Жаңалықтар

Қоймаларға 3600 тонна өнім жеткізілді

Өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру жөніндегі комиссия мүшелері Пригородный көкөніс сақтау қоймасында болып, өнімнің сапасын тексерді.

Мамандардың айтуынша, ақтөбелік шаруалар көкөніс сақтау қоймаларына 3600 тоннадан астам  өнім жеткізген. Бүгінде тұрақтандыру қорында 2339 тонна картоп, 535 тонна пияз, 419 тонна сәбіз және 319 тонна қырыққабат бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көп.
Комиссия мүшелері  қоймаға жеткізілген қысқы азықтың сапасын тексерді. Картоп, пияз, сәбіз бен қырыққабаттың сапасы тексерушілердің көңілінен шықты.
«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы агроөнеркәсіп кешені және азық-түлік қауіпсіздігі департаментінің бас менеджері Мейрамбек Анаров:

— Биыл тұрақтандыру қорын көкөніске толтыру үшін 240 миллион теңге бөлінді. Қорға өнімді үш шаруашылық —  «СХФ Пригородный», «Болат ЛТД» және «Еламан-2014» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жеткізді. Соңғы екеуі 200 тоннадан картоп тапсырды. Қордағы өнім жазғы маусымға дейін жетуі керек. Өнім шаруашылық қоймаларында сақталады. Қазан айының ортасынан бері көкөністерді «Табыс» коммуналдық және шағын базарларда, «HALYQ SAUDA» шағын көтерме сауда дүкендері мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелеріне шығарып жатырмыз, — деді ол.

Корпорация өкілдерінің айтуынша, қазір тұрақтандыру қорынан картоп, сәбіз, қырыққабаттың келісі  67 теңгеден, ал пияз  62 теңгеден жіберіледі. Дегенмен сатушылар бұл өнімге үстемеақыны 15 пайыздан асырмауы тиіс.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button