Басты бет » Білім » Мемлекеттік үлкен қолдау: 180 колледж бен 20 жоо халықаралық талаптарға сай жабдықталады

Мемлекеттік үлкен қолдау: 180 колледж бен 20 жоо халықаралық талаптарға сай жабдықталады

Кәсіптік-техникалық білім беру саласынның материалдық базасын халықаралық стандарттарға сәйкес нығайтуда ел тәуелсіздігін алғалы бері болмаған үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың Жастар жылының ашылу салтанатында берген тапсырмасына сәйкес «Жас маман» жобасы қолға алынды. Жобаның басты мақсаты — сұранысқа ие өнеркәсіптік және сервистік 100 мамандық бойынша 180 колледж бен 20 жоғары оқу орнын жаңғыртуды және білікті мамандарды даярлауда халықаралық тәжірибені енгізу. Жоба аясында шешімдер қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін барлық мүдделі мемлекеттік органдардың, салалық қауымдастықтардың және «Атамекен» ҰКП қатысуымен «Жас маман» жобасын іске асыру жөніндегі комиссия құрылды. Оқу орындарының сапа көрсеткіштері сарапқа салынып, қорытындысында былтыр ел бойынша 80 колледж  (25,8 млрд теңге) іріктеліп алынды. Оның 9-ы Ақтөбенің колледжі! Олар: Хромтау тау-кен, Ақтөбе жоғары политехникалық, құрылыс және бизнес, автожол, көлік-коммуникация және жаңа технологиялар, байланыс және электротехника, ауылшаруашылық, өнеркәсіптік технологиялар және басқару, сондай-ақ сервис колледждері.

Биыл біздің облыстағы 5 колледждің материалдық-техникалық базасын жаңарту іске асырылып жатыр, қалған 4-еуі келесі жылы қолға алынбақ.  Бұл бағытта республикалық бюджеттен бөлініп жатқан қаражат та қомақты. 9 колледж үшін жалпы 2,6 миллиард теңге қарастырылған.  Оның 1,4 миллиард теңгесі биыл жаңартылатын оқу орындарына бөлінді. Бұл қаржы оқу зертханалары мен шеберханаларын заманауи құрылғылармен жабдықтау, кабинет­терді құрал-жабдықтармен қамта­масыз етуге, зертханаларды жаңартуға жұмсалады. Осы сала­да білім алатын оқушылардың прак­тикалық жұмысқа ден қоюына басымдық беріледі, — дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.

Оның айтуынша, өткен жылы жоба аясындағы іріктеу конкурсына өңірдегі 26 мемлекеттік колледждің құжаттары жіберілген. Қорытындысында, жоба талаптарына сай келетін 9 колледж таңдалып алыныпты.

«Жас маман» жобасы «Жастар — ел тірегі» ұлттық жобасының құрамына кіреді. Жоба бойынша мемлекеттік қолдауға ие болу үшін колледждерге көп талап қойылды. Мысалы, оқу орнындағы түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші, мемлекеттік тапсырыс саны, дуальды оқыту, еңбек нарығында сұранысқа сай мамандықтардың көптігі, тағы басқа көрсеткіштерге басымдық берілді, — дейді Нұргүл Лескенқызы.

Колледждерде кадрларды даярлаудың халықаралық стандарттарын енгізу үшін шетелдік серіктестер тартылады екен. Шетелдік серіктеспен бірлесіп кадрларды даярлау бағдарламаларын жаңарту, оқытушылардың біліктілігін арттыру және оқу орны мен менеджмент процестерін жетілдіру бойынша жұмыс ұйымдастырылған.

Болашақта бұл инвестиция облыс экономикасы үшін қажетті білікті кадрлардың даярлануына мүмкіндік береді. «Жас маман» жобасының артықшылығы — ең қажетті мамандықтарға басымдық берілуі. Сапалы, бәсекеге қабілетті маман даярлауға үлкен мүмкіндік береді, — дейді Нұргүл Бертілеуова.

Колледждерді жабдықтауға арналған құрылғылардың тізімі жергілікті атқарушы органдар мен колледждердің ұсыныстарына, жұмыс берушілердің талаптары мен WorldSkills стандарттарына сәйкес жасалыпты.

Бүгінгі күні жоба аясында өңірде сұранысқа ие  24 мамандық (техникалық мамандықтар және қызмет көрсету саласы) бойынша жабдықтар сатып алынып жатыр.

Қазір оқу орындарында жабдықтарды орнату мақсатындағы жұмыстар жүргізілуде. Хромтау тау-кен, Ақтөбе жоғары политехникалық, құрылыс және бизнес  колледждерінде  жоспарланған жұмыстардың басым бөлігі аяқталған.

Түлектері алыс-жақын шетелдерде еңбек ететін оқу орны

Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технология колледжі — республикамыздың техникалық және кәсіптік білім беру саласында лайықты орны бар бәсекеге қабілетті оқу орындарының бірі. Бұған айқын дәлел — «Жас маман» жобасы  бойынша көптеген көрсеткіштер бойынша сарапқа түскен колледждердің арасынан іріктеліп, жеңіске жетуі, — дейді аталған колледж директоры Жеңіскүл Мұхамбетпайызова.

