Рухани жаңғыру

«Рухани жаңғыру»: жүзеге асырылған жобалар

Мәдениет саласын дамыту мәселелері бойынша Nur Otan партиясы жанынан құрылған «MIRAS» қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Онда жүзеге асырылып жатқан жобалар талқыланып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Алға, Мәртөк аудандарында атқарылған жұмыстар баяндалды.

Жиында партияның Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бағжан Тілегенов пандемия кезінде осал топтарға көмек көрсеткен аймақтық кеңес мүшелеріне алғысын жеткізіп, олардың праймериз кезінде де белсенділік танытқанын жеткізді.

Бұдан кейін отырыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша аудандарда атқарылған жұмыстар талқыланды.

— «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кітап шығардық. Кеңес мүшелері де бұл іске белсене қатысты. Соның ішінде күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жайлау Асылханов Байғанин ауданының Доңызтау өңіріндегі күйшілердің күйлерін жинады. Ноталарын түсіріп, өмірбаяндарын жасап шығарды. Одан бөлек, бағдарламаның аудандарда қалай жүзеге асырылып жатқанын назарға алып жатырмыз. Бүгін бұл бағытта Алға мен Мәртөк аудандары баяндама жасайтын болса, алдағы уақытта барлық аудандардың есебі тыңдалады. Бұл бір жағынан жауапкершілікті көтеру болса, екінші жағынан, тәжірибе алмасу, — дейді «Miras» қоғамдық кеңесінің төрағасы Еркін Құрманбеков.

Отырыста Алға және Мәртөк ауданы әкімдерінің орынбасарлары есеп берді.

Атап айтсақ, биыл Алға ауданы бойынша «Туған жерге тағзым» акциясы аясында 22 жоба 172,8 млн теңгеге жоспарланған. Қазіргі таңда 12 жоба орындалып, қалған жобалар қараша, желтоқсан айларында игеріледі деп күтілуде.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласының «Рухани қазына» бағдарламасы аясында Алға ауданында мәдениет саласы бойынша 200-ге жуық шара өткізілген. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында түлектер өздері оқыған білім ордаларына 1 893 000 теңге көлемінде демеушілік көрсеткен. Қазіргі таңда ауданда «Әкелер мектебі» және «Аналар мектебі» қалыптастырылып, мектептер жанынан орталықтар ашылуда.

Мәртөк ауданында «Туған жерге тағзым» акциясы аясында биыл 167,8 млн теңгеге 76 жоба жоспарланған. Бұған дейін оның 57-сі жүзеге асырылған. Іс-шараларға аянбай атсалысып жүрген  жерлес меценаттардың, мектеп түлектерінің демеушілігімен әлеуметтік нысандардың материалдық-техникалық базалары нығайтылған. Аудан бойынша «Туған жерге тағзым» акциясы 5 бағыт бойынша жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ Мәртөк ауданының 85 жылдық мерейтойына орай аудан энциклопедиясы жасақталуда. Аталмыш еңбекке аудан тарихымен бірге, ел ішінде есімі кеңінен танылған азаматтар туралы ақпараттар жинақталатын болады.

Биыл жыл басынан бері ауданда мәдени-рухани 31 іс-шара ұйымдастырылған.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Back to top button