Жаңалықтар

Қарғалы ауданында 9 адам індет жұқтырды

Күн сайын індетке шалдыққандардың саны артып барады. 8 қараша күні облыста коронавирус жұқтырған тоғыз адам тіркелді. Науқастардың барлығы Қарғалы ауданының тұрғындары. Үш адамда ауру белгісі байқалса, қалғандары – симптомсыз. Аурушаңдықтың өсуі – 0,3 пайыз.

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін  бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева және облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев тікелей эфир арқылы аймақтың эпидемиологиялық жағдайын айтып, тұрғындар сауалына жауап берді.

Рүстем Исаевтың айтуынша, қазіргі таңда коронавирусқа шалдыққан 80 науқас ем алып жатыр. Оның ішінде 24 адам ауруханада болса, бір адам жасанды тыныс алу аппаратына таңылған. Хромтау аудандық ауруханасында 4 науқас, Қарғалы аудандық ауруханасында 7 науқас ем алуда. Ал Ақтөбе қаласындағы емдеу мекемелерінде пневмонияға шалдыққан 25 адам емделіп жатыр. Оның ішінде бір науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Індет басталғалы 9773  адам пневмонияға шалдыққан.  Облыстың емдеу мекемелері індеттің екінші толқынына дайын. Қазіргі күні резервте 3288  кереует тұр. Әлімбет пен Жайсаң шекара бекеттеріндегі карантиндік стационарда барлық жағдай жасалған. Жалпы облыстың емдеу мекемелерінде екі айға жететін дәрі-дәрмек қоры бар. Төрт зертхана жұмыс жасауда. Тәулігіне 2100-ге дейін тест өткізуге мүмкіндік бар. Қазіргі таңда барлығы 177 472 ПТР-тест алыныпты.

Департамент басқарма басшылары тұрғындар сауалына жауап берді. Оның ішінде балалардың екінші тоқсанды қайда оқитыны туралы сөз болды. Нұрсұлу Беркімбаева қазір осы мәселенің жан-жақты қаралып жатқанын айтты. Барлығы эпидемиологиялық ахуалға байланысты болмақ.

Қоғамдық көлік мәселесі де сөз болды. Жүргізуші, кондуктор және тұрғындардың өздері бетперде кимейді. Адам көп. Арақашықтық сақталмайды. Нұрсұлу Беркімбаева бақылау жұмыстарының жүріп жатқанын айтып, қауіпсіздікті сақтау керектігін ескертті.

Жалпы, облыста КВИ-мен ауырған 3368 адам  тіркелді, оның ішінде 49%-ы ауру белгілерімен (1648) және 51%-ы симптомсыз (1720) жағдай. 3252 науқас жазылып шықты.

Ақтөбе қаласында 2412 адам ауырса, Әйтеке би — 20, Алға — 94, Байғанин — 57, Ырғыз — 54, Қобда — 14, Қарғалы — 49, Мәртөк — 64, Мұғалжар — 172, Темір — 190, Ойыл — 21, Хромтау — 113, Шалқар ауданында 108 адам вирус жұқтырған. Жалпы тіркелген 3368  науқастың 2,8%-ы сырттан келген. 461 науқас ауру адаммен байланыста болған. Профилактикалық мақсатта тексерілгендердің саны — 962. Қазіргі таңда үй карантиніне 336 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button