Жаңалықтар

«Досжан Хазірет» деректі фильмі түсірілді

ХІХ ғасырда қазақ арасына ілім-білім тарату, имандылыққа үндеу ісіне зор үлес қосқан қоғам қайраткері Досжан ишан Қашақұлы туралы деректі фильм түсіріліп, көпшілікке ұсынылды.

Хазіреті Досжан ишан өзінің75 жылдық ғұмырының қырық жылын ұстаздыққа арнаған. Ол алдымен Доңызтау өңіріндегі Қайнар деген жерде, кейіннен қазіргі Шұбарқұдыққа жақын Шилі өзені бойында діни-тұрғын кешен салдырған, мешіт, медресе ашып, шәкірт тәрбиелеген.

ХІХ ғасырдағы қазақтың ишан-ахундары исламға тек Жаратушыға құлшылық ету жолы мен имандылық жолы ретінде қарамаған, сонымен бірге оны ілім-білімді дамытудың, өркениеттің, жақсы тұрмыстың бастауы ретінде дәріптеген. Халықты пайдалы кәсіп, адал сауда жасауға шақырған.

Досжан ишан туралы деректі фильмдітүсірушілер осы бағытта ой қозғауды мақсат етіпті. Фильмде ХІХ ғасырдағы қазақтың жағдайы, туған халқын «өнер-білім бар жұрттардың» қатарына қосу мақсатын көксеген қайраткердің ғұмыр жолы туралы сөз қозғалады. Осы орайда белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталының, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай Тағанұлының, тарихшы Айшуақ Дәрменұлының, Досжан ишан ұрпақтарының пікірлері берілген. Сондай-ақ, Қайнардағы және Шұбарқұдық маңындағы кешендердің, Доңызтаудағы Жұмағали ишанның мешіт-медресесінің көріністері ұсынылады.

Көрермендер деректі фильмді izbasar.kz сайтынан және youtube арқылы көре алады.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button