Білім

Диссертациялық кеңес ашылды

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде филология мамандығы бойынша PhD (философия докторы) дәрежесін алу үшін диссертациялық кеңес ашылды. 

Бұл — еліміздің батыс аймағындағы ғылыми кадр даярлайтын үлкен орталыққа айналуға зор мүмкіндік. Қазір біздің университеттегі филология білім бағдарламасының үш деңгейі де (бакалавриат, магистратура, докторантура) толық жұмыс істейді. Докторлық диссертациялық кеңесте тек Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде оқыған докторанттардың диссертациялары ғана емес, сондай-ақ республикамыздағы өзге жоғары оқу орындарында даярланған докторлық диссертациялар да қорғауға қабылданады, — дейді филология факультетінің деканы Күлзат Садирова.

Диссертациялық кеңестің құрамына аталған оқу орнының ғалымдарымен бірге еліміздегі жоғары оқу орындары және шетелдік ғалымдар да мүше болмақ.

Ақтөбеде қазақ филологиясының ашылуына сүбелі үлес қосқан, осы игі істің басы-қасында жүрген азамат, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті «Абайтану және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Абат Пангереев:

Бұл — үлкен жаңалық. Әңгіменің әлқиссасы 1989 жылдан басталады. Сол жылы қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы ашылған болатын. Егемендікке әлі қол жете қоймаған кез-тін. Ол кезде ұлттық рухтың көрінісі саналатын мұндай мамандықтың ашылуы оңай емес еді. Сол кездегі пединститут ректоры, ұлтжанды азамат Мұхтар Арынов алаш аманатын арқалап, осындай батыл қадамға барды. Әрі сатылық филологиялық ғылыми мектеп қалыптастыруды арман етті. Осы ұлттық рухты дамытушы, жас ұрпақтың бойына дарытушы, халыққа насихаттаушылардың алдыңғы сапында тағы да филологтар тұр. Себебі ұлттық рух көрініс табатын халық әдебиетінің түрлерін, батырлық жырларды, шешендік сөздерді, елдіктің, ерліктің шежірелерін оқытып, үйрету осы мамандықтың еншісінде.

2003 жылы оқу орнында филология мамандығы бойынша магистратура ашылған болатын. Осылайша заман ағымына сай дамудың даңғыл жолына түскен мамандық үлкен ғылымға бет түзеді. Енді алда өз ғылыми кадрларымызды өзіміз даярлау үшін доктарантура ашу міндеті тұрды. Алайда қояр шарттары жақын арада орындалуы қиын докторантураны ашу арман болып келді. Дегенмен заман талаптарына сай, республикалық жоғары оқу орындары арасында рейтингісі жоғары университетіміз алға қойған осы мақсатты істі орындап шықты. Көпдеңгейлі білім берудің шыңына шықты.

Айтуға оңай болуы мүмкін, бірақ астарында қиындығы мен қызық сәттері аралас 30 жылдық өмірдің шежіресі жатыр. Ойлы адам үшін бұл үлкен жетістік, бұл ұлттық руханияттың іргесінің беріктігінің көрінісі. Осы келелі іске ұйытқы болған университет ректоры, абайтанушы Бауыржан Ердембековке ризашылығымызды білдіреміз, — дейді.

Айта кету керек, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде бұл бағдарлама бойынша докторантура (PhD) 2018 жылы ашылған болатын. Бүгінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің докторантурасында 20 докторант білім алып жатыр. Оның 1-еуі мақсатты грант негізінде Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің сұранысымен, 7-еуі мемлекеттік білім грантымен оқиды. 11 докторант ақылы негізде білім алуда, оларға университет 50 пайыз жеңілдік жасап отыр.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button