Жаңалықтар

Бағаны негізсіз өсіруге жол берілмейді

Алға ауданында негізінен ет өндірісімен айналысатын кәсіпорындар шоғырланған. Аудан орталығында 7 ет павильоны жұмыс істейді.

Бұлар — «Халал», «Кайр А», «Ет павильоны», «Шөкей», «Береке», «ЖК Алғалиев» және «Аққу» павильондары. Оның төртеуінде шаруа қожалықтары өз өнімдерін халыққа төмен бағамен ұсынады.

Бағаны тұрақтандыру бағытындағы жұмыстар аясында Алғада екі арнайы ұн сататын дүңгіршек ашылған. Олар ұн «Жана Әлжан» ұн комбинатынан делдалсыз, яғни тікелей жеткізіледі. Ауданда үш наубайхана жұмыс жасайды. Алғадағы «Ыстық нан» наубайханасы сұранысқа байланысты айына 4-5 тонна нан  өнімдерін шығарып, оны жергілікті тұрғындармен қоса, көрші ауданға да сатып отыр. Бұл наубайхана 23 түрлі нан өнімін пісіреді. Нанды Алға қаласының бөлшек сауда орындарына 85 теңгеден өткізеді. Қаладағы «Ыстық нан», «Алман» дүкендері нанды осы бағамен, яғни үстемесіз сатады. Үшқұдық және Ақай ауылдық округтеріндегі наубайханалар күніне 100-150 нан пісіріп, 90-100 теңгеден сатады.

Ауданда 5 әлеуметтік дүкен жұмыс жасап тұр. Бұл дүкендерде баға басқа сауда орындарынан арзандау әрі мүгедектер мен зейнеткерлерге 5 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Ал «Әлем» минимаркетінде қайырымдылық сөресі (полка добра) орнатылған. Бұдан мұқтаж адамдар азық-түлікті тегін ала алады. Сонымен қатар 14 дүкен жұма сайын тегін 50 бөлке нан таратады.

Бағаны тұрақтандыру мақсатында қалада 19 азық-түлік түрі бойынша бағаға күнделікті бақылау жүргізіліп, оны негізсіз көтерген дүкендердің мәселесі азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жасау және бақылау жөніндегі аудандық штаб отырысында қаралады. Барлық сауда орындарына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бекітілген шекті бағалары бойынша ақпарат жолданып, түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

А.САРЫБАЙ,

Алға ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button