Басты жаңалықтарЭкономика

Оңдасын ОРАЗАЛИН: Ақтөбеде Мемлекет басшысының тапсырмасы нақты орындалып жатыр

Кеше Нұр-Сұлтан қаласында Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ағымдағы жылдың тоғыз айында Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы туралы баспасөз мәслихаты өтті. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Президенттің экономикалық өсімді қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын жақсарту бойынша тапсырмаларының жүзеге асырылып жатқандығы жөнінде баяндады.

Инвестиция көлемі — 410 миллиард теңге

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің айтуынша, өңірде пандемия мен шектеу шараларына  қарамастан, барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің қарқынды өсімі қамтамасыз етілген.

Еліміздегі қалыптасқан жағдайға қарамастан, Ақтөбе облысында барлық әлеуметтік-экономикалық жағдай тұрақты. Есепті мерзім ішінде өндіріс саласында кезіккен қиындықтарға қарамастан 100,1 пайызға өсім бар. Сондай-ақ құрылыс саласын алсақ, оның да нәтижесі көңіл көншітердей. Өсім мөлшері 116,4 пайыздан асады. Тұрғын үй құрылысы бойынша да көрсеткіштеріміз жоғары, өсім — 103,6 пайыз. Ауыл шаруашылығы да жақсы көрсеткішке ие. Өсім — 104,1 пайыз. Инвестиция бойынша 108,8 пайызға өсім байқалады. Әрине, пандемияның салдарынан сауда және көлік тасымалы бойынша төмендеушілік болды. Бірақ қазіргі уақытта оң динамика байқалады. Тағы бір айта кететін жайт, бұл салада өңірде инфляция деңгейін белгілі бір мөлшерде құрықтай алдық, — деді Оңдасын Оразалин.

Облыс экономикасына ​ 410 миллиард теңге инвестиция тартылды, оның 19,5 пайызы — шетелдік инвестиция.

Аймақта жалпы құны 140,2 миллиард теңгеге 1200 жұмыс орнын ашатын 26 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Соның ішінде құны 54,5 миллиард теңге болатын 7 жоба пайдалануға беріліп, 330 жұмыс орны құрылды.  Олардың қатарында «ARM wind» серіктестігінің «Бадамша-1» жел электр стансасының,  «Көктас Ақтөбе» акционерлік қоғамының құрылыс материалдары мен силикат кірпіш өндіретін зауытының, сондай-ақ «Alina Holding» серіктестігінің қатты-ұнтақ толтырғыш шығаратын цехының, «Milker» серіктестігінің құрама жем зауытының және басқа да жобалардың құрылысы бар. Аймаққа инвестиция тарту жұмысы келер жылы да жалғасады. Жалпы сомасы 150 миллиард теңгеге 18 жоба жүзеге асырылуы есебінен 2200 жұмыс орны ашылады, — деді Оңдасын Оразалин.

Сондай-ақ ол өз сөзінде Қарғалы ауданында құны 38 млрд теңге болатын жел электр стансасының екінші кезегін, 15 млрд теңгеге құрамында зиянды мұнай қалдықтарын қайта өңдейтін зауыт, жалпы сомасы 3,7 млрд теңге болатын мобильді бұрғылау құрылғыларын шығаратын кәсіпорын, сондай-ақ 2 млрд теңгеге металл қаңқасын шығаратын зауыт салу жобасын жүзеге асыру жоспарланғанын да атап өтті.

Орта және шағын бизнес: 1300 жобаға қолдау көрсетілді

Баспасөз мәслихатында өңір басшысы пандемия кезінде шағын және орта бизнестің зардап шеккенін атап өтті.

Орта және шағын бизнес — індет жайлаған шақта ең көп зардап шеккен сала. Бұл саланы  қолдауға, оны одан әрі дамытуға  ұдайы көңіл бөлінуде. Бүгінгі күнге мемлекеттік қолдауға орта және шағын кәсіпкерлік субъектілерінен  1300 жоба ие болды. Ол өткен жылдың осы уақыт аралығымен салыстырғанда 21 пайызға артық. Соның ішінде «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы  аясында  392 жобаға қолдау көрсетілді. Яғни 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 39  пайызға артық. Мұның бірден-бір басты себебі — қаржылай қолдау көмегі мөлшерінің 2,4  миллиард теңгеден  3,7 миллиард теңгеге дейін көбеюінде, — деді Оңдасын Оразалин.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында өңірде 8,4 миллиард теңгеге 100 жоба, «Еңбек» бағдарламасы аясында тағы 811 жоба мақұлданған. Келер жылы осындай мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау көрсетілген жобалардың жалпы санын 1,5 мыңға дейін арттыру жоспарлануда.

