Жаңалықтар

Облыс басшысы «Ақтөбе» футбол командасымен кездесті

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Орталық стадионда болып, «Ақтөбе» футбол командасының ойыншыларымен кездесті. 2020 жылы өткен футболдан ҚР Бірінші лигасында чемпион атанған команда ойыншыларын жеңістерімен құттықтады.

«Өздеріңізге белгілі, өткен жыл команда үшін ауыр болды. Дегенмен футбол сүйер қауымның ыстық ықыласы мен жанкүйерлердің қолдауының ерекше екенін ескере отырып, атқарушы орган ретінде команданы сақтап қалуға бар күшімізді салдық. Қолымыздан келгенше қаржыландыру, ұйымдастыру мәселелерін шешуге атсалыстық. Алдағы уақытта көптеген жеңістермен қуантатын күндер көп болады деп сенемін», — деді облыс басшысы.

Облыс әкімі «Ақтөбе» командасының ойыншыларына чемпиондық медальдарды табыстады.

«Ақтөбе» футбол командасының басқарма төрағасы Артур Смағұлов, бас жаттықтырушының міндетін атқарушы Владимир Зеленовский облыс басшысына көрсеткен қолдаулары үшін алғыс білдірді.

«Сіздің қолдауыңызбен команда еңсесін тік көтере бастады. Салық, басқа да берешектермен түгел есептестік. Одан бөлек Орталық стадион команданың сенімгерлік басқаруына өтіп, облыстық балалар мен жасөспірімдер мектебі жаңартылды. Спортқа қажетті құралдармен жабдықталды», — деді Артур Смағұлов.

Бұдан соң команда капитаны облыс әкіміне футболшылардың қолы қойылған допты естелікке сыйға тартты. Айтып өтетін жәйт, қазіргі уақытта «Ақтөбе» футбол командасының 60 пайызы жергілікті ойыншылардан құралған.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button