Жаңалықтар

Штаб мүшелерімен кездесті

«Antikor ortalygy» сервистік орталығында Ақтөбе облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Бауыржан Балғабеков департамент жанындағы ақпараттық-ағартушылық штабтың мүшелерімен кездесті.

Басқосуда ақпараттық-ағартушылық штабтың жетекшісі Жеңісгүл Мұхамбетпайызова департамент басшысына штаб мүшелерін жеке-жеке таныстырып, облыс бойынша сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында жүзеге асырылған жұмыстар туралы айтып берді.

Бұдан кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық-ағартушылық штабтың мүшесі, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин биыл штаб мүшелері мен зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен облыс көлемінде көптеген кездесулер өткізілгенін, оның ішінде Баспасөз үйінде «Пайда ойлама, ар ойла!» атты ашық сұхбат ұйымдастырылғанын, сондай-ақ облыстық басылымдарда «Жемқорлыққа жол жоқ» атты студенттер арасында байқау жарияланғанын жеткізді.

  • Биыл біз штаб мүшелері болып іссапармен облыс орталығынан шалғайда жатқан Ырғыз, Әйтеке би аудандарына бардық. Халықпен жүздесіп, аудандарда түйіні шешілмей жатқан бірқатар мәселелердің оң шешімін табуға ықпал еттік. Алда атқаратын жұмыс көп. Сондықтан алдағы уақытта аудандарға барып, ауыл-аймақтағы жұртшылықпен тілдесуге, пікір алмасуға дайынбыз, — деді ол.

Кездесу барысында Бауыржан Балғабеков орталық жұмысын жүргізуде басшылық пен ақпараттық-ағартушылық штабтың тығыз байланыста жұмыс жасауы өте маңызды екенін айтты. Сондай-ақ ол жоспарға сәйкес осы айдан бастап штаб мүшелерімен аудандарды аралап, мекеме өкілдерімен, тұрғындармен кездесетіндігін жеткізді.

Басқосуда Ақтөбе облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғалымбек Досанов қазіргі таңда штабтың басты бағыты қауіптің алдын алу, халықты сақтандыру, сыбайлас жемқорлыққа қадам басқан адам заңға сәйкес жауапкершілік көтеруі қажет екенін атап өтті.

Жиында штаб мүшелері департамент басшысына облыс тұрғындары арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы түсіндіру шараларын жүргізуде бейнероликтер түсірудің маңызы ерекше екенін жеткізіп, осы мақсатта алдағы уақытта қаржы қарастырылса деген ұсыныстарын білдірді.

Кездесу соңында штаб мүшелері әр айдың соңғы жұмасында отырыс өткізетін болып келісті.

Айта кету керек, қазіргі таңда штаб құрамында 20-дан астам адам бар. Олардың қатарында депутаттар, әлеуметтік сала өкілдері, кәсіпкерлер бар.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button