1 миллион шаршы метр тұрғын үй тапсырылады

Өңірде тұрғын үй құрылысы саласының қарқынды дамуы байқалады. Атап айтқанда,  тұрғын үй құрылысы белсенді дамып, «Нұрлы жер» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда 558 мың шаршы метр баспана (3785 пәтер) пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 1 миллион шаршы метр (7200 пәтер) тапсыру жоспарланып отыр. Ал «7-20-25» бағдарламасы бойынша шамамен 1400 өтінім мақұлданды.

Қазір 31,2 мың азамат тұрғын үй алу  кезегінде тұр, оның 16,5 мыңы — халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері, 2,8 мыңы — көпбалалы отбасылар. Ағымдағы жылы 1084 отбасына пәтер беру жоспарлануда, оның ішінде 485 отбасы тұрғын үй алды, 222-сі халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері болса, 236-сы — көпбалалы отбасылар. Бұл мақсатқа 6,5 миллиард теңге қарастырылған. Келер жылы 1,1 миллион шаршы метр тұрғын үйді немесе 7500-дей пәтерді пайдалануға беру жоспарымызда бар, —  деді облыс әкімі.

Сумен жабдықтау 95,8 пайызды, газбен жабдықтау 91,3 пайызды құрайды

Сондай-ақ облыс әкімі баспасөз мәслихатында пандемияға байланысты биыл наурыз айынан мамыр айына дейін Ақтөбе қаласы бойынша коммуналдық қызметтерге шекті тарифтер 20 пайызға, аудандар бойынша 50 пайызға төмендегенін айтты. Сонымен қатар ол электр энергиясын тұрмыстық мақсаттарда пайдаланатын тұрғындардың топтары үшін облыс бойынша электрмен жабдықтауға 10 пайыз шегінде тариф төмендегенін атап өтті.

Облыста халықтың өмір сүру сапасын арттыру бойынша жүйелі шаралар қабылдануда. Елді мекендерді сумен және газбен жабдықтау жөніндегі жобаларды іске асырудың қорытындылары бойынша осы  жылдың соңына дейін халықты орталықтандырылған сумен жабдықтау 95,8 пайызды, газбен жабдықтау 91,3 пайызды құрайды, — деді аймақ басшысы.

Аймақ басшысының айтуынша, келер жылы тағы 12 ауылды сумен жабдықтау жоспарланған. Бұл өз кезегінде 6,3 мың адамды ауызсумен қамтамасыз етпек. Ол  үшін алдын ала 2,4 миллиард теңге қарастырылған. «2023 жылға қарай біз барлық ауылдарды сумен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Бұл, басқалармен қатар, барлық шағын ауылдарда суды тазартудың күрделі модульдерін орнату арқылы мүмкін болады», — деді аймақ басшысы.

«Қазіргі уақытта 3,4 млрд теңгеге 12 газбен жабдықтау жобасы жүзеге асырылуда. Жыл  соңына дейін біз халықтың 91,3 пайызын немесе қосымша 9,3 мың адамды газбен қамтамасыз етеміз. Сонымен бірге біз ауылдық елді мекендерді газбен қамту жұмыстарын жалғастырамыз. Ол үшін 2021 жылы 2,4 миллиард теңгеге 8 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр және облыс халқының 91,8 пайызын немесе қосымша 4,2 мың адамды газбен қамтамасыз етеміз деп ойлаймын», — деді О.Оразалин.

