пайызы (44) — әйелдер, 27 пайызы (37) — 35 жасқа дейінгі жастар. Егер бастауыш партия ұйымдарынан кандидаттардың 40,5 пайызы (56) ұсынылған болса, 59,4 пайызы (82) — өзін-өзі ұсынғандар. 12 мыңнан астам партия мүшесі дауыс беруге қатысқан. Ал жалпы облыс бойынша праймериздің бірінші кезеңіне 460 үміткер қатысқан. Оның 36,7 пайызы әйелдер болса, 28 пайызы – 35 жасқа дейінгі жастар.

Конференцияда кандидаттар арасында пікірсайыс өтіп, бірінші раундта қатысушылар өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырды. Ал екінші раундта сұрақ-жауап түрінде өзара ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Бұдан кейін конференцияға жиналған партия мүшелері өздері таңдаған кандидатқа дауыс берді. Нәтижесінде 17 үміткер ең көп дауыс жинады. Олар облыс мәслихаты депутаттарын сайлауға қатысу үшін партиялық тізімге ұсынылды. Сондай-ақ қалалық мәслихаттағы 30 орынға 43 адамнан тұратын партиялық тізім бекітілді.
Жиында сондай-ақ Nur Otan партиясы облыстық филиалының кезектен тыс XXX конференциясына делегаттар сайланды.

Д.ҚАЗИХАН.