Экономика

Ұсақ екі малдың орнына ірі бір бас болса қандай жақсы

Ауыл адамдары осылай армандайды. Ал мамандар не дейді?

Ауылдың адамдары айтып жатады, бүйтіп мал ұстағаны құрысын, жемшөпті жегенде комбайнша жапырады, бірақ алатын сүтіміз бен етіміз мардымсыз деп. Шығынды ақтамайды, балалардың аузы ақтан кеуіп қалмауы үшін амалсыз ұстаймыз деп. Ал басшылар малды ірілендіру керек, өнімсіз екі сиыр ұстағанша, өнімді көп беретін бір сиыр ұстаған жөн дейді.

Сайып келгенде, мұның бәрі малдың тұқымына, оның асылдандырылуына байланысты. Бұл жұмыспен айналысатын Ауыл шаруашылығы министрлігінің мемлекеттік инспекция комитеті бар. Ал облыстарда осы комитетке қарайтын облыстық аумақтық инспекция жұмыс істейді. Облыстық аумақтық инспекцияның асыл тұқымды мал шаруашылығы жөніндегі инспекторы Байұзақ Махмұтты әңгімеге тарттық.

— Көпшілік бізде малды асылдандырумен айналысатын инспекцияның бар екенін біле бермейтін секілді. Малды асылдандыру жөнінде қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар?

— Әңгімені мынадан бастайық. 1990-жылдары мал шаруашылығында берекет кетті. Бұрынғы ауыл шаруашылығы құрылымдары жеке меншіктің қолына берілді. Ал мұндай байлыққа ие болған кейбір шаруашылық иелері малдың асыл тұқымды екеніне қарамастан, шығынға ұшыратты, қажетті тауарларға алмастырып жіберді. Енді біреулері экономикалық қиындықтар кезінде абдырап қалды, қалай да жұмыс жүргізу керек деп бартерге, яғни айырбастарға барды. Асыл тұқымды мал қалмауға айналды.

Содан 1999 жылы облыстарда аумақтық басқармалар құрылып, кейін аумақтық инспекцияға айналды. Министрліктің бізге берген тапсырмасы бойынша, бұрынғы шаруашылықтардың ізімен жүріп отырып, солардың қалған-құтқан малдарын сақтап қалуға күш салдық. Мемлекеттік талаптарға сәйкестігі тексеріліп, нормаларға сәйкес асыл тұқымды мал шаруашылықтарын аштық.

Жеке шаруашылықтарға барып өзімізді инспектор ретінде таныстырып, асыл тұқымды малды түбегейлі жоғалтып жібермей, қалғанын сақтауларын талап еттік.

— Жеке қожалық иелерімен жұмыс істеу қиын болған шығар, себебі олар жеке ғой?..

— 1998 жылы «Қазақстан Республикасының асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы Заңы» шыққан болатын. Біз осы заң аясында жұмыс істедік. Кейін 2006 жылы Үкімет қаулысы шығып, біздің міндетімізді бөліп, инспекцияға бақылау, қадағалау, тексеру жұмыстарын қалдырды. Қалған қызметті жергілікті атқару органдарына, яғни облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларына берді. Инспекцияның бүгінгі қызметі — бақылау, қадағалау, тексерумен қатар, асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын шаруашылықтарды аттестациядан өткізіп, мәртебе беру. Ал бұрын асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан шаруашылық мал санын, өнім өндіру көлемін төмендетіп, талаптарға сай жұмыс істемесе, мәртебесінен айырамыз. Мәселен, Қарғалы ауданындағы «Табиғат+» ЖШС мал санын талапқа сай келтіре алмағаны үшін, Ақтөбе қаласына қарасты «Пригородное» ЖШС малын басқа тауарлы шаруашылыққа сатып жібергені үшін асыл тұқымды мал шаруашылығы деген мәртебеден айрылды.

— Облыста асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын қанша шаруашылық, жалпы асыл тұқымды қанша мал бар?

— Қазіргі кезде 4 зауыт, 23 шаруашылық бар және 2 дестрюбитерлік орталық жұмыс істейді. Дестрюбитерлік орталықтардың міндеті — асыл тұқымды малдың, бізде негізінен бұқаның ұрығын сатып алып, сұйық азотта сақтау. Сосын ол ұрықты аудандардағы, ауылдық округтердегі сиырды қолдан ұрықтандыру тіректеріне таратып береді.