Шаруалар 236,4 миллиард теңгенің өнімін өндірді

Жыл басынан бері ақтөбелік шаруалар 236,4 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы өнімін өндірді. «Ауыл шаруашылығы облыс экономикасын дамытуда маңызды рөл атқарады және өсімнің қосымша резервіне айналуы мүмкін. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша өңір экономикасындағы ауыл шаруашылығының үлесі —   4,3 пайыз. Мемлекет басшысы Жолдауында азық-түлік қауіпсіздігін жергілікті тауар өндірушілер есебінен қамтамасыз етіп, экспорттық әлеуетті арттыру қажеттігін атап өткен болатын. Президенттің тапсырмаларын орындау үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 10 түрі бойынша қосымша резерв құрылды. Бұл мақсатқа облыс әкімдігінің резервінен 300 миллион теңге бөлінді. Облыс азық-түлік тауарларының 32 түрінің 24-ін қамтып отыр.

Халықты ірі сауда желілері арқылы азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету үшін айналым қаражатына 500 миллион теңге бөлінді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында ағымдағы жылы 124 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді», — деді облыс әкімі.

Таяудағы 3 жылда осы салада 192 млрд теңгеге 23 ірі инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Биыл өңірде 5 гектар жылыжай кешенін, 400 ірі қарасы бар сүт-тауарлы ферманы және басқа да жобаларды пайдалануға беру жоспарланып отыр. келер жылы  4 мың  ірі қараға 3 сүт-тауарлы ферма, қуаттылығы жылына 20 мың тонналық құс фабрикасын ашу жоспарда бар.

Облыс әкімінің айтуынша, түрлі субсидия түрлеріне 19,7 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде тұқым шаруашылығын қолдауға, гербицидтер мен тыңайтқыштарды арзандатуға 1,3 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Нәтижесінде орташа түсімділік 35,3 пайызға дейін артты. Асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту үшін 10,3 млрд теңге субсидияланғаннан кейін асылтұқымды ірі қара малы  6,5 пайызға, ұсақ мал 1,8 пайызға  өсті.

Аймақта 20 мың жаңа жұмыс орны құрылды

Облыс әкімінің  сөзінше, өңірде тұрғындардың табысы мен тұрмыс сапасын арттырудың барлық тиісті шаралары қабылданып жатыр.

Біздің басты міндетіміз — өңір тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту, оларды жұмыспен және тұрақты еңбекақымен қамтамасыз ету. Төтенше жағдай мен шектеу шараларының енгізілуіне байланысты көптеген кәсіпорын өз қызметін уақытша тоқтатқан болатын. Бұл өз кезегінде азаматтардың табысына әсер етпей қоймады.  520 мың ақтөбелік 20 миллиард теңгеге әлеуметтік төлем алды.  Нәтижесінде, біз жұмыссыздықты 4,9 пайыз деңгейінде ұстай алдық. Биыл 20 мыңдай жаңа жұмыс орны құрылды, оның 11 мыңға жуығы —  тұрақты. Бос жұмыс орындарына 23 мыңнан астам адам орналасты. Келер жылы мемлекеттік бағдарламалар мен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру есебінен  де кемі  21 мың жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Оның 11 мыңы — тұрақты жұмыс орындары, — деп атап өтті Оңдасын Оразалин.

Облыс әкімінің айтуынша, аймақтағы жүзден аса кәсіпорын 46 мыңнан астам жұмысшының айлығын 15 пайызға көтерді. Нәтижесінде, орташа айлық еңбекақы мөлшері 13,4 пайыздан өсіп, 173,4 мың теңгені құрады.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға Ақтөбе облысында 45 миллиард теңге бөлінді. Қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан 303 әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаның 158-і аяқталды. 11,1 жұмыс орны (жылдық жоспардың 97 пайызы)  құрылып, соның ішінде жастардың 42 пайызы, аз қамтылған азаматтардың 5 пайызы, мүмкіндігі шектеулі адамдардың 2 пайызы жұмысқа орналасты. Бағдарламаға қатысушылардың орташа еңбекақысы 87,3 мың теңгені құрайды, тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудағы жергілікті үлес — орташа алғанда 90 пайыз, — деді  аймақ басшысы.

COVID-19 індетімен күресуге 5 миллиард  теңге бөлінді

Облыс әкімі  Оңдасын Оразалин баспасөз мәслихатында коронавирус індетінің таралуына жол бермеу үшін қабылданып жатқан шаралар туралы да баяндады.

