Жаңалықтар

Нариман Президентке алғыс білдірді

Қобдалық учаскелік полиция инспекторы Нариман Ульянов Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа мыңдаған учаскелік полиция қызметкері атынан алғыс айтты.

Сондай-ақ ол қауіпсіз қоғам құру жолында мемлекет алға қойып отырған міндеттерді орындау үшін барлық күш-жігерін жұмсайтындығына сендірді.

Қазан айының соңында Нұр-Сұлтан қаласында Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында баяндама жасаған полиция капитаны Нариман Ульянов Қобда ауданына қарасты Талдысай, Бұлақ ауылдық округтерінде қызмет етеді. Мемлекеттің тұрақтылығы мен қоғамның береке-бірлігін сақтауды басты міндеті санайтынполицейдің учаскесінде екі мыңнан астам тұрғын бар. Айтуынша, биыл оның учаскесіндегі қылмыс саны да азайған. Бірде-бір адам өлтіру немесе бұзақылық, мал ұрлығына жол берілмепті. Ауыл халқының бәрі де оны таниды, шаруалары болса, бірден хабарласады.

Өз баяндамасында Нариман Ульянов төтенше жағдай режимі кезінде атқарылған жұмыстарға тоқталып, профилактикалық іс-шараларға белсенді түрде атсалысқан ерікті жастардың еңбегіне ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ ол полиция инспекторларына жақсы жағдай жасалып жатқандығын, бүгінгі таңда полиция пункттері жабдықталып, қызметтік автокөлік, бейне жетондар мен электрондық планшеттер берілген айтты.

— Тұрғынүй мәселелері де кезең-кезеңімен өз шешімін табуда. Былтырдан бастап тұрғын үй төлемдерін аламыз. Бұл тұрғын үй мәселелерін шешуге көмектеседі. Отбасыммен бірге қазір әкімшілік учаскеде тұрып жатырмыз. Қызмет үшін бұл өте ыңғайлы, — деді полиция капитаны.

Учаскелік инспекторлардың ауыл халқының алдында ашық, қолжетімді болуы —Мемлекет басшысы қойып отырған басты міндеттердің бірі. Ал олардың мәртебесін көтеру, оны заңмен бекіту — тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы жұмыстардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретіндігі сөзсіз.

Ақерке САТЫБАЛДЫ,

Қобда ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button