Жаңалықтар

Тұрғындар тілегі тыңдалды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнаманы түсіндіру, сыбайластықтың алдын алу және оны болдырмау мақсатында арнайы топ Ойыл және Қобда аудандарында болды.

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Бауыржан Балғабеков бастаған топ құрамында оның бірінші орынбасары Ғалымбек Досанов, сондай-ақ  ақпараттық-ағартушылық штаб мүшелері — «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин мен белгілі ақын Жақсылық Айжанов болды.

Топ мүшелерінің ауданға жасаған сапары Ойылдан басталды. Мұнда олар «бір терезе» қағидаты бойынша азаматтарға кедергісіз қызмет көрсетуге бағытталған «сервистік әкімдіктің» қызметімен танысты. Мамандардың айтуынша, бұл жерде кез келген азамат кезексіз әрі кедергісіз өзіне қажетті қызметтерді ала алады. Бұл орталықта  жер қатынастары, әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығы және басқа да бөлімдердің мамандары тұрғындарға қызмет көрсетеді.

Бүгінгі күні «сервистік әкімдік» өзінің тиімділігін көрсеткен. Ашылған уақыттан бері мұнда 1000-нан астам адам жүгініп, сапалы қызмет алған.

Аудандардың ішінде алғашқы сапарын Ойылдан бастаған департамент басшысы Бауыржан Балғабеков және штаб мүшелері аудан орталығында, сондай-ақ  Саралжын  ауылдық округінің Кемер елді мекенінде жергілікті тұрғындармен кездесті. «Open space» кабинетінде азаматтарды жеке қабылдаған Б.Балғабеков олардың мәселесіне құлақ түріп, нақты жауап берді. Тұрғындар, негізінен, тұрғын үй-коммуналдық, жер, әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығына қатысты проблемаларды көтерді.

Департамент өкілдерінің айтуынша, бүгінгі күні «Open space» кабинет барлық аудандар мен селолық округтерде жасақталған.

Санитарлық талаптар мен әлеуметтік арақашықтықты сақтай отыра өткізілген кездесуге мемлекеттік қызметкерлер мен депутаттар, мектеп директорлары, селолық округ әкімдері және ауыл тұрғындары қатысты.

Сапарымыздың негізгі мақсаты — парасаттылық және қоғам алдындағы ашықтық қағидаларын нығайту, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, — деді Бауыржан Балғабеков.

Кездесу барысында Ғ.Досанов жиналғандарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңдылықтарды жан-жақты түсіндіріп берді. Ол өз сөзінде кім-кімнің де сыбайластық әрекетке бармау керектігін, мұндай қадамға барғандар қатаң жазаланатынын айтты. Өз кезегінде Р.Отыншин сыбайлас жемқорлықтан аулақ болу үшін, ең алдымен, бүгінгі бала, ертеңгі мемлекеттік қызметкердің отбасындағы тәлім-тәрбиесі дұрыс болу керектігін баса айтты.

Топ мүшелерінің жұмыс сапары Қобда ауданында жалғасты. Олар аудан орталығы мен Талдысай ауылы тұрғындарымен де осындай кездесу өткізіп, ашық пікір алысты.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button