Жаңалықтар

Шалқарлық еріктілердің ерлігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Волонтерлер жылы» деп жариялап, жастарды халықтың шынайы пейіліне ие болу үшін ізгілікті істердің басынан жиі көрінуге шақырған болатын. Қайырымдылық қасиеттер бір ғана жылдың аясымен шектелмей, адамзат баласының бойында мәңгіге қалыптасқаны дұрыс. «Еріктілер —  жаны таза адамдар. Олар — елдің шынайы патриоты, сол үшін де құрметім шексіз. Белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз мемлекеттің дамуына айтарлықтай септігін тигізетіні сөзсіз», — деген Президент сөзін шалқарлық белсенді жастар шамшырақ етіп, үнемі ізгі амалдар жасауға тырысуда.

Аудандық жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Шалқар еріктілері» волонтерлік тобы және қаладағы мектеп жанынан құрылған ерікті топтар арнайы жоспар бекітіп, жұмыс бағыттарын белгілеген. Атап айтсақ, қазіргі күні «Қамқор», «Таза әлем», «Саулық» бағыттары бойынша бірқатар жұмыстар жүруде.

Аудандық жастар ресурстық орталығының жастар ісі жөніндегі инспекторы Жаңылсын Рахметованың сөзінше, биыл волонтерлық топтар 57 шара өткізіп, оған 2089 жас жұмылдырылған. Қайырымдылықты мақсат еткен іс-шаралар арнайы бағыттарға бөлініп, жоспарлары жүйеленген. Мәселен, «Қамқор» бағыты бойынша №6 орта мектеп жанынан құрылған «Қарекет» волонтер тобы Шалқар қаласындағы қарттар жатақханасына барып, азық-түлік пакеттерін таратып, киім-кешектер мен сыйлықтар үлестіріпті. «Жасstar», «Шалқар еріктілері», «Жаңа толқын» волонтерлық топтары бірігіп, аудан орталығындағы жалғызбасты қарттардың үйлеріне барып қол көмектерін берген. «Әскерилендірілген теміржол күзеті» АҚ Шалқар стансасындағы №60 атқыштар командасының күзетшілері де аудан орталығындағы бір отбасына қайырымдылық көмектерін көрсеткен.

Шалқарлық жастар елімізде жарияланған төтенше жағдай талаптарын қатаң сақтай отырып, індет туралы насихат жұмыстарын жүргізуге  өз еріктерімен көмектесуде. Қазіргі күні волонтерлер аудандық полиция бөлімімен меморандумға отырып, түнгі рейдтерге шығып, індеттің алдын алуға байланысты жарияланған шектеулерге салғырт қараған кәсіпкерлік нысан иелеріне насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тегін бетперделер таратып, оны үнемі тағып жүру хақында бейнеүндеулер жолдауда да еріктілеріміздің үлесі зор. Жақында Шалқар қаласының Газшылар қалашығында өртенген қабатты үйдің тұрғындарына барып, оқиғадан кейінгі ахуалдарын біліп, үй ішін тазалап, жарамсыз заттарды сыртқа тасып, қол көмектерін берді. Алда да осы бағыттан таймай, елдің шынайы ризашылығы үшін жастар игі істердің басынан көріне бермек, — деді жастар ресурстық орталығының инспекторы Ж.Рахметова.

«Шалқар еріктілері» тобының жариялаған әрбір шарасының мән-мағынасы да ізгілікпен үндесіп тұр. Таяуда өткізген «Жақыныңа жанашыр бол» акциясы аясында ауыр науқасқа шалдыққан шалқарлық кішкентай тұрғынға ота жасату үшін қаржы жинаған. Жастардың бұл бастамасын ауданнан шыққан белгілі кәсіпкер Данияр Қобыландин қолдап, өткен жаздың соңғы айларында кішкентай қыз балаға Қарағанды облысында ресейлік дәрігерлер ота жасады. Қазіргі таңда  баланың жағдайы жақсы. Шалқар ауданының волонтерлік құрамында 200-дің үстінде мүше бар. Оның қатарында жасы 18-ге толған жастардан бастап  70-ті алқымдаған ардагерлер де бар.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button