Экономика

Алғада тұрғындардың 95 пайызы газбен қамтылған

Алға ауданының экономикасы, негізінен, ауыл шаруашылығына, соның ішінде мал шаруашылығына сүйенеді.

Биылғы пандемияға байланысты шектеулердің, көрші елдермен шекараның жабылуы салдарынан бастапқы 9 айда ет өнімдері өндірісі бойынша көрсеткіш төмендеп, өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 86,7 пайыз болды. Экспортқа ет шығару жоспары да орындалған жоқ.

Алайда аудан әкімі Мамырғали Аққағазовтың айтуынша, «АкТеп» ЖШС, «Ақ құс» фабрикасы, т.б. ет өндіруші кәсіпорындар бүгінгі күні жаңа жағдайда жұмыс істеудің жолдарын қарастырып отыр, соған байланысты ет өндіру бойынша жылдық қорытынды көрсеткіш жоспарға сай болады деген үміт бар.

Бұл жөнінде өңірлік коммуникация орталығының ұйымдастыруымен Алға қаласында өткен аудан әкімінің журналистермен кездесуінде айтылды.

Мал басы көбейді

Еттен басқа, сүт өнімдері және жұмыртқа өндірісі бойынша көрсеткіштер төмендемеген. Тоғыз айдың ішінде барлығы 15161,1 мың тонна ет, 20 мың тонна сүт және 2,7 миллион дана жұмыртқа өндірілген.

Ауданда 52,6 мың бас мүйізді ірі қара, 9,1 мың жылқы, 82,4 мың бас қой-ешкі бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда мал басының өскенін көрсетеді. Құстың саны — 32,2 мың. 2019 жылдың көрсеткішімен салыстырмалы алғанда бұл 97,6 пайызды құрайды.

Соңғы жылдардағы қуаңшылық салдарынан шаруашылықтар егіс көлемін де жылдан-жылға азайтуға мәжбүр болып отыр. Биыл аудан бойынша 98 шаруашылық егіс салған. Тұқым себілген алқаптың жалпы көлемі — 60 549 гектар. Бұл 2019 жылғы егіс көлемінің шамамен үштен екісін құрайды. Бастапқы орылған 20 мың гектар алқаптың әр гектарынан, орташа есеппен алғанда 9,1 центнер өнім алынған. Ал қысқа шөп ору жоспары 119,1 пайыз орындалған.

Шағын және орта бизнес нысандарының саны — 2159, олардың 95,6 пайызды белсенді жұмыс істеп тұр. Биыл «Бизнестің жол картасы — 2025» мемлекеттік  бағдарламасының аясында 10 жоба жүзеге асырылған. Олардың жалпы құны — 127,1 миллион теңге. Оның ішінде, мысалы, «Түрксиб» шаруа қожалығына электр желісін тартуға 49,9 миллион теңге жұмсалған, гипстен түрлі сәнді бөлшектер жасау үшін бір кәсіпкерге 5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант берілген, сондай-ақ кәсіпкерлер тауар айналымын толықтыруға, қажетті құрылғылар алуға, басқа да мақсаттарға жеңілдікпен несие алған.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 8 жоба мақұлданып, жеңілдетілген несие арқылы қаржыландырылған. Оның 7-еуі — ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы жобалар. Қаржы, негізінен, мал, оның ішінде асылтұқымды мал, құс, техника сатып алуға жұмсалыпты.

Бір жылда 5 ауыл газдандырылды

Инфрақұрылымды дамыту бағытында ауданда бірқатар жұмыстар атқарылған. Соның нәтижесінде бүгінде аудан халқының 92,6 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Биыл «Еңбекпен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Нұрбұлақ, Жерұйық ауылдарын ауызсумен қамту жұмыстарына қаражат бөлініпті. Жыл соңына дейін аталған ауылдарда су құбыры іске қосылса, аудан бойынша таза ауызсумен қамтылған тұрғындардың үлесі 94,5 пайызға жетпек. Сондай-ақ қазір Қайыңдысай, Тоқмансай ауылдарына су тарту үшін жерасты суларының қоры іздестіріліп жатыр.

Бүгінгі күні аудан халқының 95 пайызды газбен қамтылған. Биыл Қарақобда, Көктоғай, Тікқайың ауылдарына газ апарылды. Ал Сарықобда мен Болгарка елді мекендеріне «ҚазТрансгазАймақ» АҚ  қаражаты есебінен газ құбыры өткізіліп жатыр. Алдағы уақытта Еркінкүш, Талдысай, Амангелді ауылдарына көгілдір отын апару жоспарланып отыр.

Жол күтіміне — 30 миллион теңге

Жолдардың жағдайы — аудандағы әлі шешімін таппаған мәселелердің бірі. Мұнда республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 99 шақырымды, облыстық маңызы бар жолдар 98 шақырымды, аудандық маңызы бар жолдар 266 шақырымды құрайды.

Аудандық маңызы бар жолдардың күтіміне биыл аудандық бюджеттен 30 миллион теңге қаржы бөлінген. Бұл жұмыс «ДСС Транс», «Мастер Металл Пласт» және «ДЭУ-2010» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне тапсырылыпты.

Алға-Қарабұлақ жолында және Богословка-Алға-Тоқмансай бағытының Есет батыр-Қайнар бөлігінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ биыл «Ауыл — ел бесігі» арнайы жобасының аясында Маржанбұлақ ауылының Абай Құнанбаев атындағы және Өрлеу көшелерін қайта жаңғырту жұмыстарына 327,3 миллион теңге қаржы бөлінген. Осы ауылдағы Бауыржан Момышұлы және Әбілқайыр хан көшелеріне жол салу үшін 110,1 миллион теңге бөлініпті.

Биыл «Еңбекпен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Алға қаласы мен Тамды, Бестамақ ауылдарында бірқатар көшелерде жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Маржанбұлақта екі мектеп салу көзделген

Ауданда 29 мектеп бар. Олардың 23 ғимараты — типтік, 6 мектеп бейімделген ғимаратта отыр. Апаттық жағдайда тұрған мектеп жоқ. Биыл 18 мектепке бейнебақылау жүйесі орнатылған, олардың 10-ына облыстық бюджеттен, 8-іне аудандық бюджеттен қаражат бөлініпті. Аудандағы мектептердің басым бөлігі автономды жылыту жүйесіне қосылған, соның ішінде газбен қамтылғаны — 16 мектеп. Жылыту маусымында 10 мектепке қатты отын, яғни көмір қажет, бүгінгі күні бұл мектептер үшін 1457,7 тонна отын тасып алынған. Бұған 28,8 миллион теңге қаржы жұмсалыпты.

Биыл Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектепке автономды газ қазандығы орнатылды, сонымен қатар Ақай орта мектебіне газ қазандығын орнатуға қаржы бөлініп, бұл жұмыс қазір жасалып жатыр.

Маржанбұлақ ауылына әрқайсысы 300 орындық екі мектеп салу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленген. Ауданда 1-6 жас аралығындағы бүлдіршіндердің 82, 3 проценті балабақшамен қамтылған. Оның ішінде 3-6 жасар балалар мектепке дейінгі біліммен толықтай қамтылып отыр.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА,

Алға ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button