Біздің бар күшіміз инфекциямен күресуге және тұрақты эпидемиологиялық жағдайды сақтауға жұмылдырылып отыр. Жалпы, коронавируспен күресуге шамамен 5 миллиард теңге бөлінді, соның ішінде медициналық техника мен жабдықтар алуға 3,4 миллиард теңге, дәрілік заттар, жеке қорғаныс құралдары мен өкпені жасанды желдеткіш аппараттарын сатып алуға 1,3 миллиард теңге қарастырылды. Биыл наурыз айынан бері 3600-ден астам медицина қызметкері 2,9 миллиард теңге көлемінде үстемеақы мен сыйақы алды, — деді өңір басшысы.

Оның айтуынша, қазір аймақта санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты, стационарларда 315 инфекциялық кереует бар, қажет болған жағдайда олардың саны 3603-ке дейін көбейеді. Сондай-ақ ПТР-тестін тапсырмай, шекара асып келгендер үшін 440 кереуетке арналған 3 карантин стационары жұмыс жасайтын болады.

Облыс әкімінің айтуынша, аймақта медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша тиісті шаралар қабылданған. Жалпы, облыс бойынша 12 — заманауи компьютер томографы, 11 — стационарлық рентген аппараты, 353 — өкпені жасанды желдеткіш аппараты, 405 — оттегі концентраторы, 626 — «Бобров» аппараты мен 250 оттегі жастығы орнатылып, 26 бірлік санитарлық көлік (биыл қараша айының аяғына дейін тағы 15 көлік келеді) пен 6 мобильді жылжымалы кешен және «КамАЗ» көлігі жанындағы  2  жылжымалы медициналық кешен сатып алыныпты.

Өңір басшысының қолдауымен жергілікті 5 кәсіпорын 90 мың литр дезинфекциялайтын және антисептик заттарды өндіруді жолға қойған, 70 фирма тәулігіне 100 мыңнан астам медициналық бетперде шығара алады.

610 шақырымдық жол жөнделеді

Баспасөз мәслихатында Оңдасын Оразалин жергілікті жолдардың қанағаттанарлықсыз жағдайы әлі де басты проблемалардың бірі екенін атап өтті. Көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында 40,4 миллиард теңгеге 610 шақырым автокөлік жолы жөнделмек. Бұл қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 56,5 пайыздан 59 пайызға дейін көбейтуге мүмкіндік береді.

Келесі жылға  қойып отырған негізгі  міндетіміз  — экономикалық өсімнің оң қарқынын кемінде 102 пайыз деңгейде қалпына келтіру. Экономиканың тұрақты өсімі мен диверсификациясын қамтамасыз ету үшін 2021 жылы шамамен 150 миллиард теңгеге кемі 18 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.  Сондай-ақ кем дегенде 600 шақырым жол жөнделіп, 12 елді мекенді ауызсумен, 8 елді мекенді газбен қамтамасыз етеміз, — деп, сөзін түйіндеді Оңдасын Оразалин.

P.S. Баспасөз мәслихатында облыс әкімі Оңдасын Оразалин баяндамасынан соң астаналық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сауалдарына жауап берді. Журналистер биыл Ақтөбе қаласында жол құрылысына қатысты қарқынды жұмыстар жүргізілгенін, алайда жол сапасын бақылау бағытында қандай шаралардың жүзеге асырылғанын сұрады. Сол сияқты Ақтөбе-Қандыағаш бағытындағы 90 шақырымдық жолдың жағдайы, Ойыл және Ақтөбе қаласындағы 8 өзеннің қазіргі жайы да мәселе ретінде көтерілді. Сонымен қатар журналистер аймақтың індеттің екінші толқынына дайындығы, көлік инфрақұрылымын дамыту, «Ақтөбе» футбол клубының келешегі жөнінде де сауал жолдады. Көшім, мұғалжар тұқымды  жылқылардың санын көбейту, осы бағытта атқарылып жатқан шаруаларға қатысты сауал да журналистер қызығушылығын туғызды. Облыс әкімі баспасөз мәслихатында қойылған барлық сауалға нақты жауап берді.

Арайлым НҰРБАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button