4 зауыттың бірі — Алға ауданындағы «Тоқмансай» ЖШС асыл тұқымды цигай қойының қазақы түрін өсіреді. Мұғалжар тұқымымен айналысатын «Құмжарған» ЖШС жылқы зауыты бар. «Көктас» ЖШС да мұғалжар тұқымды жылқы өсіреді. Жылқының жабы тұқымын өсіретін тағы бір зауыт — Шалқар ауданындағы «Әділхамит» шаруа қожалығы.

Қалғандары негізінен сүтті, етті бағыттағы ірі қара шаруашылықтары. Ойыл, Ырғыз аудандарында қазақы қой тұқымын өсіретін шаруашылықтар бар. Сонымен қатар, Шалқар, Байғанин аудандарында 2 түйе шаруашылығы бар. Қазіргі кезде облыс бойынша барлығы сүтті бағыттағы 1720 бас, етті бағыттағы 1955 бас ірі қара, 4896 жылқы, 304 түйе өсірілуде. Бұл, әрине, Ақтөбе сияқты үлкен облыс үшін аздық етеді.

— Асыл тұқымды малдың санын көбейтуге болмай ма? Нендей кедергілер бар?

— Алдымен айтарым, асыл тұқымды мал шаруашылығын мемлекеттік қолдау үшін 083 бағдарламамен қаржы бөлінеді. Ал 088 бағдарлама бойынша ауыл шаруашылығы малдарының өніміне, өнім өндіргеніне төленеді. Сондай-ақ жергілікті бюджеттен бөлінетін басқа да қаржылар бар. Жылма-жыл қаржылай қолдаулар аз да болса өсіп тұр. Бірақ оның әзірге қайтарымы аз. Себебі сол аздаған қаржының өзі мақсатты жеріне жұмсалмайды. Жеке шаруашылықтар өз беттерінше білгендерін істеуде. Оны мемлекет тарапынан бақылау, қадағалау төмен. Ал инспекция оны тікелей барып қадағалай алмайды.

Асыл тұқымды мал шаруашылықтарының дұрыс жұмыс жасай алмауының тағы бір үлкен себебі бар. Шаруашылықтарда өзінің мал мамандары, зоотехник-селекционер, мал дәрігері, малдың есебін жүргізетін есепшісі болуы тиіс. Сиырды қолдан ұрықтандыратын ұрықтандырушы-техник, ірілендірілген сүт шаруашылықтары лаборатория, лаборант ұстаулары керек. Ал іс жүзінде шаруашылықтар бірнеше жұмысты бір маманға жүктеп қояды. Ол маман бәріне үлгере алмайды. Егер тәжірибесі жоқ болса, жұмысты келістіре алмайды. Осының бәрі жұмыстың жүруіне кері әсер етеді. Шаруашылықтардың жоспары болуы керек, онда мамандар көрсетілуі тиіс.

— Мүмкін мамандар жетіспейтін болар?

— Дұрыс айтасыз, мамандар жетіспейді. Маманы барлар бар, бірақ көпшілігінде осындай жағдай. Үкімет оған былай істе деп айта алмайды. Маман қайда? Бұрын кеңес үкіметі кезінде маман көп болды. Қазір сиреп қалды. Жеке шаруашылықтың қожалары маманның маңызын, керек екенін түсінбеді. Олар шаруашылықты мемлекеттік саясатпен емес, өздерінің қалтасымен өлшеді. Мамандарды керек етпеді. Міне, осындай жағдайлардан кейін мал мамандарының қадірі кетіп, керексіз болып қалды. Малдың тұқымын асылдандыру, өнімін арттыру — мамандар мен ғалымдардың жұмысы. Егер ғалымдардың берген нұсқаулары мен кеңестері өз деңгейінде жүргізілсе, іс алға басады.

— Асыл тұқымды малды жеке адам сатып ала алады ма?

— Әрине, сатып алуына болады. Шаруашылықтарға малын базардың бағасымен сатуға рұқсат берілді. Сондықтан асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтан адамдар мал сатып ала алады. Ал ол адамдарға малының асыл тұқымды екендігі туралы куәлік беріледі. Куәлігі болғаннан кейін үкіметтің талабы бойынша ол мал екі-үш жылға дейін аман сақталуы керек. Егер оны сойып тастап, мақсатсыз пайдаланған жағдайда бұрын мемлекеттен бөлінген субсидия қайтарылуы тиіс. Енді биылғы жылдан бастап асыл тұқымды шаруашылыққа сатылатын малы үшін субсидия беру тоқтатылды. Субсидия сатып алушыға төленетін болды. Ал бұл жердегі біздің міндетіміз — олардың қойған бағасында емес, сатылған мал асыл тұқымды ма, әлде басқа мал ма, соны бақылау. Құжаттарын тексереміз. Малды әрі қарай өсіруін бақылап, қадағалаймыз.

