Жаңалықтар

Мемлекеттік қызметке келгіңіз келсе… 

Бүгінгі күні мемлекеттік қызметке кіру үдерісі конкурс арқылы жүргізіледі. Осы орайда бос жұмыс орындары туралы ақпарат Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің (www.gov.kz) және конкурс жариялаған мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарында жарияланады.

Атап айтсақ, мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданатын азаматтар іріктеудің келесі кезеңдерінен өтеді:

— мемлекеттік тілді білу және Қазақстан Республикасының Заңнамасы бойынша тестілеу;

— жеке қасиеттерін бағалауға тестілеу;

— әкімшілік мемлекеттік лауазымға орналасуға конкурс.

Енді осы кезеңдерге толығырақ тоқталып өтсек, алдымен мемлекеттік тілді және Қазақстан Республикасының Заңнамаларын білуге арналған тестілеуден өту үшін тіркелу egov.kz электрондық үкімет порталында электрондық цифрлық қолтаңба арқылы немесе бір реттік хабарлама-құпия сөзі арқылы жүзеге асырылады.

Мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасуға арналған тестілеу үш бағдарламадан тұратынын ескерсек, сізге таңдаған лауазым санатына сәйкес бағдарламаны және тестілеу өтетін күнді таңдау қажет. Сіз белгіленген уақытта Ақтөбе қаласындағы Тургенев көшесі, 86 мекенжайында орналасқан тестілеу залына жеке тұлғаны растайтын құжат және  қолхатпен барып тестілеуден өтесіз. Егер белгілі бір себептерге байланысты қолхатта көрсетілген уақытта тестілеуге келе алмайтын болсаңыз, egov.kz электрондық үкімет порталындағы жеке кабинет арқылы алдын ала берілген өтінімді жою қажет.

Қазақстан Республикасының Заңнамаларын білуге арналған тестілеуден шектік мәндерден төмен емес нәтиже алған болсаңыз, сізге тестілеуден өткендігіңіз туралы сертификат беріледі. Тестілеу нәтижелері бойынша берілген сертификаттар тестілеу өткізілген күннен бастап бір жылдың ішінде жарамды. Ал егер сіз белгіленген шектік мәндерден төмен нәтижелер көрсеткен болсаңыз, тестілеуден өтпегендігіңіз туралы анықтама беріледі. Бұл жағдайда қайта тестілеуге алдыңғы тестілеу өткізілген күннен бастап күнтізбелік он бес күннен кем емес мерзімнен кейін жол беріледі.

«Б» корпусының лауазымына үміткерлердің жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестілеу  бастамашылдық, жауапкершілік, адалдық, өзін-өзі дамыту, ыждаһаттылық, ынтымақтастық және қызметті басқару, шешім қабылдау, көшбасшылық, стратегиялық ойлану, өзгерістерді басқару деңгейін анықтауға арналған тапсырмалардан тұрады.

Тестілеу сондай-ақ растық деңгейін анықтауға арналған сұрақтарды қамтиды. Жеке қасиеттерді бағалауға арналған тестілеуден өту мәні растық деңгейі бойынша кем дегенде 50%-ды құрайды.

Осылайша сіз тесттен сәтті өткеннен кейін мемлекеттік орган жариялаған бос орындарға біліктілік талаптарыңыз келген жағдайда конкурсқа қатыса аласыз.

Мемлекеттік қызмет — бұл жауапкершілік пен біліктілікті талап ететін қызмет, сондықтан конкурсқа қатысқан әр азамат өзіне сенімді болуы керек.

Мадина Сабирова,

 ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button