87 жылдық тарихы бар оқу орнында осы уақытқа дейін 40 000-ға жуық маман даярланған. Мұнда еліміздегі ірі компаниялармен жасалған келіссөздер негізінде өндіріске қажет мамандар даярлануда. Қазір колледж түлектері Қазақстанның теміржол көлігі және өнеркәсіп кәсіпорындарында, сондай-ақ жақын және алыс шетелдерде еңбек етіп жатыр.

«Жас маман» жобасы колледждің оқу-өндірістік базасын жаңартып қана қоймай, құзыреттілік орталығын құруға да мүмкіндік бермек.  Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технология колледжі жобаға 4 мамандық 4 біліктілік бойынша қатысыпты.

Жаңа жабдықпен жұмыс істеу мүмкіндігі мен дағдысы бар жоғары білікті жұмысшы кадрларды даярлау үшін автоматиканы, пневмоавтоматиканы, робототехниканы, байланыстың жаңа құрылғыларын практикалық зерделеу жөніндегі зертханалар құру қажет болатын. Осы тұрғыда биыл колледж 100 сұранысқа ие мамандықтың арасынан 4 мамандық бойынша сұраныс білдірді. Нәтижесінде, мехатроника, робототехника, логистикалық контроллерлерді бағдарламалау, электротехника бойынша заман талабына сай оқу кабинеті, жаңа үлгідегі моноблоктар, мобильді ультрақысқа фокустық проекторлар, вагон шаруашылығы мамандығы бойынша 12 орындық интерактивті сынып, байланыс жүйесінің жаңа үлгідегі құрылғылары, қозғалтқыштың макеттік көрінісі, электрленген жаңа үлгідегі стендтер, тәжірибе жұмыстарына арналған станоктармен жабдықталады. Сондай-ақ теміржолдағы ақауларды анықтайтын құрылғылар, теміржолдағы автоматтандырылған жұмыс түрінің жаңа құрылғысын алып жатырмыз. Бұл құрылғылар көрнекілік үшін емес, оқушыларымызға сапалы білім беру үшін алынуда. Сол себепті заман талабына сай, өндірісте қолданылып жүрген бұл құрал-жабдықтармен жұмыс жасай алуы үшін алдымен біз колледж оқытушыларының біліктілігін жетілдірдік.

Оқу орнында  «Жас маман» жобасын іске асыру жаңаша оқытудың  жеке моделін қалыптастырып, өнеркәсіпте сұранысқа ие халықаралық деңгейдегі білікті мамандарды даярлауға жол ашты, — дейді колледж директоры.

Сапалы маман даярлау — басты міндет

Жоба аясында Ақтөбе автожол колледжінің  автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, баспа өндірісі, тоңазытқыш-компрессорлық машиналар және қондырғылар мамандықтары бойынша материалдық-техникалық базасы жаңартылуда.

Бұл мақсатта аталған оқу орнына республикалық бюджеттен 312 миллион 860 мың теңге қарастырылған.

Қазір «Жас маман» жо­басының жоспарына сәйкес колледжіміздің  автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану мамандығы бойынша оқу кабинеттері заман талабына, халықаралық стандарттарға сай құрал-жабдықтармен қамтылды. Ал қалған мамандықтар бойынша құрал-жабдықтар алынып жатыр, — дейді колледж директоры Жанар Әлішева.

Оның айтуынша, жобаны жүзеге асыру барысында кәсіпорындармен өзара тиімді ынтымақтастық орнатылады.

Осы жоба аясында басқа колледждерге оқу (тренинг) орталығы ретінде қызмет көрсету жоспарланып отыр.

Осылайша колледждің одан әрі дамуына қосымша бюджеттен тыс кірісті қамтамасыз етеміз. Сондай-ақ құзыреттілік орталықтарының базасында жастарды инновациялық және стартап-жобаларға тарту үшін бизнес-инкубаторлар, технопарктердің жұмысы ұйымдастырылады. Онда тартымды жобаларды қаржыландыру үшін бизнес орта шоғырландырылатын болады, — дейді Жанар Қуандыққызы.

Ақтөбе автожол колледжі оқытушылары «Production KZ» оқу орталығында біліктіліктерін жетілдіріп, халықаралық стандарттарға сай бағдарламалар бойынша жұмыс істеуде.

«Жас маман» жобасы аясында материалдық базасын жаңарту мүмкіндігіне ие болған 180 колледждің бірі — Ақтөбе құрылыс және бизнес колледжі.

Колледжде 6 мамандық бойынша (тас қалаушы, сылақшы, құрылыс монтаждаушы,  дәнекерлеуші мен газбен кесуші, кең бейінді құрылыс шебері, құрылыс сырлаушы) қажетті құрал-жабдықтар алынған.

P.S.

Жоба аясындағы жұмыстар, яғни 180 колледждің материалдық базасын жаңарту 2 жылға жоспарланып отыр. Биыл  80 колледж жаңартылады, келесі жылы қалған 100 колледждің материалдық базасын нығайту жоспарланған. ҚР Үкіметінің қаулысымен «Жас маман» жобасының операторы болып  Кәсіпқор «Холдинг»  КЕАҚ белгіленді. 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.