— Мал тұқымын асылдандыру жөнінде атқарылып жатқан нақты қандай жұмыстарды атап өтер едіңіз?

— Асыл тұқымды мал өсіру осы уақытқа дейін әртүрлі жағдайда болғандықтан, бір ортақ жүйеге бағындырылмай, бүгінгі күнге дейін кенжелеп келді. Ауыл шаруашылығы министрлігі ғалымдарды, облыстардан мамандарды шақырып, республикада ірі көлемді селекцияны ұйымдастыру, ортақ жүйеге келтіру мәселесін көтерді. Себебі бұған дейін әрбір шаруашылық өз деңгейінде жұмыс жасады, бірақ олар дамыта алмады. Оны уақыт көрсетті. Ендігі жерде осы шаруашылықтардың бәрін біріктіру үшін электрондық жүйе ұсынылды. Енді барлық асыл тұқымды мал шаруашылықтарының мәліметі осы жүйеге салынады. Аудан, облыс, республика мамандары барлық мәліметті экраннан көріп отырады. Алдағы уақытта ақшалай мемлекеттік жәрдем осы селекциялық жүйеге қатысқандарға беріледі. Жұмыс биыл басталды. Ғалымдар мен мамандар барлық ғылыми жетістіктер мен мүмкіндіктерді пайдалану жағын қарастырып жатыр. Бұл жүйеге біздің облыстан 32 шаруашылық кірді. Жүйеге қатысушылардың мал саны, өндіретін өнімі, мал азығы, материалдық-техникалық базасы белгілі бір параметрге сәйкес болуы керек. Осы параметрге сәйкестігін тексеруді бізге жүктеді.

Қазір сиырдың бір басына күніне 10 мың теңге, қашарға 5 мың теңге республикалық бюджеттен беріліп отыр. Болашақта тек жоғары класты мал үшін қаржы көлемі ұлғайтылады. Сондықтан малды асылдандыруға ықпалы болады деп ойлаймыз.

— Шалқар, Ырғыз секілді аудандардағы сиырлар өте ұсақ. Оны алмастыруға, асылдандыруға болмай ма?

— Ауылдағы малдың сапасын арттыру үшін дестрюбитерлік орталықтан ұрықтар таратылады. Әрбір аудандағы, ауылдағы сиырлар асыл тұқымды бұқаның ұрығымен қолдан ұрықтандырылуы тиіс. Мұны да бақылау біздің міндетіміз. Айтып отырғанымдай, ірі көлемдегі селекциялық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соған қатысатын шаруашылықтардың малдарын өсіріп, көбейтуге қол жеткізілсе, содан кейін жеке адамдардың малын жақсарту басталады деген жоспар бар. Шынымен де ауылдардағы жеке тұрғындардың ұсақ малын өнімді көп беретін малға алмастыру керек. Ол үшін асыл тұқымды малдың тұқымымен ұрықтандыру керек. Сонда одан өскен төл ірі болып қалыптасады, ата-тегіне тартып туады. Жеген азығы да жұғымды болады. Тұқымы кішкентай малды қанша жерден азықтандырсаң да, сол тұқымнан әрі өспейді.

Малды асылдандырамын деп Голландиядан сиыр әкеле алмаймыз. Өйткені біздің табиғатымыз келмейді. Тіпті мына тұрған Қобда, Мәртөк аудандарынан апарған мал Шалқар мен Ырғыздың жерін жерсінбейді. Малды тек қолдан ұрықтандыру арқылы ғана асылдандыруға болады. Бірақ айта кету керек, тіпті Голландиядан ұрық әкеліп ұрықтандырғанның өзінде де сондай өнімді малды көре алмаймыз. Дегенмен, тұқымына тартып туғандықтан ілгерілеушілік болады. Асыл тұқымды малдан туған төлге табиғат жағдайы да әсер етеді. Сонымен қатар жемшөп, күтім жағынан көп жағдай қажет етіледі.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button