Жастар

Үздіктер Елордаға жолдама алды

«Жасыл ел»

Бейсенбі күні Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Мәңгілік ел» конференц-залында студенттік құрылыс отрядтары және «Жасыл ел» еңбек жасақтарының XVI жұмыс маусымының жабылу рәсімі өтті.  

Үздік деп танылған 32 жасқа Нұр-Сұлтан қаласына 3 күндік саяхатқа тегін жолдама берілді.

Биылғы еңбек маусымында 3 мыңға жуық жоғары және арнаулы орта білім беру мекемелерінің тәрбиеленушілері, жоғары сынып оқушылары мен жұмыссыз жастар қызмет еткен.

Шарада облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағамбет жылы лебізін білдіріп, белсенді жастарға облыс әкімінің атынан Алғыс хаттар мен жолдамалар табыс етті.
— Бүгінгі қоғамның негізгі қозғаушы күші — жастар. Қазір мемлекет тарапынан жастарға үлкен қолдау көрсетілуде. Солардың бірі — «Жасыл ел» бағдарламасы. Жастар жаз бойы абаттандыру жұмыстарына қатысып, шаһарды көркейтуге өзіндік үлестерін қосты. 

Бағдарлама бастау алған 16 жыл ішінде 54 мыңға жуық жас қатысқан. Сондай-ақ облыс бойынша 3 миллионға жуық ағаш егілген. Бұл бір жағынан, жастарды еңбекке баулу, екінші жағынан, оларға  әлеуметтік көмек беру мақсатында құрылған бастама, — деді ол.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Сәбит Мұқановтың айтуынша, жастар биылғы маусымда көгалдандыру, абаттандыру және құрылыс жасақтары бойынша үш бағытта жұмыс атқарды. Сондай-ақ жұмыспен қамту орталығы арқылы қоғамдық жұмыстарға тартылғандар да бар.

— 2005 жылы Елбасымыздың бастамысымен республика бойынша алғаш рет «Жасыл ел» жобасы біздің өңірде қолға алынды. Аталған жоба бүгінде сәтті жүзеге асырылып келе жатыр. Еңбек маусымына облыстан 3 мыңға жуық жас тартылды. Әрине, биыл пандемияға байланысты адам саны азайды. Тұрғылықты жеріне, жұмыстарына байланысты 56 мыңнан жоғары жалақы төленді, — дейді С.Мұқанов.

Хромтау ауданының Тасөткел ауылынан келген Нұрдәулет Сембай биыл «Жасыл ел» еңбек жасағына алғаш рет қатысып отырғанын айтады.

— Жазғы демалыста уақытымды тиімді өткізіп, ата-анама қолғабыс еттім. Еңбек маусымында тал егіп, абаттандыру жұмыстарына атсалыстық. Жалғызбасты қарттардың үйіне барып, көмектестік. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласына саяхатқа жолдама алып отырмын. Өте қуаныштымын. Бұл жастардың адал еңбек етуі арқылы табыс тауып, бойларындағы жақсы қасиеттерін, дағдыларын көрсететін мүмкіндігі деп ойлаймын, — дейді ол.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button